«Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында Шортанды ауданының Күлшін ауылында жаңа футбол алаңы салынып, ауыл тұрғындарын қуанышқа бөледі.
25 жыл Ключи орта мектебінде директорлық қызмет атқарған ұлағатты ұстаз, білікті басшы Имекен Омарұлының 100 жасқа толуына орай немересі Асхат Омаров ауыл балаларына футбол алаңын тарту етті. Бар ғұмырын ұрпақ тәрбиесіне арнаған ұлғатты ұстаздың ұрпақтары Имекен Омарұлының туған ауылына деген сүйіспеншілігін жалғастырып отыр. Шағын болса да, шырайы мен шаттығы кетпеген бұл ауылда енді жастар мен балалардың бос уақытын спортқа арнап, салауатты өмір салтын ұстануға үлкен мүмкіндік туды.
Спорт алаңының ашылу салтанатына аудан əкімінің орынбасары Ерлан Мұхамедин, Асхат Омаровтың анасы Бақыт Əлмұхамедқызы, Имекен Омарұлының қызы Зара Омарова, немересі Дастен Омаров қатысты.
Футбол алаңының салтанатты ашылуынан соң Бозайғыр, Төңкеріс жəне Агротехникалық колледж оқушылары арасында футболдан турнир өтті. Тартысты да тартымды өткен сайыс көрермендердің көңілінен шығып, ауыл тұрғындары мен қонақтарды бір серпілтіп тастады. Турнир қорытындысы бойынша жеңімпаз командаға кубок табыс етілді.
Гүлзияш ҚАБДЕШОВА.
Шортанды ауданы.