Біржан сал ауданы

Бүгін – Еңбекшілдер ауданының Біржан сал ауданы болып аталғанына бір жыл толып отыр.

Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың 2017 жылғы 13 желтоқсандағы Жарлығымен Ақмола облысының Еңбекшілдер ауданы Біржан сал ауданы болып аталған-ды. Бүгін соған тура бір жыл толып отыр.
Біржан сал ауданының өзіндік бай тарихы бар. 1920-1924 жылдардағы Қазақстанның әкімшілік-аумақтық бөлінісі бойынша аудан Қотыркөл болысы деп аталыпты. Орталығы бұрынғы Тоқсанбай байдың қыстағына жақын орналасқан Казгородок, қазіргі Үлгі ауылы болған. Аудан 1932 жылдан бастап Қарағанды, Солтүстік Қазақстан, Ақмола облыстарының құрамында болып, 1944 жылы Көкшетау облысына қарады.
Бүгінгі күні аудан Ақмола облысының аграрлық және индустриялық бағытта дамып отырған өңірі саналады. Халық шаруашылығында алтын кені орындары аса зор маңызға ие болды.
Біржан сал ауданындағы «Өркен-Атансор» аталатын Қазақстан-Үнді бірлескен кәсіпорнын Елбасы Н.Назарбаев салтанатты жағдайда іске қосқан болатын. Қазір мұнда айына 160 мың тонна шикізаттық темір рудасы өндіріліп жатыр. Яғни, кәсіпорын 1,5 миллион тонналық толық технологиялық қуатқа жоспарлы болжамнан анағұрлым бұрын жетіп отыр.
Ауданда 324 ауыл шаруашылығы нысаны жұмыс істейді (25 ауыл шаруашылығы тұтынушылар кооперативі). Жаңадан 7 шаруа қожалығы, 6 жауапкершілігі шектеулі серіктестік құрылды. Жыл басынан бері 17589,8 миллион (106,2 пайыз) теңгенің өнімі өндірілді.
Биыл 150599 гектар алқапқа 16 мың тонна сапалы тұқым себілді. Дәнді дақылдың әр гектарынан 15 центнерден астық бастырылды.
2018 жылдың 1 қарашасындағы дерек бойынша, барлық шаруашылықтарда мал басының өсімі тіркелді. Мұның ішінде 2017 жылдың сәйкес мерзімімен салыстырғанда ірі қара саны – 101,5 пайызға, қой мен ешкі 101,1, жылқы 106,9, құс саны 105,3 пайызға артқан. Ауданда 3840,8 тонна мал мен құс еті өндірілді. Бұл өткен жылдың сәйкес мерзімімен салыстырғанда 102,6 пайыздық көрсеткіш. Сондай-ақ, 180559,9 тонна сүт (102,6 пайыз), 249405 мың дана жұмыртқа ел игілігіне жаратылды.
Жыл басынан бері ауданда 1192,9 миллион теңгенің құрылыс жұмыстары жүргізілді. 2018 жылы бюджеттік инвестициялық ірі бес жоба жүзеге асырылуда. Сондай-ақ, жекеменшіктік 948 шаршы метр тұрғын үй салынды.
Ауданда жол құрылысы, сумен және жылумен қамту жүйелері, абатттандыру жұмыстары жоспарға сай жүргізілуде.
Бақберген Амалбеков,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар