«Ақботаның» абыройлы белесі

Аршалы ауданында елді елең еткізген маңызды жоба жүзеге асырылуда.
Басты мақсат – тамшылата суару технологиясын енгізу арқылы суды үнемдеудің тұрақты жүйесін қалыптастыру.

Негізгі діңгегін «Ақбота» қоғамдық қоры мен үкіметаралық ұйымдар ұстап отырған жоба аталған ауданның 6 ауыл аймағын қамтып, оны іске асыруға кемінде 16 мың адам қатыстырылады. Бұған қосымша, Ақмола облысының үш ауданының тұрғындарын ауыз суды үнемдеу бағытындағы жаңа технология негіздерін оқытуға тартып, Астана маңындағы ауылдардың 30 мыңнан астам адамын ақпараттандыру жоспарланған.
– Кейде жаңсақ қадамдар жаңа бастамаларға жол ашатыны бар,-дейді «Ақботаның» жобалық қызметінің жетекшісі Татьяна Немцан. Астана су қоймасы 2008 жылы стратегиялық нысан дәрежесін алды. Мақсат белгілі болғанымен, көп ұзамай «медальдің екінші жағы» көрініс берді. Ауыл тұрғындары ауласындағы бау-бақша ауқымы күрт кеміді. Мәселен, Арнасай ауылында 2009 жылы 14 гектар осындай аумақ болса, 2010 жылы 2 есе азайып, бос жерлер көлемі көбейді. Жаз айларында су қоймасынан су алу тоқтатылысымен Арнасай ауылындағы су жүйесіне түсетін салмақ 3 есе артты. Оның үстіне, қолда бар желі бау-бақшаны суландыруға ылайықталмаған еді. Қарапайым есеп 0,12 гектар үшін әр отбасы 5 доллар жұмсауға мәжбүр болды. Бұл бір айда 120, ал жазғы маусымда 400 долларды құрайды. Су тапшылығы мен қымбатшылығы Аршалы ауданының өзге ауылдарын да тығырыққа тірегенін айту керек. Осыған байланысты біздің қоғамдық қор батыл қадамдар жасап, игі ұмтылыстарымыз мемлекет пен қоғамдық ұйымдар тарапынан қолдау тапты.
2009-2010 оқу жылында Арнасайдағы Вячеслав орта мектебінің екі жылыжайындағы 300 шаршы метр алаңда және ашық алаңдағы учас-келерде эксперименттік негізде тамшылата суару технологиясы қолға алынды. Сонымен қатар, Арнасай ауылындағы 10-16 жас аралығындағы 35 мүшесі бар «Жас Фермер Мектебінде» климаттық өзгерістерге байланысты мектеп және тұрғындар бақшасында көкөністерді тамшылата суару технологиясын ұйымдастыру мәселесі зерттелді. Белгілі ғалымдар мен мамандардың қатысуымен атқарылған жұмыс нәтижелері Қазақстанның солтүстік өңірінде су шығынын 2 есеге қысқартуға және арнайы алаңдарда өнімділікті анағұрлым арттыруға мүмкіндік барлығын дәлелдеп отыр.
Жоба жауапкершілігін жақсы түсінетін «Ақбота» қоғамдық қоры құнды істі қолға алғалы көптеген сенімді әріптестер құрамын топтас-тыра білді. Шеф-монтаж міндетін ойдағыдай атқарып жүрген «Жас Фермер Мектебіндегі» волонтерлер тобын айтпағанда, Арнасай ауылының 300 тұрғыны құрылтайшысы саналатын «Қайсар» ЖШС жұмысқа білек сыбана кірісіп кетті. Арнасайлықтар тұрмысы төмен, көпбалалы және жалғызбасты ауылдастарын 3 текше метрлік су жинағыштармен, су сорғыштармен, басқа да жабдықтармен қамтамасыз етуге көмектесуде. Соңғы екі-үш жылдың арасында Арнасай ауылында тамшылатып суару жүйесіндегі 160 учаске, Жібек Жолы, Волгодоновка, Михайловка ауылдарында, Бабатай стансасында және Аршалы кентінде 10 тәжірибелік учаске ұйымдастырылды. Сондай-ақ, 8 оқу семинары өткізіліп, жоба бойынша атқарылған жұмыс қорытындысын баяндайтын фильм, 12 беттік қазақ, орыс және ағылшын тілдеріндегі журнал, ғылыми негізделген күнтізбе шығарылып, кең ауқымды фотокөрме ұйымдастырылды. Мұның барлығы әлемдік «Мыңжылдық Тұғырнамасы» талаптарымен сәйкестендірілгенін де атап өту лазым.
Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті қорының, Жапония үкіметінің, БҰҰ шағын гранттарының иегері – «Ақботаның» абыройлы белестен көрінетіндігіне шүбә келтіре алмаймыз. Мұны жаңалыққа құштар жандардың жарқын істерінен байқауға болады.

Бақберген Амалбеков.

Аршалы ауданы.

 

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар