Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Қасиеттің қалғымайтыны ғанибет - АРҚА АЖАРЫ

Қасиеттің қалғымайтыны ғанибет

Осынау ұлық сөзді ұлықтауды табиғи қарапайымдылығымызбен бастайықшы. «Алмас қылыш қап түбінде жатпайды». Өз заманының өзекжардысы болса да бекер айтылмаған нақыл. Тарихи табиғатына терең бойлаған сайын, мәнін мәңгілік жоғалтпайтын көп тармақты ғақлия биіктей түспек. Соның маңызды бір парасы – ескерткіштерге қаратып сөз тербетсек дейміз. «Көкшенің төрге ілінген кілеміндей» деп біздің газет жазатынындай, зерлі де зерделі Зерендінің «хош көрдік қақпасында» Балқадиша Ыбырайқызының ескерткіші тұрғызылды. Қуандық. Бұл ескерткіш қазақ жүрегінде баяғыда-ақ тұрғызылған еді. Көңіл толқыны кеш қалғандай сілем қалдырғанымен тәубе етерлік жағдай!

Ардагерлер бастамашы болды. Бұл заңдылық. Біз де айтқанбыз. Өңірлік бас газеттің өкілі болғандықтан. Түсінікіз тайсақталушылық байқалған. Бұдан біраз жыл бұрынғы әкім Нұрлан Рамазанов «одан да аудандағы жас ақындардың жыр жинағын шығарайық» деді. «Зеренді көктемі» деген кітап жарық көрді. Жақсы болды. Сондағы балаусалардың бірі Алмас Темірбай республиикаға танымал ақындардың төрінде, Жазушылар одағы облыстық бөлімшесінің төрағасы. Бірақ, жинақта Балқадиша тақырыбы қозғалмаған еді. Кезекті әкімдер де селт етпеді. Бертінде Ермек Боранбайұлы Маржықпаев (қазіргі облыс әкімі) Зерендідегі орталық алаңды жарқыратып «Алтын адамды» тұрғызғанына, әрине, ризамыз.
«Өзі қалай болар екен» деген алай-түлей желпілдектің жетегіндегі біз Зерендіге полковник Малғаждар Тәткеевтің әкім болып келгеніндегі «құтты болсынымызда» Балқадиша мәселесін тағы да алға тартқанбыз. Мақұл деді. Сөзге берік екен. Қызық. Істі қолға алғаны сол, басқа ауданға, Целиноградқа әкім болып кетті. Оның орнындағы Асқар Мұратұлы бауырымыз азамат екен. Жалғастырды. Малғаждар құлағына құймаған шығар. Көңілдегіні жіптіктей қылып жұртшылықтың рухани азығына жаратып берді. Әміре ағамыздың Париждегі көрмеде шырқаған «Балқадишасы» Көкше көгінде қалықтап тұрғандай күйге бөленесіз.
Жалпы, осы «Балқадиша» әнінің тууына қатысты әрі-сәрі түсінік қалмай келеді. Ақан сері ағамыздың қызғұмыр жайлы тағлымын түсінуде біржақты кетіп жатамыз. Өзім Балқадиша туған Кеңөткел ауылының құдасы болғандықтан ғана емес, бұл кісінің бертінгі үй-баранымен араласқандықтан, аяулы ана тарихын аша түскен жөн деп білеміз. Кеңөткелдегі қызының үйінде Балқадишаның полотнодағы суретін көргенім бар. Ескерткіш тұғырдағы сол деп есептейік. Ал, «85-95-ке» келсек, ән туған кезде ақынның жанында оның ұлы Ыбанның болғандығын қайда қоямыз? Шын ақын мұндайда бөтен мінез танытпайтыны анық. Ақын өз шығармаларында Бәтима, Ақтоқты, Ұрқия, Жамал, тағы басқа арулар жайында өрім өлең туғызғанын білеміз… Мұны да есте сақтаған жөн.
Қайырымға келсек, салтанат салтанат деңгейінде өтті дейді жұрт. Солай шығар. Осы жолы біраз аруақ аунап түскені анық. Жыр дүлділі Ақан сері Қорамсаұлы нөкерлерімен бірге Жыланды тауының етегіндегі атақты Тіржан қажының отауына ат басын тірейді. Сол мезетте көршілес Кеңөткелдегі Монтай Мұсаның ауылында шілдехана болып жатады. Атақты ақын келді деген соң, құрмет шақыруынан бас тартпаған Ақан ағаның «Балқадиша» сияқты көркем әні кең дүниеге тарап кеткені сондықтан деп қабылданғаны мәлім. Осыған жалғастырып айтайық, әлгі шілдеханадағы сәби – Баймырза Көкшетау облыстық газетінің бас редакторы, белгілі жазушы марқұм Жанайдар Мусиннің әкесі еді…
Бірсыпыра уақыт өтті ғой деймін, Ақкөл темір жол стансасы алаңында атақты Қозы Көрпеш-Баян сұлудың ескерткіші орнатылыпты. Электричкамен өткен-кеткенде көреміз. Жанына барып, жазуын оқымасаңыз бұлардың Қозы мен Баян екендігінен көпшілік хабарсыз. Содан да болар, әсер әлсіз. Осы ескерткіш жартылай жасырын ашылғандай әсер қалдырады. Мұндайда жар салу керек еді. Маңызына бойламағандықтан шығар. Бәрі күйіп кетсе де, мәңгілік махаббат жаршыларының ұлағатын ұлықтаудағы ниетімізді қастерлеп жүргеніміз жөн емес пе? Жадымызды жоғары ұстасақ дегеннен айтып тұрғанымыз ғой, әйтпесе, ақкөлдіктердің бастамасына бас игендей көңілдеміз.
Биыл ескерткіштердің бағы ашылған жыл болды. «Рухани жаңғыру» бағдарламасының шарапаты көл-көсір екендігіне куә болып тұрмыз. Қазақстандағы тұңғыш алты жолақты автобанның бойында бес бірдей ардақтымыздың: Кенесары ханның, Ақан серінің, Біржан салдың, Балуан Шолақтың, Үкілі Ыбырайдың ғажайып ескерткіштері ашылды. Халық тарихын тұлғалар жасайды. Қасқа жолдың төріндегі қастерлілеріміз бүгінгі ұрпаққа «Жолдарың ашылсын!» деп, ақжарылқап батасын беріп тұрғаны қандай ғанибет! Бұл халықтық қасиетіміздің ешқашан қалғымайтынын білдіреді.

Бақберген АМАЛБЕКОВ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар