Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Тәрбиелі қыздан ибалы келін шығады - АРҚА АЖАРЫ

Тәрбиелі қыздан ибалы келін шығады

Құрбым Айымның төркініне бармағанына бес жыл өтіпті. Сарытап сағынышы кеудесіне сыймай, анасы мен ағаларын қатты көргісі келсе де, жат жұртқа ұзатыларда ағасының: «Барған жеріңе тастай батып, судай сің. Бізді ойлай берме, құрып жатқан шаңырағыңды шайқалтпай, берік ұстауды ойла» деп айтқан осы бір сөздері ойына оралады да, өзін-өзі сабырға шақырады. Әрдайым тілеуін тілеп отыратын қарт анасының, қарағайдай ағаларының үмітін ақтауға тырысып келеді.

Бес жылдан бері көріспеген ағасы алыстан ат терлетіп келетін болғасын құрбым бізді де үйіне қонақ болуға шақырды. Құрбымның құдай қосқан қосағы да арқаны кеңге салып жатып алмай, қайын ағасы келе жатқасын қонақ күтуге дайындалуда. Бәрінен бұрын Айымның жүрегі толқулы. Ағасы жайлы айтқанда кеудесін зор мақтаныш сезімі кернеп, көздері жұлдыздай жарқырайды.
Дана халқымыз «Ағасы бардың жағасы бар» деп текке айтпаған ғой. Әкесі бірінші сыныпты бітіргенде қайтыс болған Айымды қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқыттырмай өсіріп жеткізген аяулы анасы мен ағалары болғанын құрбым әңгіме барысында тебірене еске алды. Үйдің кенжесі болғаннан кейін өзінен үлкен бауырлары, әсіресе, ағасы Қайрат оны алақанына салып өсіріпті. Бірде еркелетсе, енді бірде ағалық ақылын айтып, кейде қаталдығын да байқатып отырған екен.
Жаз мезгілі. Қалада колледжде оқып жүрген Айым ауылдағы үйіне келеді. Бір кезде шәкіртақысына сатып алған киімдерін сөмкесінен шығарып, бауырларына көрсете бастайды.
–Аға, әпке, қараңыздаршы, мына шалбар өзіме қатты ұнайды. Жарасып тұр ғой, иә?, – деп, Айым айнаның алдында тамсанып тұрады. Бір кезде ағасы: – Сатып алғаның осы ма? Кеңдеу шалбар таба алмадың ба? Мен тұрғанда андағыдай тыртиған киімдерді киюші болма, – деп ұрысыпты. Ақыры сол шалбарды қарындасына кигізбей қояды. Далаға құрбыларымен қыдыруға шықса, кешікпеуін тапсырып, әрбір іс-қимылын бақылауда ұстайды. Ағасының осы қылығы үшін қарындасының ренжіген кездері де болыпты. Тіпті, әй дейтін әже, қой дейтін қожасы жоқ замандастарына қарап, кей кезде қызығатын, емін-еркін жүріп-тұруды қалайтын. Тұрмысқа шыққанша ағаларының рұқсатынсыз үйден бір адым аттап шықпады. Содан жаман болған жоқ. Отырған қыз орнын тапты.
Жас күнінде ағасының «олай істеме, былай жүрме» деген сөздеріне ренжіп қалатын Айым қазір өзі де есейіп, отбасылы болғаннан кейін абзал ағасына осы қамқорлығы, жанашырлығы үшін алғысын білдіріп отырады.
–Қазіргі заманда әлеуметтік желілерден неше түрлі сұмдықты еститін болдық. Қарагөз қыздарымыз әурет жерлерін ашып, жалаңаштанып суретке түсетін болды. Қазақ қыздары осындай масқара әрекетке барады деп ешқашан ойламаған едім. Заманның бұзылғанын осыдан көруге болады. Осындайда сол арсыз, намыссыз қыздар үшін емес, олардың асқар тау әкелері, аяулы аналары, қарағайдай ағалары үшін жаным ашиды. Солардың намысы тапталғанына қынжыламын. Себебі, мен бір жаман іске барсам, ағам қиналатынын жақсы білемін. Иә, қылықты қыздардың, ұлықты ұлдардың орнына надан, арсыз ұрпақ өсіп келеді. Денемді көрсетіп суретке түсу былай тұрсын, тар болып тұратын киімді де кимейтінмін. Үнемі жадымда ағаларым, олардың «ұят болады» деген бір ауыз сөзі жүретін. Жас-тайымнан бойыма сіңген осы тәрбиенің арқасында ешкімге таба болмай, басымды тік көтеріп, ақ жолмен өмір сүріп келемін, – деген Айымның әңгімесін қазіргі заманның ащы шындығы деп қабылдадық.
Сол күні құрбыммен әңгімелесе отырып санама небір ойлар келді. Шынымен де, қазіргі қоғамға ата-ананың ақылы, ағаның қамқорлығы, туыстың жанашырлығы жетіспейді. Осы адамдар бір-бірінің қателігін үшінші бір адамға айтып өсектегенше, ақылын неге айтпайды, тура жолға неге салмайды деп те ойланасың кейде. «Сын түзелмей, мін түзелмейді» деген сөз бар. «Міне, қазақтың ұлдары мен қыздары мынау» деп мақтанышпен айта алатындай ұрпақ тәрбиелеу үшін әр отбасы, қоғам болып, босаңсып кеткен тәрбиенің тізгінін қолымызға алуға тиіспіз. Отыз үйден тыйылып өскен ұл мен қырық үйден тыйылып өскен қыз ешқашан да жаман болмайды.
Құрбым етін асып, бауырсағын пісіргенше ағасы да келді. Қайрат ағаға тән қалыппен қарындасының маңдайынан иіскеп, құшағына басты. Айым да ағалап, асқар тау әкесінің орнын басқан бауырының жанында өзін сондай бақытты сезініп, ағасына қайта-қайта мейірлене қарай берді. Көптен көріспеген бауырлар сағыныштарын басып, ақ дастархан басында ұзақ әңгімелесті. Қарындасының отбасының ұйытқысы болып отырғанына, байыппен сөйлеген сөзіне, ісіне ағасы Қайраттың көңілі толып отырғанын сол жолғы кездесуде біз де байқаған едік.
Қыз бала жат жұрттық. Тұрмысқа шыққаннан кейін төркіні оның бақытты болуын, сонымен қатар барған жерін де бақытты етуін тілейді. Құрбымның ата-анасының, бауырларының үмітін ақтап, тәрбиелі отбасынан шыққандығын көрсетіп, дана келін, аяулы жар атанып отырғанына қатты қуандым. Шіркін, қазақтың әрбір келіні осындай болса ғой!

Венера ТАЛҒАТҚЫЗЫ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар