Президенттіктен үміткерлер – ел ішінде

«Ауыл» патриясының үміткері Төлеутай Рахымбеков Семей өңірінде болып, еңбек ұжымдарымен кездесулер өткізді. Ғасырға жуық тарихы бар Семей құрама жем зауытында болған сайлаушылармен кездесуінде үміткер өзінің сайлауалды бағдарламасында қамтылған жайлар туралы жан-жақты айтып берді. Қазіргі күні елімізде өндірілген ауыл шаруашылығы өнімдерінің 30 пайызы ғана өңделеді. Қалғаны шикізат күйінде сатылады. Бұдан ауыл еңбеккерлері көп зардап шегуде. Үміткер өз бағдарламасында ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу жайына жете көңіл бөлгендігін айтты.
***
Сәдібек Түгелдің Шығыс Қазақстан облысындағы сайлауалды штабы мүшелері үміткерді қолдау мақсатында облыстық кітапхананың ұжымымен кездесу өткізді. Жиналғандарға үміткердің сенім білдірген өкілі Сәдібек Түгелдің сайлауалды бағдарламасы жайында жан-жақты баяндап берді. Бағдарламада қазақтың ұлттық бейнесін сақтауда үлкен рөл атқаратын тілді, салт-дәстүрді сақтау және дамыту мәселесіне жете көңіл бөлінген. Сонымен бірге, жастарымызды Батыстың лас идеологиясынан қорғау жайы да назарға алынған.
***
Президенттіктен үміткер Әміржан Қосановтың Нұр-Сұлтан қаласындағы сайлауалды штабы сайлауалды
насихат шеңберінде «Сайлаушылармен кездесу» акциясын өткізді. Үміткердің сенім білдірген өкілдері Абай көшесі мен Республика даңғылы бойындағы үйлердің тұрғындарымен кездесіп, әңгімелесті және үгіт-насихат материалдарын таратты. Еркін пікір алысу түріндегі кездесулер барысында тұрғындардың үміткерге деген талап-тілектері тыңдалып, болашақта назар алынатыны айтылды. Үміткерді қолдау бағытындағы мұндай акциялар еліміздің барлық аймақтарында жүргізілуде.
***
«Ақжол» партиясынан сайлауға үміткер ретінде тіркелген Дания Еспаеваның Қарағанды қаласындағы штаб мүшелері тұрғындармен, еңбек ұжымдарымен кездесулер өткізуде. Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты Азат Перуашев бастаған насихат тобында Мәжіліс депутаты Ерлан Барлыбаев пен «Ақжол» партиясы төрағасының орынбасары Дмитрий Васильев бар. Насихат тобы мүшелері Қарағандыдағы кездесулер барысында жұртшылық тарапынан көтерілген кейбір өзекті мәселелерді үміткерге жеткізетіндіктерін мәлімдеді.
***
ҚКХП-ның Қызылорда облыстық сайлауалды штабының жетекшісі Талғат Телеубаев және партиялық комитеттің белсенділері облыстық медицина орталығының ұжымымен кездесу өткізді. Партия өкілдері әлеуметтік-экономикалық сипаттағы мәселелерді көтеріп, сайлауалды тұғырнаманың негізгі бағыт-бағдары туралы айтып берді. Елдегі кедейшіліктің шынайы деңгейін қайта санауға және бұл құбылысты өзекті әлеуметтік мәселе деп тану қажеттігін атап өтті. Сонымен қатар, Талғат Телеубаев партия адам өмірінің сапасын арттыру бойынша мемлекеттік саясаттың іске асырылып жатқан стратегиялық басымдықтарын қолдайтындығын жеткізді.
***
Президенттіктен үміткер Амангелді Таспихов насихат тобының мүшелері Ақтөбе облысының Мұғалжар ауданындағы еңбек ұжымдарымен кездесу өткізді. Үміткердің сенімді өкілдері жиналғандар алдында Амангелді Таспиховтың сайлауалды бағдарламасы еңбек адамдарына жағдай жасауға бағытталғанын атап өтті. Сондай-ақ, ауыр өндірісте жұмыс істейтіндер арасында жазатайым жағдайлардың да азаймай тұрғанына алаңдаушылық білдірді. Кәсіподақ ұйымдарының мәліметі бойынша, жыл сайын елімізде отандық кәсіпорындарда 1,5 мыңнан астам адам жарақат алады екен. Сол себепті, жұмыс берушілер тарапынан жауапкершілікті күшейту қажеттігі айтылды.
***
Президенттікке үміткер Қасым-Жомарт Тоқаевтың республикалық қоғамдық штабының мүшелері Батыс Қазақстан облысында болды. Олар алдымен «Батыс Қазақстан машина жасау компаниясы» АҚ-ы ұжымымен кездесіп, үміткердің сайлауалды бағдарламасында назарға алынған негізгі міндеттер жайында баяндады. Бағдарламада ел экономикасын мұнай-газ сияқты шикізатқа тәуелділіктен арылтып, өңдеуші салаларды дамыту мәселесіне көңіл бөлінген. Осы бағыттағы атқарылатын нақты жұмыстар жөнінде штаб мүшесі Бақтықожа Ізмұхамедов баяндап берді.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар