«SMART Рухани жаңғыру» мобильді қосымшасы таныстырылды

«Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында «SMART Рухани жаңғыру» мобильді қосымшасы жобасының əзірленгендігі туралы облыс әкімінің орынбасары Айна Мысырәлімова және «ІТ-Expert.Asia» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры Алексей Николаевтың қатысуымен өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте айтылды.

– Қазіргі жаһандану заманында әрбір ұлттың өзін-өзі тануға ұмтылуы – заңдылық. Осы орайда, Мемлекет басшысының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласы рухани серпіліске жол сілтеуші бағдар болмақ, – дей келе облыс әкімінің орынбасары Айна Мысырәлімова бағдарлама шеңберінде аймақта атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды. Облыс әкімі орынбасарының айтуынша, Елбасының бастамасымен қолға алынған «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасы шеңберінде өңірімізде бірқатар жобалар жүзеге асырылуда. Олардың арасында «Ашық әкiмдiк», «Smart денсаулық сақтау», «Smart бiлiм беру» сияқты бірқатар жобалар бар. Енді міне, «Рухани жаңғыру» бағдарламасы шеңберінде «SMART Рухани жаңғыру» мобильді қосымшасы жобасы әзірленіп отыр. Брифингте айтылғандай, жобаны облыстық ішкі саясат басқармасының мемлекеттік тапсырысы шеңберінде «ІТ-Expert.Asia» серіктестігі жүзеге асыруда.
– Ақмола облысының туристік және мәдени әлеуеті туралы теңдесіз цифрлық контенттің мүмкіндігі зор. Онда көрікті және киелі жерлер, аңыздар мен жырлар, мұрағат суреттері кәсіби авторлық мазмұндама сипатында сапалы құрылған материалдар қамтылған. 360 градустық бейне-ролик смартфон және жеке компьютер арқылы қолжетімді, – деді Айна Мысырәлімова.
Жобаның нақтылы мүмкіндіктері туралы «ІТ-Expert.Asia» серіктестігінің директоры Алексей Николаев баяндап берді. Жоба авторының айтуынша, оны жасау барысында картасы бар «Web-сайт», «Интерактивті жол сілтеуші», «360 градустық» бейне-ролик тәрізді құралдар қолданылып, ол интерактивті панелге орналастырылған.
– Нақтылы геомәліметттер, мәтіндік жазбалар, сондай-ақ, фото, бейне-контент, интерактивті туристік бағыттар, GPS таңба, облыстағы жаңалықтар туралы PUSH ескерту тәрізді бұдан өзге мүмкіндіктерге турис-тер осы интерактивті жол сілтеуші арқылы қол жеткізе алады. Мұның ең басты артықшылығы қолданушыға жүретін жолын алдын ала ұсынудың қажеті жоқ, ол өзі интерактивті карта арқылы қажетті кез келген бағытты таңдай алады, – дейді Алексей Николаев.
Сонымен қатар, ол бұл цифрлық контентке Ақмола облысындағы 44-ке жуық киелі орындар енгізілгенін, алдағы уақытта оның саны 200-ге дейін жеткізілетіндігін атап өтті. Бұл қосымшаны кез келген адам смартфон арқылы жүктеп ала алады. Ең қызығы, мұндағы бейне-роликтегі нысандарды 360 градусқа айналдырып көруге болады.
Бұған қоса, «SMART Рухани жаңғыру» мобильді қосымшасы жобасы өзінің электронды қолданушыларына қажетті қосымша мүмкіндіктер ұсынады. Кәсіби дикторлар сөйлейтін мульти тілді аудио гидтер, интерфейс және контенттерді қазақша, орысша, және ағылшынша аударатын бағдарламалар бар.
– Ең бастысы, бізде қандай да жұмысты нәтижелі жүзеге асыратын мүмкіндік бар. Осыны терең ұғынған жағдайда ғана біз Елбасының халық игілігі үшін қойып отырған міндеттерін абыроймен атқара аламыз, – деп жиынды қорытындылады облыс әкімінің орынбасары А.Е. Мысырәлімова.
Брифинг соңында журналистер спикерлерге өңірде «Рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асыру барысына қатысты сауалдарын қойып, жауаптар алды.
Аслан ОСПАНОВ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.
Суретті түсірген Берік ЕСКЕНОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар