Прокурор назары
2024 жылдың ақпанында Көкшетау қалалық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау басқармасы жауапкершілігі шектеулі серіктестікке заң бұзушылықтарды жою туралы нұсқама берген.
Осы жылдың қаңтарында прокуратура нұсқаманың орындалуына жоспардан тыс тексеру жүргізді. Соның нәтижесі бойынша бұзушылықтардың толық жойылмағанын анықтады. Кәсіпорынға 200 АЕК, яғни, 786 400 теңге мөлшерінде айыппұл салынды. Сонымен қатар, компанияның жұмысын тоқтатты.
–Бұл ретте, әкімшілік іс жүргізу барысында уәкілетті орган процестік бұзушылықтарға жол берді. Атап айтқанда, ӘҚБтК-нің 741-бабы 1-бөлігі 15-тармақшасының талаптарын сақтамады. Бұл норма инвесторға қатысты әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс қозғау туралы шешімді прокурормен міндетті түрде келісуді көздейді, – дейді Ақмола облысының кәсіпкерлер палатасы директорының орынбасары Расул Сыздықов.
Айта кетейік, серіктестік ұлттық цифрлық инвестициялық платформа инвесторларының тізіліміне енгізілген. Бұл тізілім оның инвестор мәртебесін және әкімшілік іс жүргізу шеңберінде ерекше тәртіпті сақтау қажеттігін растайды. Палата сарапшылары инвестор өкілдерімен сот отырысына қатысып, оның барысында мемлекеттік органның әрекеттерінің заңсыздығын негіздеді. Прокуратурамен келісімнің болмауы істі қозғауды заңсыз етеді, яғни, айыппұл салу заңсыз болып табылады.
Нәтижесінде Көкшетау қаласының әкімшілік құқық бұзушылық жөніндегі мамандандырылған соты серіктестікке қатысты іс жүргізуді тоқтату туралы ұйғарым шығарды.
Ақмола облыстық прокуратурасы.
![]()

