Ақмола облыстық энергетика, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығының басқармасы жылу беру маусымының қорытындысы және алдағы жылу беру маусымына дайындық мәселесі жөнінде кеңес өткізді.
Облыстық табиғи монополияларды реттеу, бәсекелестік пен тұтынушылар құқын қорғау департаментінің басшысы Нұрлан Жалғасбаев, қала мен аудан әкімдерінің орынбасарлары, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы бөлімінің және жылумен қамтамасыз ететін кәсіпорындардың басшылары қатысқан кеңесті Ақмола облыстық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасының басшысы Иван Юрченко ашып жүргізіп отырды.
–2018-2019 жылдарғы жылу беру маусымы аяқталды. Жалпы, бұл маусым тұрақты өтіп, температура кестесі сақталды. Бу қазандықтарына уақытында отын тасымалданды. Алдыңғы жылдармен салыстырғанда, жылудың сапасына арызданған тұтынушылардың саны азайды. Бұл жергілікті әкімдіктер мен коммуналдық кәсіпорындардың бірлескен жұмысының нәтижесі. Олар қыс айларына нысандарды дұрыс дайындап, жылу беру маусымын ойдағыдай өткізді. Дегенмен, өткен жылу беру маусымында жылумен қамту бойынша коммуналдық қызметті тұтынушылардың бірқатар келіспеушілік жағдайы орын алды. Кәсіпорындар мен ұйымдар басшыларына жылумен қамтамасыз етудің сапасын жақсарту және келешекте мұндай жағдайға жол бермеу жөнінде ескерту жасалды,–деген басқарма басшысы жөндеу жұмысын уақытында әрі сапалы өткізу мақсатында облыстық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасы қалалық және аудандық әкімдіктердің ұсынысы негізінде Ақмола облысында алдағы жылу беру мау-сымына дайындық жөнінде шаралардың кешенді жоспарын жасағанын айтты. Жоспарға сәйкес, келесі жылу беру маусымына 663 жылу көзін дайындау және жылу жүйесін жөндеу қажет. Сондай-ақ, 2128 тұрғын үйдің, 558 денсаулық сақтау мен 704 білім саласы нысандарының жылу жүйесін дайындау керек. Жылу беру маусымының басында облыс бойынша 225 мың тонна көмір мен 10 мың тонна мазуттың екі айлық қорын жасау қажет. Жалпы қыс айларында 730 мың тонна көмір, 40,8 мың тонна мазут жағылады.
Кеңес барысында сөз сөйлеген облыстық табиғи монополияларды реттеу, бәсекелестік пен тұтынушылар құқын қорғау департаментінің басшысы Нұрлан Жалғасбаев тариф құру мәселесі жөнінде айтты. Жоспарланған шаралар инвестициялық бағдарламалар мен бюджет қаржысы есебінен орындалады. Сондай-ақ, кеңесте Атбасар ауданы әкімінің орынбасары Бірлік Қамбатыров, «Көкшетау жылу» кәсіпорны бас директорының міндетін атқарушы Руслан Мақышев, «Степногорск ЖЭО» серіктестігі директорының орынбасары Игорь Шитов, «Орталық жылу тарату компаниясы» серіктестігі директорының орынбасары Жасұлан Тоқышев атқарылған және алда тұрған жұмыстар жөнінде айтып берді. Кеңесте қала мен аудан әкімдіктеріне, жылумен қамтамасыз ететін кәсіпорындардың басшыларына жөндеу жұмысын тиісті деңгейде өткізу, тасымалданған отын мен электр энергиясы қарызын жабу, отын қорын сатып алу, күз бен қыс айларындағы жұмыстың құжатын дайындау мәселесін ерекше бақылауға алу жөнінде тапсырма берілді. Сондай-ақ, тариф белгілеу, жылумен қамтамасыз ететін кәсіпорындарды цифрландыру мәселесі қаралды.
Рамазан ТІЛЕУОВ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.