Жылдың жақсы жаңалығы

Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысымен Аршалы кентінде орналасқан жаңадан салынған №3 орта мектепке белгілі қоғам және мемлекет қайраткері Жұмабек Тәшеновтың есімі берілді. Бұл салтанатқа облыс әкімінің орынбасары Айна Мысырәлімова қатысты.

Аудан орталығында өткен салтанатты шараға Астана, Алматы, Көкшетау қалаларынан Ж.Тәшеновтың балалары мен немерелері, туыстары келді. Қазіргі заман талабына сай жаңадан салынған сәулетті мектепте оқушыларға сапалы білім алу үшін қажетті жағдайлардың бәрі де жасалған. Осы күні аудандық мәдениет үйінде кезінде қазақ жерін бөлшектеуге батыл қарсы шыққан ұлтжанды азамат Жұмабек Тәшеновтың өмірі мен қоғамдық қызметіне арналған республикалық ғылыми-практикалық конференция болды. Конференцияны ашқан облыс әкімінің орынбасары Айна Мысырәлімова қазақтың біртуар ұлы Жұмабек Тәшеновтың есімін есте сақтау жолында Ақмола облысында ауыз толтырып айтарлықтай көп істер атқарылып жатқанын атап өтті. Тәуелсіздік жылдарында облысымызда Ж.Тәшеновтың есімі 10 елді мекендегі көшелерге берілген екен. Тек Аршалы ауданында 4 көшенің есімі Жұмабек Тәшеновтың атымен аталады.
Конференцияда Ұлттық ғылым академиясының академигі А.Ғазалиев, ҚР Парламенті Мәжілісінің бесінші шақырылымының депутаты О.Асанғазы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, драматург, ақын Б.Әлімжанов, ҚР Білім және ғылым министрлігі ғылым комитеті төрағасының орынбасары Е.Садықов сөйлеп, қоғам қайраткері жайында мазмұнды баяндамалар жасады. Сонымен бірге, Ж.Тәшеновтың үлкен ұлы Саян Тәшенов және басқа туыстары да мемлекет қайраткерінің өмірі мен еңбегі туралы әңгімелеп берді.
Шара соңында жиналғандар Ж.Тәшеновке арнап ұйымдастырылған көрмемен танысты.

«Арқа ажарының» өз ақпараты.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар