2019 жылғы 9 маусым – Қазақстан Республикасы Президентінің кезектен тыс сайлауы. Сайлау учаскелерінде сағат 07.00-ден 20.00-ге дейін дауыс беруге болады.
25 мамырдан бастап сіз өзіңіздің тіркелген жеріңіз бойынша сайлау учаскесіндегітізімде сіз туралы деректердің дұрыстығын тексере аласыз. Қателіктер жіберілген немесе сайлаушылар тізіміне енгізілмеген жағдайда, сіз учаскелік сайлау комиссиясына өтінішпен жүгіне аласыз. Аталған комиссияөтінішті келіп түскен күні қарайды.
Сонымен қатар, елді мекеніңізден тысқары жерге баратын болсаңыз, сізге дауыс беру құқығын беретін есептен шығару куәлігі еліміздің кез келген учаскесінде дауыс беруге мүмкіндік береді. Есептен шығару куәлігін Сіз 25 мамырдан бастап 8 маусым күнгі сағат 18.00-ге дейін жазбаша өтінішіңіздің негізінде және сіздің жеке басыңызды куәлендіретін құжатыңызды көрсете отырып, тұратын жеріңіз бойынша учаскелік сайлау комиссиясынан ала аласыз.
Бір елді мекеннің шегінде есептен шығару куәліктері берілмейді.
Дауыс беру күні учаскелік сайлау комиссиясы есептен шығару куәлігіңіз бен сіздің жеке басыңызды куәлендіретін құжатыңызды көрсеткен кезде сізді баратын жеріңіз бойынша сайлаушылар тізіміне енгізеді.
Егер сіз сайлау күні денсаулығыңыздың жағдайына немесе отбасының сырқат мүшесін күтуіңізге байланысты сайлау учаскесіне келе алмайтын болсаңыз, 9 мау-сым күнгі сағат 12.00-ге дейін учаскелік сайлау комиссиясына «үйіңізде» дауыс беруді ұйымдастыру туралы жазбаша өтініш беруге құқылысыз. Сайлау учаскелері құрылмаған шалғайдағы және қатынасу қиын аудандарда тұратын сайлаушылар да бұл құқықты пайдалана алады. Учаскелік сайлау комиссиясы жазбаша өтінішіңіздің негізінде сіздің үйіңізде дауыс беруді ұйымдастырады.
Сонымен қатар, азаматтардың ЖСН енгізу арқылы бекітілген сайлау учаскесін анықтауы және онымен танысуы үшін облыс әкімі аппараты сайтының интернет-ресурсындағы «Сайлау» тарауында сервис орналастырылған.
Облыстық сайлау комиссиясы.