Тұтынушылар көңілінен шықты

Өткен сенбі күні Көкшетау қаласындағы Тәуелсіздік алаңындағы «Алтын ғасыр» сауда үйінің алдында Ақкөл, Атбасар, Жақсы,

Бұланды аудандары және облыс орталығы ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерінің қатысуымен ұйымдастырылған азық-түлік өнімдерінің жәрмеңкесі тұтынушылар көңілінен шықты.

Тәуелсіздік мерекесі қарсаңында ұйымдастырылған, көкшетаулықтар тағатсыздана күткен ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесі бұл жолы да әдеттегідей аса ұйымшылдықпен өтті. Бұл күні таңғы сағат тоғыздан орталық алаңға ағылған халықтың қарасы көп болды. Бірі базар бағасынан арзан азық-түлік іздесе, енді бірі қысқа осы бастан қамданып қалуға асыққандай. Жыл сайын облыс орталығында өтіп тұратын жәрмеңкелер шарықтап бара жатқан бағаны аз да болса тежеуге игі ықпалын тигізіп отырғандығы жасырын емес. Бұл жолы да сол дәстүр жалғасын тапты. Жәрмеңкенің өту барысын облыс әкімі Мəлік Мырзалин аралап көріп, азық-түлік бағасы мен сапасына назар
аударды. Жəрмеңкеде ұсынылған азық-түлік бағасы қала базарлары және дүкендерімен салыстырғанда 15-20 пайыз арзанға сатылды. Қала тұрғындары жұмыртқа, ет, сүт, картоп және ұн өнімдерін молынан сатып алды. Саудаға шығарылған азық-түлік өнімдерінің бағасы да көңілге қонымды. Сиыр етінің келісі 1250 теңгеден сатылса, қаздың етін 1200 теңгеден сатып алуға болады.
– Бұл жолғы жәрмеңке көңілімізден шықты. Өзіміз қалаған азық-түлік өнімдерімізді сатып алдық. Оны ұйымдастырушыларға зор ризашылығымды білдіргім келеді, – дейді Көкшетау қаласының тұрғыны Күләш Байболова.
Сонымен қатар, аудандардан ат терлетіп келген ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілердің де көңіл-күйі көтеріңкі болды.
– Біз əрине, облыс орталығына өз өнімдерімізді əкелгенге қуанамыз. Мұнда сауда орнына ақша төлемейміз. Ең бастысы, қалалықтардың біздің тауарларға сұранысы жоғары, – дейді Жақсы ауданынан келген Қанат есімді саудагер.
Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының мәліметі бойынша, бұл жолы жәрмеңкеге жалпы құны 43 миллион теңгенің 40 түрлі азық-түлік өнімдері әкелінген. Нақтылап айтатын болсақ, 22 тоннаға жуық ет пен шұжық, 5 тонна балық, 150 мың дана жұмыртқа, 6 тоннадан астам сүт өнімдері және өзге де ауыл шаруашылығы өнімдері жеткізілді.
Желтоқсанның ызғарына қарамастан, жұрт легінің таңертеңнен бір толастамауының өзі ажарлы да базарлы жәрмеңкенің көпшіліктің көңілінен шыққанын көрсеткендей. Аталмыш аудандар мен Көкшетау қаласы өнерпаздарының концерттік бағдарламасы жәрмеңкенің ажарын одан сайын аша түскендей болды.
Осы орайда, айта кету керек, жақында облыс əкімдігінде өткен мәжілісте өңірде əлеуметтік маңызы зор азық-түлік тауарлары бағасының өсуіне жол бермеу шаралары талқыланған еді. Онда бағаны тұрақтандыру мақсатында өңіраралық ауыл шаруашылығы кооперацияларын нығайту, мемлекеттік-жекеменшік əріптестік шеңберінде ауыл шаруашылығы өнімдерінің азық-түлік жəрмеңкесін жиі өткізіп тұру қажеттігі айтылды. Бұл жолғы жәрмеңке сол айтылған істің орындалу нәтижесі. Ендеше, алдағы уақытта да осындай жәрмеңкелер жиі ұйымдастырылып тұратыны көңілге сенім ұялатады.
Аслан ОСПАНОВ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Суреттерді түсірген Берік ЕСКЕНОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар