Мемлекеттік білім гранттары көбейді

Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Ақмола облыстық білім басқармасының өкілдері өңірдегі студент жастарды және NEET категориясындағы жастарды қолдауға арналған жобалар жөнінде айтып берді.

Жастардың жоғары оқу орындарындағы оқу ақысын төлеу үшін Ақмола облысының әкімдігі осымен бірнеше жыл қатарынан білім гранттарын бөліп келеді. Облыстық білім басқармасының бөлім басшысы Бекжан Сәдуақасовтың айтуынша, 2017 жылы педагогикалық мамандықтарға 100 мемлекеттік грант бөлінсе, өткен жылы грант көлемі 150-ге жетіп, түлектер педагогикалық, сондай-ақ, медициналық мамандықтар бойынша тегін оқытылған. Үстіміздегі жылы да осынша грант университетке оқуға түскен студент жастарға үлестіріледі деп күтілуде.
–Қазақстан Республикасының Үкіметі биыл республика бойынша 5 мың мемлекеттік білім гранттарын бөліп отыр. Соның ішінде 120 грант біздің облысымызда тұратын атаулы әлеуметтік көмек алатын отбасылардың балаларына беріледі. Конкурсқа қатысу үшін міндетті түрде ҰБТ-ның сертификаты, медициналық анықтама, сондай-ақ, атаулы әлеуметтік көмек (АӘК) алатын отбасылардың балалары үшін АЕК алатындары жөнінде анықтамалары болуы қажет, – деген басқарманың бөлім басшысы Бекжан Сәдуақасов жергілікті атқарушы органдардың білім гранттары конкурс негізінде ҰБТ-ның балына және еңбек нарығының сұранысына сәйкес тағайындалатынын жеткізді.
Брифингте облысымыздағы кәсіптік және техникалық білім беретін мекемелердегі оқу жайлы да айтылды. Бүгінгі таңда аймақтағы колледждердің саны – 33. Онда оқу 94 мамандық және 139 біліктілік бойынша жүргізіледі. Биыл колледждер «Еңбек» нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасы аясында 1190 адамды жұмысшы мамандықтарына оқытуды жоспарлап отыр. Сонымен қатар, еліміздің оңтүстік аймақтарынан келетін 230 түлекті қабылдап алмақшы.
Одан кейін облыстық ішкі саясат басқармасы жастар ісі бөлімінің басшысы Алмат Нүкенов сөз алып, талантты жастарды ынталандыру және әлеуметтік жағдайы төмен отбасылардың балаларын қолдау, кадр тапшылығы байқалатын салаларға жас-тарды тарту мақсатында 2011 жылдан бері тағайындалып келе жатқан облыс әкімінің атаулы шәкіртақысы жөнінде кеңінен түсіндіріп өтті. 2018 жылы 275 адам облыс әкімінің атаулы шәкіртақысына ие болған. Шәкіртақыға үміткерлерден құжаттар 2019 жылдың қыркүйек айында қабылданып, нәтижесі қарашада белгілі болады.
Брифингте Шоқан Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университетінің оқу және оқу әдістемесі бойынша проректоры Әсем Дүйсенбина, Ақмола облысы бойынша «Jas project» жобасының өңірлік үйлестірушісі Тимур Ысқақов студент жастарды және NEET категориясындағы жастарды қолдауға арналған жобалар жөнінде сөз алып, журналистердің қойған сауалдарына жауап берді.

«Арқа ажарының» өз ақпараты.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар