Балалар Елордаға саяхатқа барып келді

Қажымұқан ауылындағы негізгі мектеп жанынан құрылған оқушылардың жазғы лагерінің ашылуы Халықаралық балаларды қорғау күнімен тұспа-тұс келген болатын. Мінекей, осы мектеп жанынан ашылған лагерьде ауыл балалары өздерінің жазғы демалыстарын тиімді әрі қызықты өткізіп келеді.

Лагерьде көптеген мәдени іс-шаралар ұйымдастырылады. Мектеп мақтаныштары «Гәкку» бишілер тобының мүшелері халықтық, хип-хоп жанрындағы заманауи би билеп, балалар ән айтып, өз өнерлерін ортаға салуда. Лагерь үш ауысымда жұмыс істейді. Білікті педагогтар А.Сатыпалды, Г.Ұзақбаева, Ш.Сәдуованың жетекшілік ететін «Шапағат», «Балдәурен» және «Еркем-ай» атты топтар бар. Әр ауысымда 20 баладан, барлығы 60 бала қамтылды.
Қажымұқан ауылының балалары елорадамыз Нұр-Сұлтанға да саяхат жасады. Хан шатырдың ішінде орналасқан кинотеатрда «Болашақ» қауымдастығы мемлекеттік тілге дубляж жасаған «Аладдин» фильмін тамашалады. Қаланың көрікті жерлерін аралады.
Балдырғандардың қызығушылықтары бойынша құрылған Д.Иманбаеваның «Happy summer» ағылшын тілі үйірмесі мен З.Китебаева, Ш.Б.Сәдуова жетекшілік жасайтын «Сәлем» тіл үйірмелері үшін арнайы «Ойнайық та, ойлайық!» деген атаумен оқу бөлмесі жабдықталды. Оған қоса, «Спорт KZ» үйірмесі құрылды. Топ жетекшілері әр күнге «Балмұздақ күні», «Қалпақтар күні», «Қолшатыр күні», «Достық күні», «Көбелектер күні», «Гүлдер күні», тағы басқа да атау қойып, балаларды қызықтырумен қатар, сол күндердің тарихымен де таныстырды. Мәселен, 4 маусымдағы Мемлекеттік рәміздер күні «Рәміздерім – мақтанышым!» деген атпен өтті. Бұл күні балалар рәміздер туралы кеңірек білу үшін топтық жұмыстар атқарылып, викториналар өткізілді. Іс-шара соңында оқушылар «Мен патриотпын!» деген тақырыпта асфальтқа сурет салды.
Мемлекеттік қызметшілер күніне орай, аудандық деңгейде ұйымдастырылған «Полиция» – балалар көзімен!» сурет байқауында Хамит Бекарыс 2-орынды иеленіп, мерекеге орай аудан орталығы Ақмолда ұйымдастырылған салтанатты іс-шарада марапатқа ие болды.
«Ойын ойнап, ән салмай, өсер бала болар ма?» дегендей, қызық-думанға толы жазғы лагерь өз жұмысын қорытындылап, «Қимай қоштасамыз!» деген атаумен жабылу рәсімін өткізді. Бұл күні де балалар бір айда үйренген өнерлерін ортаға салды. Қазақ, ағылшын, орыс тілдерінде тақпақ айтып, ән шырқады, би биледі. Осы орайда лагеріміздің жабылу рәсімінде демеушілік еткен ауыл тұрғындарын ерекше атап өткен жөн. «Қажымұқан», «Мұрат», «Ләйлә» дүкендері балаларға түрлі тәтті, дәмділерін ұсынса, ауыл шаруашылығы фермасы да өз өнімдерін ұсынды. «Қуантсаң баланы қуант», «Жақсылықты балаға жаса» деген қағиданы ұстанған кәсіпкерлерге мектеп ұжымы да, ата-аналар да дән риза.

Лағыл САМАРҚАНҚЫЗЫ,
№4 мектеп лагерінің жетекшісі.
Целиноград ауданы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар