Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
«Ұлы даланың жеті қырына» арналды - АРҚА АЖАРЫ

«Ұлы даланың жеті қырына» арналды

Астрахан аудандық мәдениет үйінде Ақмола облыстық ардагерлер кеңесі төралқасының көшпелі семинары болып өтті.

Семинар жұмысына облыстық ардагерлер кеңесінің төралқа мүшелері, республикалық ардагерлер ұйымы орталық кеңесі төрағасының бірінші орынбасары Ө.Озғанбаев, Астрахан ауданының әкімі Н.Сейілов, Ақмола облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Ғ.Шойкин, Ақмола облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Д.Ахмеджанова, Қазақстан Респуб-
ликасы Денсаулық сақтау министрлігінің «Ақмола облысы бойынша тауарлардың және қызметтердің қауіпсіздігін бақылау департаменті» бастығының орынбасары В.Зимов, Астрахан ауданы әкімінің орынбасары Ж.Шахпұтова және облыстық ардагерлер кеңесінің өкілдері, аудандық, қалалық ардагерлер кеңесінің төрағалары мен төрайымдары қатысты.
Семинарда «Облыстық ардагерлер ұйымдарының Н.Назарбаевтың «Ұлы даланың жеті қыры» бағдарламалық мақаласын жүзеге асыру жөніндегі міндеттері туралы» Ақмола облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Ғосман Төлеғұл баяндама жасап, облыстық ардагерлер ұйымдарының жоғарыда аталған мақаланың қағидаларын жүзеге асыру жолындағы атқарып жатқан жұмыстарының нәтижесін нақты дәлелдермен көрсетіп берді. Ол өз сөзінде:
– Бұл мақаланың жарық көруі бүкіл қоғамымыз үшін және бір өзекті оқиға болғаны белгілі. Көптен күткен осынау құжат еліміздің дамуын, ұлтымыздың өркениет төріне шығу жолдарын айқындап берген шын мәніндегі рухани бағдарлама. Бүгінде мақаладағы қағидалар мен талаптарды іске асыру бойынша көптеген жұмыстар жүргізіліп жатыр. Сондықтан, бұл бағдарлама бізге әлі көп уақыт мағыналы қызмет ететін аса маңызды бағыт болып қалмақ, – деді Ғосман Төлеғұл.
Мақалада автордың тарихи болмысымыздың басты қыры ретінде алдыңғы орынға «Атқа міну мәдениетін» қоюында үлкен мән бар. Біздің ертедегі ата-бабаларымыздың бұдан алты мың жылдай бұрын планетада алғаш жылқы малын қолға үйреткендігі бүгінде ғылыми дәлелденген дерек. Атқа міну мәдениеті мен жылқы шаруашылығы жер жүзіне Ұлы даладан тарағаны тарихтан белгілі. Бұл қазақ халқының тамыры өте тереңде екендігін, тегі асыл екендігін білдіреді, сол асылдықты ендігі жерде жасампаздықтың, өркениетті әлемнің биігінен лайықты орын алудың негізі ету қажеттігін мегзейді.
Баяндамашыдан кейін сөз алған Астрахан ауданы әкімінің орынбасары Жанар Шахпұтова семинарға қатысушыларды бүгінгі күні аудан белсенділерінің аталған мақаланың қағидаларын жүзеге асыру барысында жүргізіп жатқан келелі істеріне жан-жақты тоқталды.
Жарыссөзге шыққан Бұланды аудандық ардагерлер кеңесінің төрайымы Күлән Сейдахметова, Есіл аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Серғали Үсіпов аудандық ардагерлер кеңестерінің Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласындағы қағидаларды өміршең етуде ардагерлердің тындырып жатқан абыройлы жұмыстарын атап өтті.
Семинар жұмысының соңында сөз алған республикалық ардагерлер ұйымы Орталық Кеңесі төрағасының бірінші орынбасары, академик Өмірзақ Озғанбаев «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласының қыры мен сырына тереңірек үңілді.
Елбасы мақаласының жарияланғанына едәуір уақыт өтті. Халықтың бүкіл топтары, барша ардагерлер қауымы онымен негізінен толық танысты деуге болады. Ендігі мәселе осынау маңызды құжаттың терең мәнін әр замандасымыздың көкейіне жеткізе беру қажет, бұл тұрғыда үлкен идеологиялық жұмыс жүріп жатыр, оны жалғастыра беру керек.
Автор атап көрсеткеніндей, біздің ата-бабаларымыз тіршіліктің қайсыбір саласында болмасын өзіндік із-таңбаларын қалдырды. Мәселен, оюлап кескіндеуді, металмен жұмыс істеудің техникасын, құймалар құюдың, жайма алтын дайындаудың күрделі әдістерін жақсы меңгерген. Ата-бабаларымыздың ғаламат мұрасын жаңғырта отырып, оны ендігі ұлы істердің іргетасы етудің маңызы зор.
Жарыссөзде өз ойын одан әрі жағастырған ардагер академик осы уақытқа дейін Ақмола облыстық ардагерлер ұйымында бұл тұрғыда біршама жұмыстар атқарылғанына және келесі жылы аталып өтілетін Ұлы Жеңістің 75 жылдық торқалы тойына әзірлік жұмыстары жүргізіліп жатқандығына баса назар аударды.
Төралқа мүшелері, қатысушылар және аудандық, қалалық ардагерлер кеңестерінің өкілдері Ұлы Отан соғысында қаза тапқан жауынгерлерге қойылған ескерткішке гүл шоқтарын қойды, содан кейін дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің және шығармашылық үйіндегі аудандық музейдің жұмысымен танысып, «Рухани жаңғыру» шеңберіндегі кітап көрмесінде болды.
Шара соңы аудандық көркемөнерпаздар үйірмесіне қатысушы ардагерлердің соғыс жылдарындағы әндер мен қазіргі заманның әуендерін тамашалауға ұласты.
Үкітай АХМАДЕЕВ,
облыстық ардагерлер кеңесінің жауапты хатшысы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар