Бірде-бір арыз-шағым мен өтініш назардан тыс қалмайды

Ақмола облысының өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаменті басшысының орынбасары Дархан Хайруллин азаматтардың өтініштерін қарау, олардың құқықтарын қалпына келтіру бағытындағы атқарылып жатқан жұмыстар туралы баяндап, журналистер тарапынан қойылған сауалдарға жауап берді.

Дархан Хайруллиннің айтуынша, биылғы жылдың басынан бері департаментке азаматтардан 108 шағым түскен. Олардың 88 пайызы жеке тұлғалардан болса, 14 пайызы заңды тұлғалардан, ал 6 пайызы мемлекеттік қызметшілерден түскен шағымдар. Департамент мамандары өз құзыреттері шеңберінде 66 шағымды қарап, 12 азаматтың құқықтарын қалпына келтірген.
Мәселен, Жарқайың ауданының бір тұрғыны ауыл шаруашылығы жерін басқа мақсатта пайдалануға рұқсат алу жөніндегі берген өтінішінің қанағаттандырылмағанын айтып, шағымданған. Осыған орай, департамент қызметкері жоспардан тыс тексеру жүргізіп, құзырлы органның әлгі азаматтың өтінішін негізсіз қанағаттандырмағандығын анықтады және мемлекеттік органдармен келісе отырып, жерді басқа мақсатта пайдалану жөнінде қаулы шығарылды.
Ал, Есіл ауданынан арызданған азамат Чернобыль апатын жоюға қатысқандығын, бірақ, сол үшін берілетін жәрдемақыны ала алмай жүргендігін айтып шағымданған. Осыған орай, департамент маманының араласуымен бұл олқылық жойылып, әлгі азаматқа жәрдемақы тағайындалды.
Сонымен бірге, мемлекеттік қызметшілердің арасында да өз құқықтарының бұзылғандығы жайында департаментке арыздану жайлары кездесуде. «Бізге мемлекеттік қызметшінің өз басшысының тағайындаған тәртіптік жазамен келіспеушілігі жөнінде жазған арызы түсті. Тексеру барысында тәртіптік жазаны тағайындау барысында жіберілген заңсыздық анықталды. Осыған байланысты департамент қызметкерінің ұсынысымен заңсыз актінің күші жойылып, мемлекеттік қызметшінің құқығы қалпына келтірілді» – дейді Дархан Хайруллин.
Департамент басшысының орынбасары жұртшылық тарапынан түскен бір де бір шағымның назардан тыс қалмайтындығын, заңсыздықтарға жол берілмейтіндігін айта келе, Digital Agent мобиьлді қосымшасы арқылы кез-келген адамның департаментке электронды форматта да арыздана алатындығын атап өтті.
Қалкөз ЖҮСІП,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар