Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Бабалар рухына тағзым еттік - АРҚА АЖАРЫ

Бабалар рухына тағзым еттік

Таяуда Жақсы ауданы Алғабас ауылында ата-бабалар рухына арнап ас беру рәсімін өткіздік. «Өлі риза болмай, тірі байымайды» деп атам қазақ айтпақшы, бұл – ауыл тоқырап, халқы күн көріс қамымен жан-жаққа көшіп кеткеннен кейін алғаш ұйымдастырылған шара еді.

Негізі жыл сайын жаз уақытында анда-санда сыртта жүрген ауыл тұрғындары ауылға келіп, отбасылық дәрежеде құрбандыққа мал шалып, дұға оқытып, ас беру рәсімін өткізетіні үрдіске айналған. Биыл ауыл халқының ниетімен сыртта жүрген ауылдастар бәрі жиналып, осы игі істі бір шаңырақтың отбасындай ұйымшылдықпен өткізді.
Мектеп спорт залында өткен шарада жан-жақтан ағылып машинамен келіп жатқан ауыл халқы көптен бері бір-бірін көрмеген соң, сағыныштарын баса алмай өзара қауышып жатты. Атбасар қаласынан автобус толы ауыл халқы келген соң, бәріміз бірден ескі ауылдарда қалған қорымдарға барып, дұға оқытуға аттанып кеттік. Бегеш елді мекеніндегі ескі Сәдібек ауылынан бастап, Ақтөбе, Жанжігіт (Мәнен) атауымен танымал ауыл қонысындағы қорымдарға жерленген ата-бабалар рухына тағзым етіп, дұға оқытылды. Аталған ескі ауылдардың тарихы, кімдердің аталары осы ауылда тұрып жерленгені және қысқаша тарихымен таныстырылды. Жиналған халықтың ішінде жастардың көп болғаны көңілге қуаныш ұялатады. Жиналған халық алдына шығып, сөз сөйлеген Әбдіхамит, Ыбырай ақсақалдар қысқаша сөз сөйлеп, сұрақ қойған жастардың сауалына жауап берді. Халық ішінен қорымды аралап, аталарының басына мінәжат етуді де ешкім ұмытқан жоқ. Атбасар мешітінен арнайы шақырылған найб имам Амангелді ақсақал дұға оқып болғаннан кейін бәріміз де ауыл шетіндегі еш белгі қойылмаған қоршалған қорымға жеттік. Ешқандай тас қойылмаған себебі, осы қорымда жерленген зұлмат ашаршылық заманында қайтыс болған ауыл тұрғындары екен. Бір күнде бірнеше адамның қайтыс болуына байланысты тас белгі қоюға еш мұрша болмағаны ғой… Қасіретті, қиянатты ауыр жылдарды бастан өткеріп, шейіт болған аруақтарға тағзым ету осы қорымда жалғасын тапты.
Бұл тақырыпты қозғауға ешкімнің дәті бармады. Жиналған халықтың жүзінен үнсіздік пен жабырқау сезімді байқадық. Томаға тұйық қалпымызбен ауыл шетіндегі соңғы қорымға аяғымызды ілбіп басып әрең жеттік.
Колхоздастыру заманында 1928 жылы мектеп салынып, осы елді мекенге ескі ауыл халқының ұрпақтары көшіп келіп, содан бергі ата-бабалар жерленген осы қорым еді. Құран оқылып болған соң, бәріміз де мектеп спорт залына жиналдық. Көпшілік ектеп әкімшілігі ұйымдастырған «Рухани жаңғыру» кабинетін тамашалап, алған әсерлерімен өзара бөлісе жатты.
Дастархан басында әрине, тақырыптың басқаша өрбуі мүмкін емес еді. Жол бойындағы суретте бейнеленген ауылымыздан шыққан танымал тұлғалар Социалистік Еңбек Ері Жүнісбек Сәдуақасұлы, мемлекет және қоғам қайраткері Нұрғали Нұрсейітұлы және Кеңес Одағының Батыры атағына ұсынылған Қожамсейіт Шаяхметұлы аталарымыздың, Ұлы Отан соғысында қайтыс болған өзге де боздақтарымыздың рухына арнайы дұға бағышталып, құран оқылды. Осының бәріне халықтың ризашылығында шек болмады. Алғаш рет ұйымдастырылған шара болған соң, әр жылдың бір күнін ауылымызға арнап, халықтың көңілінен шығатын осындай істерді ұйымдастырсақ деген ниетпен тарастық.
Талғат ҚҰРМАНҰЛЫ,
Нұр-Сұлтан қаласының тұрғыны.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар