«Дудар-ай!» Қорғалжындағы халық фольклорлық ансамбліне – 40 жыл

«Елдің атын ер шығарар, ердің атын ел шығарады» деген мақал бар дана халқымызда.

Атақты композитор Кенжебек Күмісбеков, күміс көмей әнші Рәбиға Есімжанова, академик Сұлтанбек Қожахметов, гроссмейстер Дәрмен Сәдуақасов сынды атақты тұлғаларды дүниеге әкелген құтты мекен Қорғалжын бүгінде де өнерлі азаматтарға бай. Қырық жылға жуық аудан, облыс, республика көлемінде ғана емес, Польша, Чехословакия, Түркия, Корея мемлекеттерінде халқымыздың дәстүрлі әнін насихаттап жүрген «Дудар-ай» халық фольклорлық ансамблі осы сөзіміздің айқын бір дәлелі десек, артық айтпаған болар едік.

Иә, «Дудар-айдың» тарихы сонау 1980 жылдардан бастау алады. Целиноград педагогикалық институтының баян сыныбын енді ғана тәмамдаған, сол кезде жасы 20-21-дегі өнерлі жас Марат Әлімжанов өзімен бірге оқу бітіріп келген достарымен ұлттық аспапта ойнайтын, әннен, биден хабары бар ауданның бір топ қыз-жігіттерін жинап, осы ансамбльді құрған екен.
–Халық өнеріне бала кезімнен-ақ ынтық болдым. Өнерге деген құштарлық анамның ақ сүтімен бойыма дарыды. Ол кісі де жас кезінде ән айтқан. Қасиетті Нұра өзенінің бойында туып өскен мен жастайым-нан өзімді қоршаған табиғат әлемінің, мыңдаған әр түрлі қорық құстарының әсем үнін, ән әуенін бойыма сіңіріп өстім, – деп әңгімесін бастаған «Дудар-ай» ансамблінің жетекшісі Марат Әлімжанов алғашқы әнін 6-7 сыныпта оқып жүргенде-ақ шығарған екен. Жас баланың өнеріне қазақтың тұңғыш режиссері атанған, профессор Асқар Тоқпановтың өзі «Сен таңдаулы сазгерлеріміздің бірі боласың. Әнің назды, сағынышты, арманды, тіпті қиялшыл ма қалай ?!» деп бағасын беріпті.
Жоғары оқу орнын бітірісімен, бірден өзінің еліне оралған Марат Әлімжанов еңбек жолын Рабиға Есімжанова атындағы ән-күй мектебінде ұстаздық етуден бастады. Сонымен қатар, аудандық мәдениет үйінің жанынан «Дудар-ай» фольклорлық ансамблін құрды. Айтпақшы, ансамбльдің атын кезінде өзіне ағалық ақ батасын берген режиссер, профессор Асқар Тоқпановтың қоюының өзі бір сәйкестік пе дерсіз.
«Дудар-ай» деген атымен ансамбль шығармашылық бағытын айқындап алды. Халық мұралары мен қазіргі кездегі жиі орындалып жүрген жаңа шығармаларды нақышына келтіре орындап, әрдайым өнер сүйер қауымның ықыласына бөленіп келе жатқаны соның айғағы іспеттес.
Міне, қырық жылға жуық тарихы бар бұл өнер ұжымы әрдайым шығармашылық ізденістің үстінде жүрсе де, өздеріне ғана тән орындаушылық мәнерін жоғалтпай, тың туындыларымен көрермендерінің көңіліне жол тауып, өз өнерлерімен сусындатып келеді. Негізгі әртістері – ауыл тұрғындары. Оның ішінде қарапайым жұмысшылар, ұстаздар, кітапханашылар мен мәдениет қызметкерлері де бар. Жастары ұлғайған ансамбль мүшелері өз орындарын жастарға ұсынып, әрдайым ұжымның мүшелері ауысып отырады. Телефон желісі арқылы өрбіген әңгіме барысында Марат Әлімжанов ансамбльде бүгінгі таңда өнер көрсетіп жүрген Нұрлан Оспанов, Мұхтар Құсайынов, Серік Рахметов, Мақсат Әбзелов, Асқар Сәдуақасов, Еркеназ Нәкен, Гүлшат Әбубәкірова, Ерболат Өтебаев секілді әріптестерін мақтанышпен еске алды.
Осы орайда айта кетейік, ансамбльдің репертуарында XIX ғасырда өмір сүрген Ақан сері, Біржан сал, Үкілі Ыбырай, Балуан Шолақ, Абай сияқты халық композиторларының әндері, Дәулеткерей, Құрманғазы, Тәттімбеттердің күмбірлеген күйлерінен бастау алатын шығармалармен қоса, қазіргі қазақ композиторларының туындылары және М.Әлімжановтың «Ой толғауы», «Ерболаттың қуанышы», «Астана маршы», «Өркен жайған Астана», «Егеменді Қазақстан», «Қорғалжын елім» әндері, қазақ және орыс әндерінен поппурилер бар.
1986 жылы «Халықтық ансамбль» атағына ие болған «Дудар-ай» республикалық, облыстық байқаулардың бірнеше дүркін лауреаты, дипломанты атанған. Қорғалжын ауданының мақтанышы болған бұл ұжымның әнші, бишілері қай жерде өнерлерін көрсетсе де, әрдайым көрерменнің құрметіне бөленуде. Ұжым 1987 жылы Целиноград қаласында өткен «Родник» халық шығармашылық фестиваліне қатысып, бірінші жүлделі орынға ие болды. Осы фестивальдан соң Алматы қаласы, қазіргі Атакентте өткен Целиноград күніне қатысып, өнерлерін көрсетті. Одан қала берді Көкшетау қаласында поляк халық әндері фестиваліне қатысып, бірінші орын лауреаты атанды. Жуырда Көкшетау қаласында өткен «Ақмола жұлдыздары» облыстық байқауында өнер көрсетті. Ансамбль ұжымына өнерлеріңіз өрге жүзсін демекпіз!
«Арқа ажарының» өз ақпараты.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар