Мемлекет басшысының сиясы кеппеген жаңа «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласында түп тамырымызды білудің, ұлттық тарихымызға терең үңіліп, жаңғыру жолында жаңа қадамдар жасаудың маңызы жайлы баса айтылған.
Ұлтымыздың өркениет жолындағы ғұмыры, Ұлы даланың тарихи үздіксіз дамуын бірнеше дәйектемелер арқылы көз алдымызға келтіреді. Ұлттық жаңғыруға жол ашқан еліміздің сонау ғасырлардан келе жатқан мәдени жетістіктері даламызға сырттан келмей, керісінше, байтақ өлкемізден тамыр жайып, Батыс пен Шығыс, Күнгей мен Теріскейге таралғанын алға тартады.
Туған топырағымыздан табылған тарихи жәдігерлер Ұлы даланың жаhандық тарихтан ойып тұрып орын алатынын мойындатпай қоймайды. Бір ғана атты қолға үйретіп, түрлі мақсатта қолдана білген, бұрын-соңды болмаған жаңа құралдар ойлап тауып, ғылым үшін сенсация саналған «Алтын адамның» табылуы, ең көне жазу өнерінің бізде болғанының дәлелденуі әлемдік теңдессіз революцияға жол ашқан ата-бабамыздың салған сара жолына, ұлттық тарихымыздың көкжиегіне кеңінен көз тастап, терең зерделеуді талап етеді.
Тарих толқынындағы ақтаңдақтарды қалпына келтіру мақсатында іске асырылған «Мәдени мұра» бағдарламасының ізімен тарихи сананы жаңғырту мақсатында түрлі жобалардың қажеттігі көрінеді. Осы мақсатта Елбасымыз тарапынан өз мақаласында әлем бойынша еліктеуге лайықты Ұлы даланың ұлы тұлғалар шоғырын жасау үшін «Ұлы даланың ұлы есімдері» оқу-ағарту саябағын ашу, «Архив – 2025» жетіжылдық жобасын қолға алып, «Түркі өркениеті: түп тамырынан қазіргі заманға дейін» атты жобаның жүргізілуінің маңызын, мәңгі өлмейтін ұлттық аспаптармен орындалатын туындылар топтамасын жасап шығару, Ұлы даланың ұлттық мұрасын, санасын жаңғырту мақсатында халықтың танымында ерекше орын алатын кино өнері арқылы дәріптеу де көзделген.
Елбасымыздың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласының жалғасы ретінде жарық көріп, ел тарихы, болашағы жайлы қаншама құнды дүниелер қамтылған. Рухани түлеп, сана-сезімімізді жаңғырту үшін, ең әуелі, тарихымыз жайлы таптаурын қағидалардан, пікірлерден арылуымыз шарт. Көш басындағы елдермен тереземізді теңеп, иық түйістіріп, теңдей тұру үшін өзгеруді өзімізден бастауымыз керек. Өткенімізбен санаса отырып, жаңа дәуірдің жағымды жақтарын бойға сіңіріп, жас ұрпаққа мол мәдени мұраны жеткізе білу – бүгінгі күннің талабы.
Бәтжан МӘЖИТОВА,
Қорғалжын аудандық тілдерді оқыту орталығының директоры.