«Рухани жаңғыру» бағдарламасы шеңберінде бұрынғы Мир көшесі Тәуелсіздік болып өзгертіліп отыр. Осыған орай, ұйымдастырылған салтанатты шараға аудан әкімі Мереке Мұстафин, аудандық мәслихат депутаттары, ауданның құрметті азаматы Иван Поздняков қатысып, құттықтау сөз сөйледі. Осы орайда, көше атауын өзгерту туралы мәдениет саласының ардагері Күләш Рақымжанов бірінші болып, ұсыныс жасағанын айта кеткен ләзім.
Салтанатты шара дәстүр бойынша домбыраның сазды үнімен ашылып, шашу шашылды, әрі қарай жергілікті көркемөнерпаздардың орындауындағы әсем ән мен мың бұралған биге ұласты. Жиналған қауым патриоттық нақыштағы әндермен сусындап, көтеріңкі көңіл-күймен тарқасты.