Қазақстан халқы Ақмола ассамблеясы жанындағы «Қоғамдық келісім» мемлекеттік мекемесінің қолдауыменен және Мейрамбек Қиықов төрағалық ететін облыстық «Қазақ тілі мен мәдениеті» қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыруымен «Рухани жаңғыру» жалпыұлттық жобасын және Қазақстан халқы Ассамблеясының «Қазақтану» жобасын жүзеге асыруға бағытталған көшпелі іс-шаралар өткізілді.
Ол барлық аудандар өкілдерінің қатысуымен Ақмола облысының бүкіл өңірлерін қамтыды. Осындай көшпелі іс-шараларының соңғысы Ерейментау және Целиноград аудандарының өкілдері біріктіріліп, Степногорск қаласында өтті.
«Қазақтану» жобасы Қазақстанда тұратын түрлі этнос өкілдерінің арасында қазақ халқының төл тарихын, дәстүрлерін, мәдениеті мен тілін, рухани және адамгершілік қағидаттарын насихаттауға, Ақмола облысы халқының рухани бірлігін қалыптастыруға бағытталған.
Бұл іс-шаралардың негізгі тақырыбы және идеологиялық өзегі ретінде – ұлы Абайдың «Қара сөздері» алынды.
Облыстық «Қазақтану» жобасының авторы, «Қазақ тілі мен мәдениеті» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Мейрамбек Қиықов бастаған ақпараттық-насихат тобының құрамында Қазақстан халқы Ақмола ассамблеясы жанындағы облыстық Аналар кеңесінің төрайымы Зере Қиықова да болды.
Өткен жылы қазақ халқының рухани құндылығы ретінде ЮНЕСКО-да тіркелген ұлттық асық ойынын насихаттау мақсатында «Бес асық» және «Асық ату» ойындары ұйымдастырылған болатын. Сапар барысында осы спорт сайыстарында көзге түскен Қазақстанның бірнеше дүркін чемпионы, Көкшетау қаласындағы №18 орта мектебінің 11 сынып оқушысы Құсайынова Томирис, асық атудан ел чемпионы Тимур Әбілов, осы спорт түрінен Көкшетау қаласының чемпионы Есбол Айтуардың қатысуымен шеберлік сабақтары өткізілді. Аталмыш спортшыларға Көкшетау қаласындағы №8 орта мектебінің «Асық ату» ойынының жаттықтырушысы Ақтөре Леспай жетекшілік еткен. Шеберлік сабағы степногорскілік мектеп оқушыларымен бірлесе ұйымдастырылды.
Қазақстан халқы Ақмола ассамблеясы жанындағы облыстық Аналар кеңесінің төрайымы Зере Қиықова Степногорск қаласының Достық үйі Аналар кеңесінің төрайымы Елена Абрицовамен кездесіп, жұмыс тәжірибелерімен бөлісе келе, жақын арада бірлесіп іске асыратын іс-шаралар жайын талқылады. Қаланың «Горняк» мәдениет сарайындағы керемет концерттік бағдарлама басым көпшілігін студент жастар және мектеп оқушылары құраған 600-ден астам адамды жинады.
Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген әртісі Бисара Мәкенова өзінің домбырамен шырқаған әуезді әндерімен степногорскілік өнер сүйер қауымның ыстық ықыласына ие болса, Көкшетау қаласының Достық үйі мәдени-бұқаралық бөлімінің маманы Нұрлыбек Романның қобызбен орындаған Ықыластың «Шыңырау» күйіне де көрермендер тік тұрып қол соқты.
Жиналған көпшілікке ұмытылмас мерекелік көңіл-күй сыйлау сияқты игі істе жергілікті әртістер де аянып қалған жоқ. Олардың ішінде көпшіліктің ерекше ықыласына бөленген Достық үйінің жеке ән орындаушысы Болат Қуаныш, эстрада орындаушыларының триосы, «Серпантин» спорттық және бал билерін орындаушылар тобының мүшелері, Степногорск қалалық мәдениет үйінің жанындағы халықтық балет студиясының өнерпаздары болды.
Сонымен қатар, шара барысында Ерейментау, Целиноград аудандары және Степногорск қаласының сәндік-қолданбалы өнер шеберлерінің бұйымдары қойылған көрме ұйымдастырылды.
Іс-шара қатысушыларының барлығы Қазақстан халқы Ақмола ассамблеясы және «Қазақ тілі мен мәдениеті» қоғамдық бірлестігі атынан грамоталар, алғыс хаттар мен естелік сыйлықтар алды.
Бақыт Мұхамедрахымова-Тасова,
Ақмола облысы әкімі аппаратының жанындағы «Қоғамдық келісім» мекемесінің баспасөз-хатшысы.