Технология дамыған қазіргі заман ағысында бәсеке өркениет дамуына әсер етіп, өмір сүру жолына айналды. Тиімді жағдай жасалған жалақысы жоғары қызмет түрлері пайда болды. Бәсекелестік алаңы кеңейіп енді ел ішінде ғана емес, шет елдерге барып жұмыс істеуге мүмкіндік туды.
Осыған байланысты болар, қазір қазақстандық жастардың біразы шет елде жұмыс істеп жүр. Себебі, шет мемлекетте жұмысшыларға жасалатын жағдай қолайлылығы жағынан біздің елмен салыстырғанда біршама жоғары. Мысалы, қазір Кореяда жұмыс істеп жүрген қазақстандық жастар аз емес. Солардың бірі Көкшетау қаласының тұрғыны (есімін атамауды сұраған болатын, өзгертіп беріп отырмыз) Амантай өзінің шет елдегі жұмысы туралы әңгімеледі.
– Мен 2012 жылы оқуымды аяқтап, өз мамандығым бойынша жұмысқа орналастым. Темір жол саласын бітіргенмін. Алғашқы жылы электрик болып жұмыс істедім. Кейін мастер дәрежесіне көтеріліп екі жыл сол қызметте жүрдім. Жалпы жұмыс өзіме ұнайтын. Басында жалақысы жақсы болған еді, кейін төмендеп кетті. Сосын басқа жұмыс іздей бастадым. Сөйтіп жүргенде Кореядағы таныс жігіттер жұмысқа шақырып, досым екеуіміз сол жаққа барамыз деп шештік. Бару үшін екі мың доллар қаражат қажет болды. Тәуекел деп, несие алып сол ақшамен құжат дайындап, Кореяға аттандық. Онда барған соң кеме құрастыратын компанияға дәнекерлеуші болып орналастық. Алайда, заңсыз жұмыс істедік. Осы жағынан қорқынышты болатын. Тілді білмейтіндігіміз де алғашқыда біраз қиындық тудырды. Түсінбейтін сөздерді жазып алып жаттайтынбыз. Бірақ, кейін жат жерге де, жұмысқа да үйренісіп кеттік. Ол жақтағы жұмыс берушілер қызметкерлерге жақсы қарайды. Қажетті жағдайдың бәрі жасалған. Тұрғын үй, үш мезгіл тамақ, жұмыс киімдері және тұрмыстық қажетті заттар тегін беріледі. Жұмысқа алып барып, алып келетін көлік те бар еді. Осылай бір жыл зауытта істеп жүрдік, – деді кейіпкеріміз.
Кейін құрылыс компанияларына ауысқандығын айтқан Амантай ол жерде қазақстандық жастардың көп болғандығын да жасырмады. Себебі, құрылыста жалақыны көбірек төлейді екен. Алайда, жағдайы нашарлау болды деп сөзін жалғады.
– Басында орналастырған үйлері дымқыл әрі салқындау еді, қыстың күні суық болатын. Онымен қоса, асханасында шошқаның еті берілгендіктен, біз азық-түлікті сатып алып, өзіміз тамақ әзірлеуге мәжбүр болдық. Құрылыстың жұмысы зауытпен салыстырғанда әлдеқайда ауыр, әрі қауіптілігі жоғары. Әрине, қырық қабатты биік ғимараттарды тұрғызу оңайға соқпайтыны белгілі ғой. Құрылыста тек біздің елдің азаматтары ғана емес, сонымен қатар Қытай, Ресей, Қырғызстан, Өзбекстан азаматтары да жүрді.
Құрылыста жүргенде жарақат алып емханаға түскен кездер де болды. Бірақ, біздің заңды құжатымыз болмағандықтан, ауруханаларда толық қаралып, емделуге мүмкіндік болмады. Оның үстіне ай сайын құрылыс басында тексеріс жүргізілетін. Біз заңсыз жұмыс істеп жүргендіктен, тексеріс кезінде қашып, тығылуға мәжбүр болдық. Дегенмен, пайдалы жақтары да көп еді, – деп бір түйіндеді Амантай.
Қызықты сәттердің көп болғандығын, алған әсерлерінің жақсы екендігін, демалыс күндері қаланы аралауға уақыт табатындығын да айта кетті.
– Жұмыс уақыты таңғы сағат жетіге он бес минут қалған кезде басталатын. Бір қызығы, сол он бес минутта барша корей халқы бірдей жаттығу жасайды. Жаттығуды жасауға шығарылған өзінің әнұраны да бар. Кореяның қырықтан асқан адамдары жұмысқа берілген әрі тиянақты болып келеді. Ал жиырма шамасындағы жастарының жұмысқа қабілеттілігі сәл төмендеу. Бірақ, соған қарамастан кәрістер өте қарапайым, сабырлы халық екен. Сырттан келген жұмысшыларды бөліп-жармай барлығына бірдей сыйластықпен қарайды.
Жалпы, Кореяда жұмыс істеп жүрген қазақстандық жастар көп. Барлығының ойлағаны – ата-анасына көмектесіп, баспана алу. Өзім білетін таныстарымның көпшілігі тапқан табыстарына көлік және үй алды. Сол жақта жүріп, отбасын құрғандары да бар. Мен білетіндердің ішінде кәріс қызын алғандар болған жоқ. Өзіміздің қыз-жігіттер сол жақта бірін-бірі кездестіріп, ұнатып қосылып жүрді.Бірге жұмыс істеген жігіттермен елге келген соң да жақсы араласып кеттік. Себебі, өзге елде қиын сәттерді де, қуанышты, қызықты кездерді де бірге өткердік.
Осы жақында ғана елге оралдым. Кореяда үш жылға жуық жұмыс істеппін. Шынымды айтайын, Кореяға барғаныма өкінбеймін, себебі, еңбегімнің жемісін көрдім. Қазір елімізде жастардың қолы бірден жете бермейтін баспанаға қолым жетті. Сол жақта жүріп жинаған қаражатпен ата-анама да көмектесіп, несиелерін жауып бердім.
Жастарға дәл осылай жұмыс істеп ақша табуға болады деп насихаттаудан аулақпын. Бәлкім, менің тағдырым осылай болған шығар. Өзім сәтті жұмыс істеп келдім деп ойлаймын. Себебі, құрылыстағы ауыр жұмыстан жарақат алып, зардап шеккендер де болды. Денсаулығың болмаса олай қиналып тапқан ақшадан пайда жоқ. Бәрі бірдей керемет бола бермейді. Қазір елде денсаулығын құртып алып, аурудың машақатын көріп отырғандар да бар. Сондықтан, жастар өздерінің шама-шарқын біліп, не нәрсені болсын ойланып істесе екен деймін, – деп сөзін аяқатады.
Еңбекқор жастар елдің болашағы деп санайтын Амантай біздің елде жастарға көбірек көңіл бөлініп, тұрақты жұмыспен қамтамасыз етілсе деп армандайды. Қазіргі жұмыспен қамту орталықтары ұсынып отырған жұмыстардың жалақысы әсіресе, қаладағы күн көріске аздық ететіндігін айтады. Сол себепті, ел азаматтарының біразы тұрмыс жағдайын жақсарту үшін шет елден жұмыс іздеуге мәжбүр дейді кейіпкеріміз.
Статистикалық деректерге сүйенсек Кореяда жұмыс істеп жүрген қазақстандық жастар ай сайын елімізге 5 миллиард теңге жіберетіндігі жазылған. Сонымен қатар, қазір Кореяда заңсыз жұмыс істеп жүрген 9996 қазақстандық бар екен. Бұл тек Корея-
да жүрген азаматтар жайында ақпарат. Ал, бұдан бөлек басқа да мемлекетте жүрген отандастарымыз да бар ғой.