Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
СӘКЕН СЕРІ, СӘКЕН АҒА ТУРАЛЫ ОЙ ТОЛҒАУ... - АРҚА АЖАРЫ

СӘКЕН СЕРІ, СӘКЕН АҒА ТУРАЛЫ ОЙ ТОЛҒАУ…

Көкше жерінде қазақтың біртуар азаматы, актер, театртанушы, драматург Әлібек Әмзеұлымен және белгілі тұлғалар Мақұлбек Рысдәулет, Досымхан Аралбаевпен дәмдес болып, біраз әңгіме шертісудің сәті түсті. Келбетті, жүріс-тұрысында әлдебір сырбаздық бар. Тектілігі тұла бойында тұрғандай. Сөйлесе шешен екендігі де аңдалады. Көпті көрген және қазақтың көптеген ірілерімен, жақсы-жайсаңдарымен сыйлас та, сырлас та болғандығы бар. Мұны әңгіме барысында білдім. Сол әңгіменің бір парасы біздің Сәкен сері, Сәкен Жүнісов жайында болды. Әлекең жарықтық Сәкен сері жайлы айтқанында ерекше бір көңілмен сүйсіне де, толғана сөйледі.

Әлекең, Әлібек Әмзеұлы кім десеңіздер, жаны жайсаң осы бір азамат Жамбыл облысының Талас ауданының тумасы. Мәдениет ісін ұйымдастырушы. Жамбыл мәдени-ағарту училищесін Ташкент театр институтын, Голливуд (АҚШ) кинобизнес мектебін бітірген. 1967-1971 жылдары Абай атындағы облыстық қазақ драма театрында, Атыраудағы облыстық драма театрында актер болса, 1983-1987 жылдары Жамбыл облысының қазақ драма театрының директоры, 1987-1988 жылдары осы облыстың мәдениет басқармасының басшысы сияқты қызметтерде болды.
Әлібек Әмзеұлы театрда Мұхтар Әуезовтің «Қара Қыпшақ Қобыландысында» Қобыландының, Айтматовтың «Бетпе-бетінде» Исмайилдың, Чеховтың «Ивановында» Ивановтың, Г.Боровиктің «Буэнос Айрэстағы сұхбатында» Карлос Бланканың, Бодықовтың «Жан азабында» Мұқағалидың, тағы басқа образдарды сомдаған. «Қаракемпір (Кейуана)» атты пьесасы Жамбыл, Арқалық театрларында қойылған. Әлібек режиссер ретінде театрларда бірнеше спектакльдер қойды. Қазақстан комсомолы сыйлығының, Бүкілодақтық театр-
лар қоғамының (1968), Бүкілодақтық театрлар фестивалі (1986) сыйлықтарының лауреаты.
Әлқисса, әңгіме барысында Әлекең көзі көрген жақсы-жайсаңдар жайлы қалам түртіп, жазып та жүреді екен. Біздің Сәкен сері жайлы жазғандары да бар екендігін естігенде, сол жазбасын аттай қалап сұрап алдым. Оқып шықтым. Оқыдым да Сәкен сері ағамыздың барлық қазақ үшін тұлғалы қаламгер, сыйлы да даңқты адам болғандығын тағы да тани түскендей едім. Әлібек ағаның Сәкен сері жайлы әсерлі дүниесін «Арқа ажары» газеті оқырмандарының назарына ұсынуды жөн санадым.
Жабал ЕРҒАЛИЕВ.

1973 жылдың қаңтар айы… Жамбыл облыстық қазақ драма театрында – актерлық өнерімнің бір белсенді кезеңі еді…
Театрымыздың бас режиссері, Қазақ ССР-інің еңбек сіңірген өнер қайраткері Маман Байсеркенов бізге жаңадан келген, қызметін өте қызу бастаған шақ-тұғын… Ол бірден Мұхтар Әуезовтің «Қара Қыпшақ Қобыландысы» мен Сәкен Жүнісовтің «Тұтқындар» пьесасын сахналауға қатар кірісіп кетті…
Бір күні, репетициямыздың бірін – түске дейін, екіншісін түстен кейін жасап, абыр-сабырымыз басым болып жүрген кезімізде Сәкен Жүнісов ағамыз келе қалсын…
Бұрындары «Жапандағы жалғыз үй», «Ақан сері» қос томдық романдарымен оқырманға жақсы таныс бұл жазушының соңғы кездегі «Ажар мен ажал» атты драмалық шығармасы республикамыздағы барлық қазақ драма татрларында сахналанып, ол уақыт – Сәкеңнің драматург ретінде де елге танылып, театрлардың да сүйікті авторына айналып қалған кезі.
Сәкең біздің театр сахнаға дайындап жатқан «Тұтқындар» спектаклінің дайындығына қатысып, пікірін айтатын. Ешқайсымызды жатсынбады, жатырқамады, пікірін ашық айтады. Ұжымға ұнады. Кешкі дайындықтан соң, дастархан басында ұзақ пікірлесеміз, дауласамыз, ортақ ойға ауысамыз, не керек, Сәкен ағамыз Жамбылда (ол кезде қаламыз Жамбыл атында) 40-45 күндей болды. Ер азаматтың басынан не өтпейді, кей кезде жақ жүні үрпиіп, жағасы кірлеңкіреп жүретін мезеті де болады… Сәкеңнің де жағдайы солай болатын…
– Өзің көріп отырған мына чемоданмен кеттім, мен, қарағым Әлібек, – деді ол, кезекті бір шәй үстінде.
Сәкеңнің бұл жағдайы маған аса бейтаныс емес жәйт еді, анда-санда әңгіме үстінде өзі сыр беріп қоятын…
Сәкең Жамбылға келген соң, алғаш 5-10 күндей қонақ үйде жатқанымен, қалған уақытта менің үйімде болды. Онсыз да аңқылдақ, ашық мінезді, ішкі сырын жасыра алмайтын Сәкен ағамен күннен-күнге тонның ішкі бауындай жақын болып кеттік.
– Алматыда Орал деген інім бар. Ол маған қарағанда көп ұстамды, – деп, сол інісін мақтап қоятын. Кейін қызмет бабымен жүргенде сол Оралмен де таныстым. Ол кинорежиссер әрі сценарийст екен.
…Сөйтіп, Сәкеннің «Тұтқындар» пьесасын сахналап, премьерасында өнер көрсеттік. Бірақ, бұл спектакльдің ғұмыры ұзақ болмады. Сахнада 2-3 рет қана ойнадық-ау, деймін. Саяси себептермен репертуардан алынып тасталды, есіл еңбек еш кетті. Шығарма Грек мемлекетіндегі коммунистік партияның көсемі, атақты композитор Микис Тодаракис туралы болатын. Кеңес Одағының сол кездегі ұстанған бағытына сай, Грек елі партиясының осы көсемін қолдап, әр түрлі іс-шаралар өткізіліп жататын. Оның әндерінің грампластинкалары миллиондаған данамен шығарылып, соған қаржылай қолдаулар көрсетілетін. Сол уақытта үнемі Совет Одағына келіп-кетіп жүретін Микис «бауырымыз» содан әбден байып алып, бір күндері Коммунистік партбилетін тастап, капиталист болып кете барса керек… Осылайша Коммунистік идеология дүрілдеп тұрған заманда бұл спектакльді сақтап қалу мүмкін болмады. Пьеса бойынша Микис Тодаракистің аты аталмай, оны тек композитор деп атағанның өзінде, Тодаракистің музыкасы спектакльдің тұла бойында уақиға желісіне байланып тұратын.
«Тұтқындар» спектаклінің саяси себептермен театр репертуарынан алынғанын естіген Сәкен аға қатты өкініш білдірді.
– Өзім жүдеп-жадап жүрген кезімде бұл шығармам театр сахнасына тура өз көңілімдегідей шыққан еді. Осы спектакльдің премьерасы сәтті шығып, әжептеуір марқайып, бойымды тіктеп едім. Әттеген-ай!.. – деп, жабығып қалған еді…
… Арада көп уақыт өткізбей, Сәкен ағамыздың келесі жаңа туындысы – «Қызым, саған айтам!» пьесасын сахнаға да-
йындап, премьерасын ойнадық. Спектакльді қойған режиссер – Қазақ ССР-інің еңбек сіңірген артісі Тілек Ерғалиев еді. Бас-
ты кейіпкер Рәзияның рөлінде Қазақ ССР-інің еңбек сіңірген артісі Гүлбаршын Өскенбаева ойнады. Бұл спектакль театрға зор табыс әкелді. Сәкен Жүнісовтің осы «Қызым, саған айтам!» спектаклі біздің театрдың сахнасында бес жүздей рет ойналыпты. Бұл театр тарихында өте сирек кездесетін жәйт…
Сәкен аға осы спектакльдің премьерасын көруге келгенде:
– Қазақта: «Аштықта жеген құйқаның дәмі ауыздан кетпес» деген сөз бар. Бір кездері «Сәкен – анандай, Сәкен – мынандай…» деген сөзге ілініп жүргенімде, Жамбылға, сіздерге келіп, көңіл жылуын тауып едім. Сіздер қисайған жағамды тіктеп жіберіп едіңіздер. Мен оны ұмытпаймын! – деген болатын.
Кейінірек қызметке тұрды, Сәкен сері атанды. Маған телефон шалып, базыналық өкпесін айтып тұрып: – Қайнаға деген осындай бола ма екен? – деп, сөзін еркелеп бітірген болатын…
Сосын іздеп бардым… «Күйеу баланың» өкпесін жаздым. (Мені «қайнаға» деу себебі – Сәкеңнің кейінгі келіншегі мен туып-өскен ауданның қызы еді). Сол келіншегінен үймелі-сүймелі балалары дүниеге келгендегі Сәкен ағаның қуанышын айтпаңыз! Ондайда, телефон құлағында ұзақ уақыт бойы, өзімен-өзі жарысқандай, асығып сөйлеп, көңіл қуанышын бар болмысын ашып жеткізетін. Мен де қызмет бабымен уақытым қанша тығыз болса да, асығыс шаруаларымды ысырып тастап, телефонның арғы жағындағы Сәкеңмен бірге қуанып, бірге шаттануға еріксіз мәжбүр болатынмын. Телефонмен жайшылықта сөйлесіп, пікірлескен сәттерде де мен Сәкеңнің көңіл-күйіне жығыла кететінмін…
…Қайбір жылдары, мен Жамбыл облыстық қазақ драма театрында директормын. Қызмет бабымен Алматыға жиі барамын. Сәкең ол кездері – «КазЛитоның» директоры. Өзімен бірге маған да Жазушылар одағының демалыс үйінен орын алып қояды. Екеуміз түнімен сырласамыз…
Кейінірек, мен Жамбыл облыстық мәдениет басқармасында басшы кезім. Бір қауырт шаруаның қарбалас тірліктерімен жүрген кезімде, қасында жазушы Қалихан Ысқақов ағамыз бар, Сәкең келе қалды.
– Ертеңнен бастап түгел қарамағыңызға көшейін. Бүгін маған мұрсат беріңіз?! – деп жалынғандай болдым Сәкеңе. Ағам түсінді… – Қазір бізді Сарыкемерге жеткізіп таста, сонда Қалихан ағаның қызы тұрады. Ертең бізді сол жерден табасың, – деп жүріп кетті Сәкеңдер.
Сол күні қарбалас жұмыстарға тұсалып, үйге өте кеш келдім. Жайсыз хабар күтіп тұр екен. Сәкен ағаның келіншегі Марина қаза тауыпты…
…Бұл қаза Сәкен ағаға өте ауыр тиді. Ол қатты қиналып жүрді. Бір кездескенімізде:
– Ойпырмай, бауырым-ай, әйелім өліп, балаларым – жетім, өзім – жесір қаламын деген ой басыма келмепті ғой, – деп күйзеліп еді.
…Содан, арада біраз уақыт өткен. Бірде, 8 наурыз мерекесінің қарсаңында болса керек. Сәкен ағам телевизор экраны арқылы тура бір үндеу тастағандай, сөйлеп жатыр… Ана сүтін ақтау үшін – анасын қалай ардақтау керек. Жарына деген көңілдің ақ болуы турасында да ағынан жарылып, ақтарыла сөйледі. Бүкіл жан дүниесімен елжірей сөйледі. Маған – Сәкен сері бүкіл еркек атаулының атынан сөйлегендей әсер етті. Ол өзін-өзі ұмытып, тасқын селдей жойқын күшпен сарқыла сөйледі. Бүкіл өткен ғұмыры үшін әйелдер алдында кешірім сұрағандай болды.
Ертесіне телефон соқтым.
– Тыңдадың ба? – деді.
– Иә, тыңдадым, аға, – дедім.
– Солай бала, көп жеңілдеп қалдым, – деді.
Осы жайдан кейін мен Сәкен серіні әзілдеп болса да «күйеу бала» дегенімді қойдым. Бұрынғыша ағаға көштім…
***
Жағдай солай болды ма, білмеймін?.. Әлде, басымыздан өтіп жатқан уақиғалар салқыны ма, хабарласуымыз сиреп қалған кез болатын…
1999 жылдың қазан айында Ақмола облысында Қарасай мен Ағынтай батырлардың кесенесі ашылатын болып, сонда бардым. Сәкен аға да келген екен. Көріспегенімізге екі-үш жылдың жүзі болған. Маған – аға бір түрлі кішірейіп, жүзі солғын тартып қалғандай болып көрінді. Бұрынғы арыстандай ақырып тұратын даусы да қарлығыңқы, шау тартқандай ма?! Не керек, менің көңілім құлазып кетті. Екі күн бірге болдық. Жаңа шығармасы – «Заман-ай!» туралы сөз еттік. Басты тақырып – ағаның басының жалғыздығы турасында сөз ете алмадым. Өзі бастады…
– Енді, осымен бітті бауырым! Жасым болса, жетпіске таянғанда желпілдемей-ақ қояйын деп шештім, – деді…
…Жолда поезд үстінде Сәкен ағам есімнен кетпеді.
– Атаңа нәлет, ит өмір-ай! Жалына қол салдырмайтын тарпаң мінезді Сәкенді де жуасытып тастапсың-ау?! Сәкеннің өзіне ғана тән, өзіне ғана жарасатын саңқылдап тұратын даусы қайда?! Маңдайындағы әжімдері тереңдеп, өз дегенін ғана істеп тұратын қайратты шашы да сиреген бе, әлде уақыттың тезіне көніп, жұмсарған ба?! Бұрынғыдай асып-тасып тұратын Сәкен ағамды таба алмай, мінезі де басалқалыға ауысқан басқа Сәкенмен кездескендей болдым-ау?!..
***
Түн ортасы болып қалған. Телефоным безілдеп қоя берді. Сәкен ағаның телефоны… Жүрегім зырқ ете қалды… Беймезгіл уақыт… Телефонды құлағыма тостым. Ар жақтан Сәкеңнің аңқылдаған көңілді даусын естіген соң, жүрегім орнына түсті.
– Әй, бауырым, сен не, шаңқай түсте ұйықтап жатқаннан саумысың? Біздің үйде ақ түйенің қарны жарылып жатқанын, әрине, сен білмейсің?
– Қуанышты хабар екенін сезіп тұрмын, аға!
– Ендеше былай! Мына ағаң Астанаға көшетін болды. Бүгін Нұрекең звондады. Қалаған жерден пәтер аласыз, келіңіз! – деді. – Нұрсұлтан! – деп атын бекер қоймаған… Азамат, қой! Риза болдым! – деп, ағам аңқылдап тұр.
…Содан, көп ұзамай Сәкен аға Астанадан пәтер алдым деп хабарласты. Есілдің жағасынан алса керек… Өте риза… Астананың ауасының тазалығын, самал желін, Нұрекеңнің көрегендігін айтып, біраз шалқыды… Мен осы жолы – көңіл-күйі жоғары кезіндегідей, сөз деген – тасқан судай толассыз лықсып жататын Сәкеңді көрдім… Ол сөзінің соңында қоштасып жатып:
– Әй, тоқта! Мен саған айтайын деген басты нәрсемді ұмытып кетіппін ғой. Үйдің іші бос болған соң, бір нәрселер алу керек шығар, деп, сауда орталығына барайын. Бірақ, дәл не нәрсе керек екенін өзім де білмеймін… Кірдім. Кіре беріске жақын сауда орнында алтын асықтай әйел бала тұр екен. Аты – Алма екен. Жағдайымды қысқа қайырып айтып, түсіндірдім. Шеткеректе тұрған бір жігітке: «Ербол» деп, шақырып алды да, солардың машинасымен үйге келдік. Құдай жарылқағыр әлгі екеуі менің үйіме не керектің бәрін шешіп, екі күн ішінде түгел орнатып, бүгін кешке қарай тортын әкеліп, екеуі маған шәй беріп, рахметімді алып кетті…
– Ал, сен олардың кім екенін танып отырмысың?
– Таныдым, аға!
– Танысаң, бағана сол балалармен шәй ішіп отырып: «Ау, айналайындар-ай, сендер бұл өңірде тумаған сияқтысыңдар ғой?! Бұл жақта сендер сияқты нағыз қазақы мінезді ақ жүректі балалардың тұқымы азайып кеткен. Сөздеріңнен байқасам, Оңтүстіктен сияқтысыңдар. Ел-жұрттарыңды айта отырыңдар, десем, олар:
– Жамбыл облысынанбыз, – дейді. Сұрастыра келсем, ана Ербол деген бала – сенің туған келініңнің туған інісі екен. Сенің көңілің – мен дегенде кіршіксіз таза, ақ екен, Әлібек-ау! Бұл жақта да сенің шапағатыңды көріп жатырмын, інім, – деп, Сәкең аңқылдап, алғысын жаудырып жатты…
…Содан бері Астанада тұрғанда да Сәкеңмен үзбей телефон арқылы хабарласып тұрдық. Алматы сияқты емес, оның Астананы қоңылтақсып жүретінін сезетінмін.
– Туған жерімде маған арнап үй соғып жатыр. Құдай қаласа, Музей-үйім сол болатын шығар, – деп қоятын Сәкең…
…«Адамның айтқаны емес, Алланың дегені болады» деген рас екен. Сәкен ағаға туған ауылында соғылып жатқан ол үйдің қуанышы бұйырмады…
…Жоғары қан қысымымен ауруханада емделіп жатып естідім… Сәкен ағадан айырылып қалыппыз… Өзім де ауырып жатқандықтан бара алмадым… Қабіріне бір уыс топырақ та сала алмадым… Шерхан Мұртазашылап айтсам, «Бір кем дүние…»
Сәкен ағаның дүниеден өтіп кеткеніне біраз жылдың жүзі болса да, сағынышпен еске алушы едім. Осыдан бір-екі жыл бұрын Астанада бір дастархан басында белгілі ақын Серік Тұрғынбековпен бас қосып, Сәкен аға туралы әңгіме қозғалып кеткен еді. Мен Сәкең туралы әңгімелерімнің шет жағасын айта бастағаным сол еді, Серік Тұрғынбеков қатты қызығушылық танытып, Сәкен туралы естелік жазуымды сұрады.
– Сәкеннің өмірі туралы ештеңе айтылмай жүр, қайшылығы мол жанның өмірінің қалтарыстары да көп болады. Жазу керек бауырым! Басқасын былай қойғанда, Сәкеңнің аруағы еске алғаныңа да риза болады. Сәкең туралы жазыңыз! – деген болатын…
Сәкен ағаға деген сағынышымды басайын, әрі «аманаттай» болған Серіктің өтінішін орындайын, әрі Сәкен серіні сағынатын, аңсайтын, іздейтін жандарға ағамыз туралы осы естелігімді ұсынайын деген ниетпен…

Тараз қаласы.
(Арнайы «Арқа ажары» үшін).

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар