Күй тартсаң, Жеңістей тарт, төкпелетіп!..

Оң мен сол қолдың саусақтарын бірдей ойната отырып, көз ілеспес шапшаңдықпен сан түрлі қағыстарға салып, бірде екпіндете, дауылдатып, ереуіл күйге елтіп, төкпелетіп отырған дүлдүл домбырашы орнынан қопаңдап түрегеп кете жаздайды. Енді бірде баппен ойнап, жүрек қылын шертіп, тербейді. Домбыраны түрегеп те, артына ұстап та, жоғары кеудесіне көтеріп те, басынан асырып та сан түрлі әдіспен сөйлете алады. Күй бітпесе екен, сырлы әуен толастамаса екен дейсің. Себебі, күй дегеніміз жай ғана сырлы әуен емес, ол қазақтың бүкіл тарихының шежіресі, жабырқаса мұңдасы, жадыраса сырласы екен ғой. «Күй тартсаң, Жеңістей тарт төкпелетіп», – деп жатты көрермен. Беу, шіркін, өнер адамы үшін, халықтың осындай ыстық ықыласы мен бағасынан асқан ерекше ілтипат жоқ та шығар…

Ежелден қазақтың алтын қазығы, түп тамыры, салт-дәстүрі мен мәдениетінің, діні мен тілінің қайнар көзі ауыл екендігін ешкім жоққа шығара қоймас. Сондай құт қонып, сәні мен салтанаты жарасқан, бірегей мәйекті ауылдың бірі – Біржан сал ауданындағы Сәуле ауылы.
Бұл ауыл талай-талай дарабоз тарландарды, небір атақты шежіре дүлдүлдерді дүниеге әкелген киелі мекен. Бұл ауылдан екпінімен тау жыққан еңбек ерлері, саусағынан бал тамған шеберлер, өмірін өнермен өрнектеген өнер тарландары, шанағынан дауыл тұрғызып, күй төккен дарабоз күйшілер шыққан. Сәулеті мен дәулеті жарасқан осынау шағын ғана ұядай ыстық мекеннің бүгін де талай саңлақтар, қарлығаш қанатты таланттар жоқ емес. Сондай ардақты азаматтың бірі – біз жоғарыда тілге тиек еткен Жеңіс Әлжанов.
– Бала кезімізден домбыраның үнін, ырғағы мен екпінін, иірім қайырымдарына құлаққа құйып, жүрекке түйіп өстік. Біз атақты Біржан салдың аталас ағайыны Бертістің бес баласынан тараймыз. Өнер бізге қанмен дарыған болар. Әкемнің туған інісі Зәлел аға бізді жастайымыздан өнерге баулып өсті. Мектепішілік, ауданда, қала берді облыс деңгейінде өтетін байқауларға өзі даярлап, білгенін үйретіп, қатыстыратын. Ал, мені күй өнеріне баулыған төкпе және шертпе күйдің шебері, дәулескер күйші Тастанбек Арыстанбекұлы еді,–деп бастаған әңгімесін Жеңіс аға әрі қарай былайша сабақтады. – Өнер қанмен берілетін қасиет. Алайда, бойға берілген тұма талантты еңбекпен ұштамасаңыз жемісін бермейтіні тағы бар. Кейін орта мектепті тәмамдаған соң, мамандық таңдауға келгенде бірден Көкшетаудағы Біржан сал атындағы музыкалық колледжінің домбыра класына оқуға түсуді ұйғардым. Сол кезде бұл ордалы оқу орнын Манарбек Бексейітов басқаратын. Манарбек аға ордалы оқу орнының директоры ғана емес, сол жылдары білім алған талай жастың өнердегі жанашыры болатын. Мен колледж-
де (ол кезде училище аталатын) дүлдүл өнерпаз, дәулескер домбырашы Әміржан Макеновтың класында тәлім алдым.
Колледж тәмамдағаннан соң Жеңіс туған жері Сәуле ауылына оралып, өнер саласындағы еңбек өтілін 1994-1997 жылдары Сәуле ауылдық клуб меңгерушілігінен бастап, күні бүгінге дейін осы салада талмай еңбек етіп келеді.
2011 жылы Челябинск мәдениет және өнер академиясын халықтық көркем шығармашылық және музыкалық аспаптар ұйымының көркемдік жетекшісі мамандығы бойынша тәмамдады. Сәуле орта мектебінде оқушы балаларды өнерге баулып жүрген ұстаздың шәкірттері бұл күнде мектепішілік, аудандық, облыстық, қала берді республикалық байқауларға қатысып жүлделі орындарға ие болып жүр. Сәуле ауылында өтетін мәдени шараларға белсене қатысатын мектеп мұғалімдерінен құралған әншілер тобына да халық ықыласы ерекше. Үш дауыста ән салатын трионың құрамында Жеңіс Әлжанов, Олжабек Алтаев, Гаухар Балтабек бар.
«Тегі жақсы тегін болмас» деген қазақ. Жеңіс ағаның үш ұлы да өнерпаз. Тұңғышы Иманғазы болса, облыстық «Қасиетті домбыра» атты ән байқауында жүлделі 1-ші орынға ие болған. Ұлттық домбыра күнінде Нұр-Сұлтан қаласында өткен домбырашылар шеруіне қатысып келді.
Қорқыт бабамыздан бастау алып, кешегі Сүгір, Ықылас, Дәулеткерей, Құрманғазы, Дина, Тәттімбет, Тоқа сынды сұрапыл күйшілерден аманат болған асыл мұраны кейінгі ұрпаққа мирас ете отырып, дәстүр сабақтастығын ұғындырып, насихаттап жүрген өнерпазға біз алдағы уақытта да шығармашылық табыс тілейміз!

Ұлмекен ТЫНЫШТЫҚҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Суретте: Сәуле орта мектебінің мұғалімдерінен құралған трио: (солдан оңға қарай) Гауһар Балтабек, Олжабек Әлтаев және Жеңіс Әлжанов.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар