Жалпыхалықтық Диктант

Jalpyhalyqtyq Dıktant

Қазақстан бойынша «Рухани жаңғыру» бағдарламасы тақырыбында латын графикасындағы әліпбиге негізделген жалпыхалықтық диктант біздің

Ақмола облысы бойынша да асқан зор ұйымшылдық жағдайда өтті. Бұл шараға облыс бойынша 102 мың 500 адам қатысып, латын графикасына көшуге өздерінің қазірден даярлықтары мол екендіктерін көрсетті.

Жанайдар Мусин атындағы Көкшетау қазақ жоғары педагогикалық колледжінің оқытушылары мен студенттері Қазақстан бойынша онлайн режимінде латын графикасы негізінде жазылған жалпыхалықтық диктант жазуға қатысып, осы игі бастамаға қызу қолдау көрсетті.

Жалпыхалықтық диктант жазу Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігі Тіл саясаты комитетінің төрағасы Қуат Борашев, А.Байтұрсынұлы атындағы Қазақ тіл білімі институтының директоры Ерден Қажыбек, Баку мемлекеттік университетінің профессоры Фируза Ағаева қатысқан «Латын әліпбиіне көшу – қазақ тілінің жаңа белесі» атты республикалық конференцияда белгілі болған еді.
Сонымен, барлық өңірлерде бір мезетте сағат 11.00-де онлайн байланыста диктант жазу басталды.
Бұл игі шара аталмыш колледжде де жоғары дәрежеде ұйымдастырылды. Оған колледждің 80-ге жуық оқытушылары мен студенттері, барлығы 500 адам қатысты. Олар колледждің 80 орындық оқу залы мен 11 кабинеттерінде диктант жазды.
– Бізге екі ауысымда диктант жазуға рұқсат берілген. Бірінші ауысымда бір мезетте 350 адам, түстен кейінгі студенттерді қосқанда жалпы 500 адам қамтылды. Оған іс-тәжірибеде жүрген 2-3-курстың студенттері де қатысып отыр. «Рухани жаңғыру» тақырыбындағы диктант онлайн режимінде 80-90 сөзден тұратын жарты сағатқа арналған мәтін. Бұл алғаш рет қолға алынып отырғаннан кейін қатысушыларға арнайы жазу парақтары мен әліпби таратылды. Жалпы, колледжде латын әліпбиі бойынша өткен жылдан бері көптеген шаралар өткізілді. Бізде арнайы факультатив, оқытушыларға, қызметкерлерге арналған курстар, студенттер арасында іс-шаралар өткізіліп, өзіміз де латын әліпбиіне кәдімгідей үйреніп қалдық. Мәселен, бір күнді толық «Латын әліпбиін қолданамыз» деген тақырыпқа арнадық. Жалпы, біз латын әліпбиін насихаттауда, өзіміздің әлеуметтік желіде студенттердің, топ жетекшілерінің арасында латын әліпбиін қолдану мәселесі жиі көтерілді. Біз қазақ оқу орны болғаннан кейін оқытушыларымыз осы бағыттағы облыстық, қалалық іс-шараларға өте белсенді қатысты. Өйткені, оны алдымен біздің оқытушылар немесе осы жерде білім алып жатқан болашақ біздің қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімдері насихаттауы парыз екенін жақсы түсінеміз. Сондықтан, мұндай жұмыстар жыл бойы өткізіліп келеді, – дейді Жанайдар Мусин атындағы қазақ жоғары педагогикалық колледжі директорының оқу жұмысы бойынша орынбасары Тілек Сәбитова.
Иә, осыдан кейін латынға көшу – заман талабы, әрі ел үшін маңызды екені айтпаса да түсінікті болып отыр.
Асылай ҚАДЫРҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.
Суретті түсірген Берік ЕСКЕНОВ.

 

Зеренді ауданында жалпыхалықтық диктантқа барлығы 5500 адам қатысып, латын графикасымен жазуға өздерінің бейімделіп қалғандықтарын дәлелдеді.

Аталған құжатқа қатысты ел тұрғындарына ақпараттар беру, түсіндіру жұмыстарын жүргізу мақсатында ағымдағы жылдың 14 қарашасы күні «Қазақ тілі әліпбиін латын графикасына 2025 жылға дейін кезең-кезеңмен көшіру іс-шаралары жос-парына» сәйкес бүкіл республикамыздың аумағында латын графикасы бойынша жалпыхалықтық диктант жазу Зеренді ауданында да белсенділікпен жүзеге асырылды.
Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасы – тарихи құжат. Бұл құжатта латын әліпбиіне көшу туралы нақты міндет қойылды. Жаңа әліпби-жаңғыртудың қайнары. Әліпби арқылы ұлттық сана күшейеді. Әлемде болып жатқан жаңалықтар осы жазу арқылы қабылданады. Сондай-ақ, бұл әліпби қазақ тілінің төл табиғатын сақтауға мүмкіндік береді. Ел болашағы – жас ұрпақтың қолында. Латын қарпіне көшу олардың білім және ғылым жолындағы ізденістеріне жол ашады. Бұл – Қазақстан үшін дамыған отыз елдің қатарына қосылу бағытындағы игі қадам. Рухани жаңғыру қазақ елінің жарқын болашағы» деген 78 сөзден тұратын диктантты жазуға өңір бо-йынша барлығы 5500-ге тарта адам қатысты.
Республикалық деңгейдегі танымдық шараның өтетіні туралы аудандық баспасөз беттерінде алдын ала ақпарат беріліп, ұйымдар мен мекемелерге хабарламалар жасалды.
Аудандық «Тілдерді оқыту» мемлекеттік мекемесінің бекіткен арнайы шарттарына сәйкес диктант алушы мұғалімдер қатысушыларға алдын ала үш мәрте оқып шықты. Диктант жазуға қатысушылардың арасында жалпы білім беретін мектептің ұстаздар ұжымы, оқушылар, ата-аналар, Шағалалы агробизнес колледжінің мұғалімдері мен студенттері, құқық қорғау, медицина салаларының қызметкерлері, аудандық кәсіпорын-мекеме, ұйымдардың өкілдері, ауылдық округтердің тұрғындары да болды.
Шараға қатысушыларға көмекші құрал ретінде латын графикасына негізделген қазақ тілінің әліпбиі парақшасы үлестірілді. Ұйымдастырушылардың жалпы мәліметтері бойынша диктант қорытындысына «қанағаттанарлық» деген баға берілді.
Қайрат ҚАЗИАҚПАРОВ.

Ақмола облысы бойынша мемлекеттік кірістер департаментінің қызметкерлері жалпыхалықтық диктантқа белсенділікпен қатысты.

Мемлекеттік кірістер департаментінде латын әліпбиінің оқылуы мен жазылу ерекшеліктерін түсіндіру бойынша алдын ала ауқымды дайындық жұмыстары жүргізілді. Бұл орайда Ақмола облыстық оқыту-әдістемелік орталығының оқытушылары Ботакөз Есімова мен Дидар Жапарова тыңғылықты жұмыстар атқарды. Осының нәтижесінде диктантқа қатысқан салық, кеден және экономикалық тергеу қызметінің жүзден астам өкілі жауапты сында жоғары баға алды. Сондай-ақ, республикалық диктанттың қаржы қызметкерлерінің кәсіби мерекесі қарсаңында өткізілуі есте қаларлық оқиға саналады.
Латын қарпіне көшу – қоғамдық рухани жаңғыру идеясы негіздерінің бірі. Бұл Қазақстан үшін дамыған отыз елдің қатарына қосылу бағытындағы игі қадам. Әліпби арқылы ұлттық сана күшейеді.
Латын қарпіне көшу жаңа білімді игеру және уақыт үрдісіндегі цифрлық технология үрдісін қабылдауды жеңілдетеді.
Бұл латын әліпбиін насихаттаудың кең таралуына бағытталған бірінші жалпыреспубликалық акциясы. Қазақ әліпбиін латын графикасына көшіру 2025 жылға дейін үш кезеңде атқару жоспарланып отыр.
Нұрлан Ысқақов,
Ақмола облысы бойынша мемлекеттік кірістер департаментінің баспасөз қызметі.

«Қазақстан темір жолы» Ұлттық компаниясы» акционерлік қоғамы Ақмола филиалының қызметкерлері латын әліпбиі бойынша өткізілген жалпыреспубликалық диктантқа қатысып, өздерінің білімдері мен біліктіліктерін көрсетті.

Шара белгіленген уақытта басталып, оған елуге тарта темір жол саласы қызметкерлері қатысты. Персоналды қызмет бөлімі басшысының орынбасары Алмагүл Шіркімбайдың айтуынша, осыдан екі күн бұрын ғана хат келіп, жалпыреспубликалық диктант өтетіндігі ескертілген. Соған орай, қызметкерлер алдын ала дайындалып үлгермеген. Дегенмен, диктант барысында оған қатысушылардың бәрі де белгіленген уақытта оқылған мәтінді латын әліпбиімен жазып шықты. Мәтін үш рет оқылды. Алдымен тыңдап алу, содан кейін жазу, соңғы рет қатені түзету үшін. Диктант жазу айналдырған он бес минуттың ішінде аяқталды.
Шараны ұйымдастырушы, кадр бөлімі-нің бас маманы Әлия Шәуалиева диктант мәтінінің алдын ала берілмегендігін, соған орай, қатысушылар аздап асып-сасқандарымен, белгіленген уақытта жазып тапсырғандарын айтып, ризашылығын білдірді.
2025 жылдан бастап толық пайдалануға енгізіледі деп жобаланып отырған латын әліпбиін қаншалықты меңгергенімізді көрсететін алғашқы шара барысында байқалғандай, жаңа әліпбиді игерудегі алғашқы аяқалыс көңілден шығатындай деңгейде өтті.
«Арқа ажарының» өз ақпараты.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар