Құрметті жерлестер!
Сіздерді бүгінгі баршамыз үшін айтулы күн – Көкшетау қаласының 195 жылдығымен құттықтаймын! Бұл ерекше күн, барлық жастағы, түрлі мамандық иелерін, әртүрлі ұлт өкілдерін бір ортақ идеяға – туған жерге, туып өскен елге деген сүйіспеншілікке үндейтін халықтық мереке.
Ортақ Отанымыз Қазақстанның бір бөлшегі болып саналатын Көкшетау қаласының тарихы бай және жарқын. Аты алашқа танымал көптеген тұлғалардың есімі Көкшетаумен байланысты аталады. Шоқан Уәлиханов, Ақан сері, Біржан сал, Науан хазірет, Мағжан Жұмабаев, Мәлік Ғабдуллин сияқты тұлғалардың есімдері біздің өңірімізге ғана емес, барша елімізге кең танымал. Атақтыларымыздың тізімін одан әрі де жалғастыра беруге болады.
Қаламыздың басты байлығы – оның тұрғындары. Олардың еселі еңбектері арқылы шаһарымыз қарқынды дамып, сәулеттеніп, көріктеніп өсіп барады. Жыл сайын қалада жаңа сәулетті ғимараттар мен тұрғын үйлер салынып, көше жолдары жөнделуде, спорт және ойын алаңдары ашылып, саябақтар, алаңдар, аулалар абаттандырылуда.
Ақмола облысына келген бір жұмыс сапарында еліміздің Тұңғыш Президенті, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Көкшетау – еліміздегі ең көрікті қалалардың бірі» дегені бәріміздің есімізде. Осы жетістіктердің бәрі қадірлі қала тұрғындары – сіздердің еңбектеріңіздің жемісі. Біз бірлесе отырып ортақ үйіміз – Қазақстан Республикасын дамытуда ойға алған барлық мақсаттарымызға жететін боламыз.