Биылғы жыл ақмолалық диқандар 4,3 миллион гектар егістік алқабынан 5,6 миллион тоннадан астам астық жинады. Ақмола облысы – еліміздегі астық тасымалдайтын негізгі эскпортерлердің бірі. Жыл сайын 2 миллион тонна астық сыртқа шығарылады. Ал, Қазақстан аумағына 1 миллион тонна астық тасымалданады. Жыл басынан бері 2 миллион тоннадан астам астық экспортқа және Қазақстан аумағына жөнелтілген.
Орталық Азиядағы ең ірі құс фабрикасы
Индустрияландыру картасы аясында еліміздегі және Орталық Азиядағы ең ірі құс фабрикасы іске қосылды. Бұланды ауданында ашылған «Макинск құс фабрикасы» ЖШС жылына 50 мың тонна құс етін өндіруге қауқарлы. Бұл қуаттылығы, техникалық жабдықталуы және инвесторлардың құрамы жағынан бірегей жоба. Маңызды жобаны жүзеге асыру өңірде жаңа жұмыс орындарын ашып, өндірісті дамытуға серпін береді.
Сонымен қатар, аталған жоба Астана қаласы айналасында азық-түлік белдеуін дамытуға септігін тигізбек.
Кәуәп жасаудан рекорд орнатылды
Макинск құс фабрикасының ашылу кезіне кәуап пісіруден әлемдік рекорд орнатылды. Шараға қатысқан 300 кәуапшы арнайы жетекшінің пәрменімен 220 метрден астам кәуапты белгілі уақытпен аударыстыра отырып, қақтап шықты. Кәуап піскен соң Гиннестің арнайы өкілі Паулина Сапинскаяның бақылауында өлшенді. Өлшем 223 метр 65 сантиметрді көрсетті. Әлемдік рекорд жаңартылды.
Тарихи және мәдени 55 ескерткіш
цифрландырылды
«Ескерткіштер сыр шертеді» акциясы және қазіргі заманғы технология QR-кодтардың көмегімен өңірдегі киелі нысандар туралы ақпаратты цифрландыру бойынша облыста пилоттық жоба жүзеге асырылды. Жоба шеңберінде өңірдегі киелі 1032 тарихи және мәдени ескерткіштің 55-і QR-код арқылы цифр-
ландырылды. Олардың арасында Бурабай кентіндегі Абылай хан алаңы, Ерейментау ауданында XVIII ғасырда өмір сүрген қолбасшы, Бөгенбай батыр ескерткіші, Атбасар ауданындағы танымал жазушы Ілияс Есенберлин ескерткіші, Көкшетау қаласындағы Абылай хан, Ақан сері, Біржан сал, Ұлы Отан соғысының батырлары Талғат Бигелдинов пен Мәлік Ғабдуллин ескерткіштері және Көкшетау қалалық мұражайы бар.
Ботай – өркениеттің көне мекені
Ағымдағы жылдың шілде айында Бурабайда «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында «Ботай — Бурабай» археологиялық-этнографиялық мұражайы ашылды. Нысан сол дәуірдегі жеті баспанадан тұрады. Әр баспананың диаметрі 8-10 метрді құрайды. Үйлердің жертөлелері бір метр тереңдікте, ал жоғары жағы ағаштан қиылып салынған. Төбесі шөп, тері, балшық және сабанмен жабылған. Барлық үйлер жерасты жолы арқылы бір-бірімен жалғасады. Мұнда келген адам ескі дәуірге сапар шеккендей әсерде болады. Бұл мұражай ашылғаннан бері оны барлығы 5 мыңнан астам турист тамашалаған екен. Жобаның авторлары тарих ғалымдарының докторы, археолог, Ботай мəдениетін ашқан Виктор Зайберт пен «EQUUS» көркем кинотрилогиясының продюсері Нұрбол Баймұханов.
Жаңа кітаптар оқырмандарға жол тартты
Өңірде жаңа әдебиеттерді жарыққа шығару бойынша үлкен жұмыс атқарылып жатыр. Оның ішінде «Қазақстан мәдениеті қазіргі әлемде» арнайы жобасы аясында Лондонда ағылшын тілінде Сәкен Жүнісовтың «Zamanai and Amanai» повесі жарық көрді. Кеңес Одағының Батыры, жазушы Мәлік Ғабдуллиннің 11 томдық шығармалар жинағы және «Мәлік Ғабдуллин – Ұлы даланың мақтанышы» атты альбом-кітабы, профессор Қадыржан Әбуевтің «Ақмола облысының тарих және мәдениет қайраткерлері» атты библиографиялық очеркі шығарылды. Сондай-ақ, жазушы-публицист Жабал Ерғалиевтің «Әлемге! Ғарышқа! Болашаққа жол ашқан Тұңғыш!» кітабы мен «Ақан сері» жинағы, Ақмола облысы туралы «Жер жәннаты» атты қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде фотоальбомы оқырманға жол тартты.
Он нысан киелі орындар тізімінде
«Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» жобасы аясында киелі орындар тізіміне Ақмола облысынан он нысан енгізілді. Олардың арасында Құмай археологиялық-этнографиялық кешені, Абылай хан алаңы, Кенесары үңгірі, Оқжетпес тауы, Батығай, Қабанбай батыр мазар-кесенесі, Олжабай батыр, Науан Хазірет, «Беспақыр» және Баубек батыр кесенелері бар.
Кішкентай Бекмансұрдың рекорды
6 жасар ақмолалық Бекмансұр жеңіл автокөлікті 20 метрге дейін сүйреп, рекорд орнатты. Оқиға «Денсаулық күні» фестивалінде Целиноград ауданының Қажымұқан ауылында болған. Өзінің кішкентай болғанына қарамастан Бекмансұрды нағыз батыр деуге болады.
Дмитрийдің жеңісі ақмолалықтардың
абыройы
Ақмолалық Дмитрий Алексанин Индонезияда өткен жазғы 18-ші Азия ойындарында семсерлесуден чемпион атанды. Байрақты жарыста Дмитрийдің бағы жанып, жекелей есепте алтын, командалық есепте екінші орын алды. Әсіресе, оның финалда 2016 жылғы Олимпиада чемпионы оңтүстіккореялық Пак Сан Енді 15:12 есеп айырмасымен ұтқаны ұзақ уақыт жанкүйерлерінің есінде қалатыны сөзсіз.
Ақмоланың үш ұстазы
Мұғалім мәртебесін, беделін көтеруге бағытталған «Үздік педагог-2018» республикалық байқауына Ақмола облысынан қатысқан Көкшетау қаласындағы №1 мектеп-гимназиясының жоғары санатты физика пәнінің мұғалімі Назифа Закирова, Көкшетау қаласындағы дарынды балаларға арналған №3 облыстық мамандандырылған мектеп-интернатының жоғары санатты химия пәнінің мұғалімі Дана Ысқақова мен Щучинск қаласындағы экология және орман шаруашылығы колледжінің арнаулы пәндер оқытушысы Наталья Семкина «Үздік педагог-2018» құрметті атағына ие болып, облыс мерейін бір көтеріп тастады.
Облыстағы алғашқы ІТ мектеп-лицейі
Көкшетау қаласының Сарыарқа шағын ауданында ашылған білім ордасы жоба бойынша 900 оқушыға шақталған. Құрылыс жұмыстарына бюджеттен 1,5 миллиард теңге қаржы бөлінген. Бұл – өңірде ашылып отырған тұңғыш ІТ мектеп-лицей.
Халықаралық деңгейдегі шаңғы базасы
Щучинск қаласында шаңғы спортына арналған республикалық жаңа базаның ашылуы өтті. Жаңа трассаның мүмкіндіктерін халықаралық FIS турниріне қатысқан шаңғышылар алғашқы болып байқап көрді. Еліміздің 10 облысынан және Украина, Ресей мен Беларусь Республикаларынан келген 100-ге жуық спортшы бақтарын сынады. Жарыстар шаңғы спортының 6 түрі бойынша өтті.
Абылай алаңындағы
«Біржан-Сара» операсы
«Бурабай» Ұлттық саябағындағы Абылай хан алаңында ұлттық классика жауһары – Мұқан Төлебаевтың «Біржан-Сара» операсы қойылды. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев арнайы келіп тамашалаған қойылым ақмолалық көрермендердің көңілінен шықты.
Open Air форматында қойылған лирикалық-драмалық шығармада ақын, əнші-композитор Біржан сал мен дарынды айтыскер ақын Сараның айтысы туралы шынайы оқиға баяндалды. Төрт бөлімнен тұратын Біржан мен Сара операсы көрермендерді бірден баурап алды. Тыңдаушыларын елең еткізер сезім күшімен, лиризмімен, музыка тілінің дәстүрлі әуенділігімен, динамикалығымен, екі әншінің жеке бастарындағы трагедияны әлеуметтік-тарихи құбылыс пен тартыс деңгейіне көтере білген драмалық сюжеттегі жеке айтылатын ариялар мен ариозалар, би көріністері, қосыла әндететін дуэттердің әрқайсысын көрермендер зор қошеметпен қабылдады.
«Оқжетпес» Премьер-Лигаға
жолдама алды
Қазақстан чемпионатының бірінші тобында өнер көрсететін Көкшетаудың «Оқжетпесі» 31-інші турда Шымкентте жергілікті «Қыран» командасымен 3:3 есебімен тең ойнағаннан кейін 68 ұпай жинап, біріншіліктің аяқталуына екі тур қалғанда Премьер-Лигаға берілетін жолдаманы жеңіп алды.
Бұл – көкшелік футболшылардың өз тарихында Премьер-Лигадан бес рет шығып қалып, бес рет қайта оралуы. Бұл әрине, жанкүйер ретінде осы жолы жылдам оралғанына қуанамыз.
«Абылай ханның қара жолы»
экспедициясы
«Рухани жаңғыру» бағдарламасы шеңберінде ағымдағы жылы қыркүйектің 17-сі күні Бурабайдағы Абылай хан алаңынан сапарға шыққан «Абылай ханның қара жолы» экспедициясы 4300 шақырым «Көкшетау-Ақмола-Ұлытау-Түркістан» керуен жолымен жүріп өтіп, Көкшетауда мәресіне жетті.
Белгілі өлкетанушы жəне қоғам қайраткері Мұрат қажы Ыдырысұлы бастаған экспедиция мүшелерін көкшетаулықтар қалаға кіреберіс қақпаның алдында шашу шашып, сән-салтанатпен қарсы алды.
Тұңғыш рет өңірлік жәрмеңке-көрме өткізілді
Тұңғыш рет «Қазақстанның үздік тауары» байқауы шеңберінде «Ақмола өнімдері» өңірлік тауар өндірушілердің жәрмеңке-көрмесі өтті.
Ағымдағы жылдың 28 шілдесінде Ақмола облысы кәсіпкерлер палатасының ұйымдастыруымен өткен жәрмеңке-көрмеге облыстың әр өңіріндегі 100-ге жуық тауар өндіруші қатысты. Олардың арасында «Қазақстан Агро Инновациялық Корпорациясы» ЖШС, «Көкшетау сүт зауыты» ЖШС, «CAPITAL PROJECTS LTD» ЖШС, «ҚазОрман компаниясы» ЖШС, «Aurora Garden Group» ЖШС, «AZAM-KC» ЖШС және «Ижевский» өндірістік кооперативі сияқты тауар өндірушілер бар.