Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the blog2social domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114

Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114

Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wordpress-seo domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
«Жеті қазынамызға жанашыр болайық» - АРҚА АЖАРЫ

«Жеті қазынамызға жанашыр болайық»

Бурабай баурайында тәуелсіздік мерекесі күніне және жерлесіміз, атақты бүркітші Мәсіп Батырхановты еске алуға арналған «Қансонар-2018» халықаралық турнирі өткізілген болатын. Екі күн бойы зеңгір көкте қыран қалықтап, жалпақ жонда жүйрік тазы жүйткіп, адам айтқысыз қызық-думанға бөленді. Жеті мемлекеттің өкілі тамсана таңырқаған осы шарада жеті қазынамыздың жанашыры болып жүрген Оралбай Әбдікәрімұлымен жолығып, тілдескен болатынбыз.

–Құрметті Оралбай Әбдікәрімұлы, алдымен қазақтың төл иттері – төбет пен тазының талайлы тағдыры, бүгіні мен болашағы туралы сөз сабақтасақ деп едік. Бүгінгі күні қазақы иттердің саны азайып, бағзы замандағы бекзат тұқымының азып кетуі алаңдаушылық туғызып отырғаны рас қой.
–Иә, тіпті дабыл қағарлық деңгейде. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» және «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақалаларынан кейін біз біраздан бері қаузап келе жатқан өзекті мәселенің өңіне қан жүгірер деген үмітіміз мол. Кешегі кеңес заманында ұлттық байлығымыздың, бабаларымыздан қалған мол мұраның ысырап болғаны да рас. Соның кесірінен дала қадірін, дархан далада тіршілік құрған жылқымызбен жеті қазынаның бірі санатындағы – итімізді, яки, маң төбетіміз бен жүйрік тазымызды біржола ұмытуға таяу қалдық. Ен даланы жайлаған аруақты ата-бабаның қолғанаты болған, малын баққан, қотанын күзеткен, саятшылық салтанатын елден ерек еткен маң төбет пен жүйрік тазының тұқымы тұздай құрып кетуге аз қалды. Ұлы даланың ұлағатын, оның қайталанбас ғажайып, керемет көріністерін, сол даладағы дана халқымызбен бірге жасасқан ұлттық баға жеткізгісіз байлығымыз туралы Елбасы өте дөп айтып отыр. Қазір кез-келген дүниенің көзі жабылып, керегесінің сөгілуін кеңес өкіметіне жаба беретін әдет бар ғой. Бірақ, жылқының басына төнген нәубет пен қазақы иттің қабырғасын қаусатқан кесапат сол заманда орын алғандығын нақты деректермен айғақтауға болады. Мәселен, қазақы төбет пен тазының кереметтігін жеті қазынаның қасиетін жете таныған ата-бабаларымыз ғана емес, шетелдіктер де көрген. Шет жағасын. Соның өзінде тамсанған, таңданған. Орта ғасырда өмір сүрген итальяндық жиһанкез Марко Поло ұшы-қиыры жоқ ен далада ит жүгіртіп, құс салған ата-бабаларымыздың тылсымы мол, тамаша өнеріне әбден тәнті болған. Әсіресе, жүйрік иттер туралы жеріне жеткізе жазғанын барша жұрт біледі. Сол жел жетпес жүйрік иттеріңіз қазақы тазылар ғой. Ал, академик А.Слудский 1930 жылдардың соңына таман қазақ даласында шамамен төрт мыңнан астам тазы болғандығын тайға таңба басқандай етіп жазады. Ұлт басына төнген нәубет ықылым заманнан бері ата-бабамызға серік болған төбет пен тазының басына да төнді. Ит түгілі игі жақсыларымыздан да айырылып қалған жоқпыз ба? «Балапан басына, тұрымтай тұсына» ыдырай бір күндік жарық сәуле үшін ел бел асып кеткенде, оны ойлайтын шама болды ма? Міне, біздің ұлттық құндылықтарымыздың уысымыздан шығып кеткен тұсы осы кез. Егер олай болмаған күнде төрт мың тазыдан өрбіген тұқым қайда?! Жоқ қой! Ақ қашып, қызыл қуған үркіншілік заманда үдере көшкен елмен бірге, елдің алдындағы малға ілесіп шет елге ауып кетті. Адамның да асылы, төрт түліктің тәуірі, ақтылы малға абай болатын алмас азулы төбет те. Жұртта қалған итке ешкім көңіл аудармады. Шабатасын сүйрете келгендердің қол басындай қанденімен ылыққан тұқым оңа ма? Осы олқылықтың орнын толтыру үшін біз аңшылық туралы заңда таза қанды иттерді іріктеп, тұқымын жақсартып, көбейту туралы мәселені қолға алдық. Шынын айту керек, оған дейін қазақ төбеті мұндай қамқорлықтан қағыс қалып келді. Алдымен, ит тұқымын, оның стандартын анықтау керек болды. Бұл ұлан-ғайыр жұмыс болатын. Кәдімгі бір шөмеле шөптен жалғыз инені іздегендей, машақаты көп шаруа. Бірнеше өңірге арнайы экспедиция ұйымдастырдық. Осының тұрқы төбетке келеді-ау деген 600-ге жуық ит жиналды. Соншама иттің тек алпысы ғана таза тұқымды төбет болып шықты. Қалғандары будандасқан, тегі басқа, тұқымы күмәнді иттер. Көзі көрген куәгерлердің сипаттауынша, қазақтың маң төбетінің тұрқы ересен ірі, терісі мықты, жүні арасына ине өтпестей қалың болып келеді. Бет алды адамға үрмейді, қабамын деп ұмтылуды білмейді. Ал, бала-шағаға тіптен мейірбан. Солай бола тұра мал ішіне пиғылы жат, суық қолды сұғанақтарды өлсе кіргізбейді. Төбеттің маңдайына жазылған дүние де мал бағу, қотанды күзету, жеті атасынан бері осы жауапкершіліктің жүгін қия баспай атқарған. Бағзы заманда маң төбеттер үйшік дегенді білмеген. Арқаның атан түйені алып жығатын, түкірген түкірігің жерге мұз болып түсетін ақырған аяздарында қотан күзетіп, қар үстінде жатқан. Яғни, қазақ даласының табиғатымен бірге жаратылып, бар қиыншылығына көндігіп өскен ит. Ыстыққа да, суыққа да, аштыққа да төзімді. Кейбіреуінің салмағы жүз келіден де асып жығылады. Ал, жуан өңештен құмығып шығатын қаһарлы дауысы жеті қырдың астынан естіліп жатады. Қанша жерден айлалы, азулы болса да, қасқыр атаулы қазақы төбет жатқан қотанға ене алмайды. Міне, бағзы заманда ұлтымыздың ырысына қорған болған төл иттеріміздің тағдыры дәл осылай сабақталады.
–Енді осы мәселенің қиын түйінін шешіп, қалай жаңғыртуға болады. Ол үшін нақты не істеуіміз керек?
–Кез-келген мәселені қаржы шешетіндігі белгілі. Мен осы мәселені көтеріп Президент Әкімшілігі басшысының орынбасарына, ауыл шаруашылығы министрлігіне арнайы хат жаздым. Егер бағдарлама қабылданып, қолдау тапса, алдымен төбет пен тазының гендік қорын қалыптастыруды қолға алар едік және бұл мәселе бұрынғы қазақы ұғыммен қабыстырыла отырылып ғылыми-зерттеу жұмыстары арқылы қолға алынар еді. Асыл тұқымды иттердің таза тұқымын сұрыптап, генетикалық тұрғыдан топтастырсақ қана іс оңға басады. Қазіргі күні жер-жердегі ит жанашырлары ұстап отырған таза қазақы төбеттер белгілі. Бірақ, көп емес, сұрыптау арқылы ең үздіктерінен тұқым алып, санын көбейту керек. Ертеректе Ауыл шаруашылығы министрлігінің бұйрығымен қазақы төбеттің болмыс-бітімін екшейтін стандарт енгізілген болатын. Бұл стандартқа төбеттің барлық болмыс-бітімі кіреді. Ол төбеттер арнайы мемлекеттік қорғауға алынады. Қолда барды шашыратпай сақтап қалуымыз керек қой. Ал, тазылардың стандартын А.Слуцкий 1958 жылы бекіткен болатын. Ғалым қырықтан астам тазыға зерттеу жұмыстарын жүргізіп, таза қазақы тазының нақ өзі екендігін ғылыми түрде дәлелдеп берген екен. Қазіргі күні де осы стандарт бойынша жұмыс істеуіміз керек.
– Тазының өзін бірнеше түрге бөліп жатпай ма? Соның қайсысы таза қазақы тазы? Осы бір сауалдың ара-жігін ажыратып алған дұрыс шығар.
– Тазы халықтың өткеніне бейжай қарамайтын аға буынның кез-келгеніне таңсық емес. Мәселен өзім бала күнімде дегдар тазыны көп көрдім. Сұлулығы қандай, болмысы қандай, ал, мінезін тіпті сипаттауға сөз жетпейді. Таза қанды тазының келбетіне көзің тоймаушы еді ғой. Шіркіндердің дегдарлығы сондай, сыпа, талғампаз. Құтты иесінің өз мінезі тәрізді. Тамақты талғап ішеді, ешқашан аштығын білдірмейді. Қазір ғой тегі азған соң бұралқыға айналғаны. Таза қазақы тазының өзі емес, шата, тұқымы азған ит. Қорадағы тауықтың басып жатқан жұмыртқасын ұрлап жейтіндер де солар. Кейбір зерттеушілер қазақ даласында дегдар тазының пайда болуын ислам дінімен де байланыстырады. Кейбір дерек көздерінде қазақ даласына дін таратушы миссионерлермен ере келген деген де пікір бар. Мен айтар едім, мынау Солтүстік Қазақстан облысының Айыртау ауданындағы Ботай қорғанынан жылқының сүйегі табылып, ең алғаш тағы жылқыны қазақтың қолға үйреткені жалпақ жұртқа мәлім болып отыр ғой. Сол жылқымен бірге ит сүйектерінің, яғни, маң төбет пен құмай тазының сүйектерінің табылуы қазақы ит тарихының тым тереңде жатқандығын айғақтап отырған жоқ па. Негізінде, қазақ тазыны жарғақ құлақты және шашақ құлақты тазы деп екіге бөлген. Тұқымына орай құмай тазы, дүрегей тазы, қайыңқаптал тазы деп те аталады. Осы тазылардың ішінде алғыры қайыңқапталы екен. Жүйріктігі өз алдына, тұла бойындағы қайраты мен амал-айласының молдығы сондай, қасқырды да ала береді. Жалпы тазылар әр жердің өз ерекшелігіне орай бірнеше түрге бөлінеді. Мәселен, Сібір тазысы, Самарқант тазысы, Түркістан тазысы деп те аталады. Иттің дене бітімінің қалыптасуына өзі өмір сүрген ортаның табиғаты да әсер етпей қоймайды ғой. Самарқант тазыларының бойы тым биік емес, әйткенмен, сымбаты сұлу болып келсе, Атырау өңірінің тазылары шашақ құлақты болады. Ал, табиғаты қатал Сібір аймағының тазылары қақпан бел, ұзын мойынды, сүйір табанды, күшті болады. Жаратылысы солай. Осы аймақтардың ерекшелігіне байланысты тазыларды тау тазысы және дала тазысы деп те бөлуге болады. Дала тазысының кеудесі мен бөксесі бірдей. Мұндай тазыларға жылдамдық тән. Бірақ, сүйегі тым жеңіл, өзі өзге тұқымдастарына қарағанда нәзіктеу. Ілкідегі қазақ тазының мұндай түрлерін ши тазы деп те атаған. Ал, тау тазысы бөксе жағы биіктеу, аяғы сіңірлі, мойыны әнтек жуан болып қалыптасады. Егер жүректі болса қасқырға да ауыз салмақ. Қазір тазылардың шежіресі де жазулы. Генетикалық молекуласы арқылы ғылыми-зерттеу жұмыстары жүргізіліп, белгілі бір бәтуаға келген.
– Соңғы кезде ел өткеніне ой көзімен қарап, ұлттық құндылықтарымызға назар аударуда. Осы орайда, мемлекет қамқорлығынан бөлек өз ынта-ықыластарымен төбет пен тазы тұқымын көбейтуге ықылас білдіріп жатқан азаматтар бар ма?
– Бұл әрине, оңай-оспақ шаруа емес. Алдымен, таза қанды итті тауып алудың өзі қыруар қиыншылық тудырады. Тапқан күннің өзінде баладай әлпештеп бағып отырған итің таза тұқым ба, жоқ па, соған көңіл аударған ләзім. Халық білуі үшін біз әр жыл сайын әрбір облыста иттердің көрмесін ұйымдастырудамыз. Сол көрмелерде Ауыл шаруашылығы министрлігі бекіткен стандарттар бойынша іріктеледі. Ондағы негізгі мақсат қазақы ит тұқымының табиғи қалпын сақтау және қайта оралып сол нобайға келу. Шын мәнінде қазақтың маң төбеті иттің асылы әлемдегі ондыққа кіреді. Осы орайда, қызығушылық танытқандарға саятшылық өнерді насихаттайтын «Қансонар» журналын оқып көрулеріне болады. Елорданың іргесіндегі «Жібек жолы» ауылында қазақы төбет пен тазының көрмесін өткіздік. Халықтың қызығушылығы керемет болды. Өткенін сағынбайтын ел болмайды ғой. Тағы бір мәселе – насихат жұмысы. Ұлтжанды ұландардың санасында сәулесі қалған ақсүйек өнерді қаузай жазып, жеріне жеткізіп айта алсақ, әр қазақ ата-бабасынан бері босағасынан кетпеген өз итіне жанашыр бола алатындығына дау жоқ. Қарап отырсаңыз, кез-келген ұлт өзінің ұлттық құндылықтарымен мақтанады емес пе? Мәселен, іргедегі түркімендер өздерінің жылқысын айтқанда, бөріктері қазандай болады. Біз неге сан ғасыр бойы мал баққан, қотан күзеткен, сейіл-серуен құрған итімізді айтып мақтана алмаймыз.
– Соңғы жылдары бәйге тігіп ит төбелестіру деген табиғатымызға жат дағды етек алып бара жатыр. Қазақы азулы төбеттерді осындай бәсекеге қосу, ит бағуды кәсіпке айналдыру деректері де кездеседі.
– Бұл – өте жағымсыз жай. Рас, қазақтың таудай төбеті кез-келген итті қанжоса қылып талары, қалай да жеңіске жетері даусыз. Бірақ, атам қазақ бұл итті төбелестіру үшін емес, мал-жанын қасқырдан қорғау үшін серік еткен. Мамандардың айтуына қарағанда, тұқым сапасын, өжеттілігін анықтау үшін сараптама өткізген бір жөн. Ал, ақша үшін төбелестіру ақымақтық. Мұндайға ешқашан жол бермеу керек. Табиғаттың өзі тәрізді тұнық дүниені лайлаудың қаншалықты қажеті бар?!
– Әңгімеңізге рахмет!

Мемлекет және қоғам қайраткері, «Қансонар» аңшылардың қоғамдық бірлестігі мен
аңшылық-шаруашылығы субъектілері республикалық қауымдастығының басқарма төрағасы Оралбай ӘБДІКӘРІМОВ.

Сұхбатты жүргізген Байқал БАЙӘДІЛОВ.

 

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар