Өңірлік коммуникациялар қызметінде Ақмола облысы бойынша Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа
қарсы іс-қимыл департаменті басшысының орынбасары Райхан Братаева мен мемлекеттік қызмет саласындағы бақылау басқармасының басшысы Қайыржан Сұлтанғазиев журналистермен өткізген брифингте қызметтік міндеттерді атқаруға байланысты сыйлық қабылдау бойынша мемлекеттік қызметшілердің жемқорлыққа қарсы шектеулері және «Рухани жаңғыру» бағдарламасының «Өзгерістерді өзіңнен баста» кіші бағдарламасын жүзеге асыру барысы жайында баяндап берді.
Брифингте алдымен «Рухани жаңғыру» бағдарламасының «Өзгерістерді өзіңнен баста» кіші бағдарламасын жүзеге асыру барысы айтылды. Райхан Братаеваның айтуынша, биылғы жылдың мамыр айынан бастап, мемлекеттік қызметшілердің клиентке бағдарлану, есту және сөйлеу қабілеті шектеулі азаматтарға көрсетілетін қызметтер сапасын арттыруға бағытталған «Сөйлейтін қол» жобасы іске қосылды.
Жобаны жүзеге асыру мақсатында аудандық және қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің мамандары енгізілген қызмет берушілер пулы құрылып, жұмыс істеуде. «Қазақ саңыраулар қоғамы» қоғамдық бірлестігі облыстық филиалының қолдауымен пул мүшелеріне «Коммуникацияның альтернативтік (ым) жүйелері» тақырыбына мемлекеттік қызметшілердің біліктілігін арттыру семинары ұйымдастырылды.
– Жұмысқа ым тілі, психология, дефектология және басқа сала мамандары қатыстырылды. Өткізілген семинардың басты шарттарының бірі жұмыс орындарында практикалық дағдыларды міндетті қолдану, ашық болуға даярлық болып табылады. Осыған байланысты жүргізілген «ым тілін» білу деңгейін бағалау «құпия қызмет алушы» әдісі қызмет алушылар тарапынан оң бағасын алды, – дейді Райхан Братаева.
Осы ретте, Ақмола облысы бойынша Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаменті мен Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының Ақмола облысы бойынша филиалы бірлесіп, «ым тілінің негізі» тақырыбында семинарды қолға алды. Осының арқасында облыстың барлық өңірлеріндегі 804 мемлекеттік қызметші қайта даярлау және біліктілігін арттыру курстарынан өткен.
Сонымен қатар, брифингте мемлекеттік қызметшілерге сыйлық қабылдауға қойылған шектеулер түсіндірілді.
– Осыған дейін департамент өңірдің мемлекеттік органдарына мемлекеттік қызметшілердің жемқорлыққа қарсы шектеулерді сақтауы туралы хат жолдаған болатын. Оның ішінде қызметтік өкілеттікті орындау кезінде сыйлық алмауына және келісімсіз берілген сыйлықты жеті жұмыс күн ішінде арнайы мемлекеттік қорға тапсыру қажет, – дейді Қайыржан Сұлтанғазиев.
Сонымен қатар, ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің тапсырмасына сәйкес аталмыш департамент қоғам өкілдерімен бірлесіп, тұрақты түрде Ақмола облысының мемлекеттік органдарында алдын алу шараларын жүргізіп келеді. Мемлекеттік қызметшілер арасында түсіндіру жұмыстарын жүзеге асырады.
– Мемлекеттік қызметкерлерге өздерінің мемлекеттік немесе соған теңестірілген функцияларын атқаруға байланысты қызмет бабында өздеріне мемлекеттік қызметшілерден және өзге адамдардан сыйлықтарды немесе көрсетілетін қызметтерді қабылдауына тыйым салынады. Мемлекеттік қызметшінің келісімінсіз берілген, сондай-ақ, оның тиісті функцияны орындау кезінде алған сыйлық жеті күннің ішінде қайтарымсыз арнайы мемлекеттік қорға тапсырылуы тиіс, – дейді Қайыржан Сұлтанғазиев.
«Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметі туралы» ҚР Заңына сәйкес сыйлық алу және беру мемлекеттік қызметтің беделін түсіретін тәртіптік қылмыс ретінде қарастырылады. Бұған жол берген мемлекеттік қызметші заңмен тәртіптік жауапкершілікке тартылады, тіпті болмаса, мемлекеттік қызметінен қуылады. Сыйлық алған және бергені үшін тәртіптік жауапкершіліктен бөлек, әкімшілік және қылмыстық жауапкершілік қарастырылған. Аталған заң бұзушылықтар жемқорлық болып саналады.
Брифингте айтылғандай, жыл басынан бері департамент қызметкерлері тарапынан өкілетті немесе соған теңестірілген функцияларды атқаратын тұлғаларға заңсыз материалдық сыйақы берген жеке тұлғаларға қатысты әкімшілік құқық бұзушылық туралы 3 хаттама толтырылған. Ал, Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасы жолдаған материалдар негізінде лауазымды тұлғаға ұялы телефон сыйлаған екі тұлғаның үстінен ҚР ӘҚбК 676-бабы бо-йынша әкімшілік іс қозғалды. Нәтижесінде аталмыш тұлғалардың әр біреуі 240 500 теңге көлемінде айыппұл төледі. Сонымен қатар, сот кеңсесінің қызметкеріне 2 мың теңге ақша берген тұлға да әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Сот үкімімен аталмыш азамат ҚР ӘҚбК 676-бабы бо-йынша кінәлі деп танылып, 481 000 теңге айыппұл салынды.
Аслан Оспанов.
Суретті түсірген
Төлеген ҚОСШЫҒҰЛОВ.