Кәсіпкер көп балалы отбасына пәтер алып берді

Қорғалжын ауданының тұрғыны, кәсіпкер Дәлел Жүзбаев көп балалы отбасына өз қаражаты есебінен 3 бөлмелі пәтер сыйлады.

Президенттің «Болашақ» бағдарламасының стипендианты, «Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобасының қатысушысы Дәлел Жүзбаев өзінің қайырымдылық ісімен мақтанбайды. Керісінше, мұқтаж жандарға көмектесу кез-келген адамның парызы деп санайды. Сол себепті жыл сайын тұрмысы төмен отбасыларға көмектесіп отыруды дәстүрге айналдырған.
«Қорғалжын аудандық жастар ресурстық орталығына хабарластым. Ондағылар маған баспанаға мұқтаж көп балалы отбасын табуға көмектесті. Менің аталарым осында туып өскен. Атам тың игеру кезінде еңбекке ерте араласты. Бертін 2000 жылдары әкем екеуі ауданнан жер алып, өз кәсібін ашты. Кейін олар қайтыс болған соң, мен туған жеріме қайтып оралып, атам және әкем бастаған істі жалғастыруға бел будым», – дейді «Мирас-2000» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры Дәлел Жүзбаев.
Баспаналы болған Бақытгүл Қауысова мен оның алты баласының қуанышында жек жоқ. Қорғалжын аудандық жастар ресурстық орталығының мәліметі бойынша, бұл отбасы Ақмола облысына Алматыдан қоныс аударған және осы уақытқа дейін туысқандарының үйін паналап келген.
«Дәлел бізге жолығып, көп балалы отбасына көмектескісі келетінін, яғни, пәтер сатып әперетінін айтты. Мен лайықты отбасын табуға атсалыстым. Өз тарапымыздан достарыммен жиһаз, теледидар алып бердік. Мен бұл отбасына бұған дейін де көмір сатып алуға көмектесіп тұрдым», – дейді Қорғалжын аудандық жастар ресурстық орталығының директоры Әсет Даңғылов.
«Жақсының жақсылығын айт нұры тасысын», – демекші, осындай игі іске қол ұшын созып, алты бірдей бала тәрбиелеп отырған отбасына жайлылық пен қуаныш сыйлаған Дәлелдің жомарттығы өзгеге үлгі боларлықтай.
«Арқа ажарының» өз ақпараты.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар