Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Щучинск жоғары техникалық колледжінің директоры, Ақмола облыстық колледж директорлары кеңесінің төрағасы Шоқан ОРАЗАЛИН: «Білімді ұрпақ – ертеңгі елдің тірегі» - АРҚА АЖАРЫ

Щучинск жоғары техникалық колледжінің директоры, Ақмола облыстық колледж директорлары кеңесінің төрағасы Шоқан ОРАЗАЛИН: «Білімді ұрпақ – ертеңгі елдің тірегі»

Біздің жоғары техникалық колледжінің құрылғанына биыл 85 жыл толғалы отыр. Білімнің қара шаңырағы осы уақыт ішінде мыңдаған түлекке үлкен өмірге жолдама берді. Рас, бұл жылдары оқу орнының атауы да бірнеше рет өзгертілді. Алайда, оның қоғамдағы беделі мен орны биіктемесе, төмендеген жоқ. Білім ордасы әрдайым ел экономикасының дамуына сүбелі үлес қосып келеді деуге әбден негіз бар. Себебі, техникалық маман экономиканың басты қозғаушы күші. Яғни, кез-келген елдің экономикасының қарқынды дамуын қамтамасыз ететін негізгі күш – жоғарғы білікті жұмысшы кадрлары мен орта буынды мамандардың қолында екендігі сөзсіз.

2018 жылы екі колледжі, атап айтсақ, аталмыш жоғары колледж ұжымы мен индустрия, туризм және спорт колледжі біріктіріліп, нәтижесінде біздің оқу орнының жаңа тарихы басталды десек артық айтпағанымыз. Алдымен аз-кем өткен күнге көз жүгіртсек дейміз.
Отызыншы жылдардың орта шенінде ауыр өнеркәсіптің тау-кен өндіру саласы үшін білікті мамандар ауадай қажет еді. 1934 жылы біздің мекемеде алғашқы екі мамандық ашылды. Атап айтсақ, «Алтын кен орындарын игеру» және «Алтын металлургиясы». Алғашқы лекте 56 студент оқыды. Кейін тау-кен техникумы тау-кен өнеркәсібі үшін мамандардың: кен орындарын игеру жөніндегі техниктердің, техник-металлургтердің бейіндерін үнемі кеңейтіп отырды, содан геолог-барлаушылардың, тау-кен электромеханиктерінің, электр станцияларының мамандарын, есепшілерді, техник-механиктерді, техник-технологтарды даярлай бастады. Қандай да бір жаңа мамандық бойынша оқыту КСРО халық шаруашылығының сұраныстарымен, ал, қазіргі кезеңде біздің республикамыздың экономикалық даму мүдделеріне сәйкес келді және келіп отыр. Техникумды қалыптастырудың алғашқы онжылдығы, соғыс және одан кейінгі қиын жылдар аралығында колледж-
ге басшылық еткен директорлардың есімдерін зор құрметпен еске алып отырамыз. Олар: Д.П.Шамеев, Т.И.Исаканов, Ф.М.Насыров, Е.Б.Носальский, П.И.Белоусов, А.Ф.Ксенофонтов, Б.П.Карпенко, И.Е.Кузнецовтар. Осы орайда, колледжді 27 жыл бойы басқарған директор Куценко Петр Константиновичтің есімі колледж тарихында өшпес өнеге болып қалатыны анық.
Бүгінгі таңда жоғары техникалық колледж материалдық-техникалық базасы берік, жоғары білікті инженер-педагогикалық ұжымы қалыптасқан, еліміздің индустриалды-инновациялық даму талаптарына жауап беретін мамандарды даярлайтын оқу орнының жаңа үлгісі дер едім.
Колледждің инженерлік-педагогикалық ұжымының басты миссиясы – жан-жақты дамыған, ұлттық және халықаралық деңгейде сұранысқа ие, өмір бойы өзінің кәсіби және зияткерлік әлеуетін дербес арттыруға қабілетті, бойында патриот-азаматтың қасиеттері бар маманды қалыптастыру үшін жағдай жасау болып табылады.
Педагогикалық еңбек ардагерлері жас әріптестеріне үлгі болып, өз тәжірибелерімен бөлісуде. Олардың қатарында оқу жұмысы бойынша директордың орынбасары болып қызмет ететін М.К.Ехласова бар. Сонымен қатар, жиырма жылдан астам колледждің тәрбие жұмысын жандандырып, жетекшілік етіп жүрген К.Е.Уразғожинаның еңбегін атап өтпеске болмайды. Энергия-механикалық бөлімін жиырма жылға жуық басқарған Е.М.Васина, сондай-ақ, Т.В.Зубова, О.А.Трещева, Л.П.Шайбель, И.В.Фоменко, А.К.Сабурова, К.М.Жаманбаева, А.Т.Тостамбекова, Г.Ц.Деминская, А.Б.Жүнісова,Т.Ю.Сонина, П.Н.Лондарь әрдайым жоғары кәсібилік және жауапкершілік сезімін арқалаған жандар. А.В.Семкин, С.В.Злочевская, С.Н.Юсупова, М.А.Табакова, Ә.Өтетілеу, И.А.Торичная, К.Н.Посметухова, Д.В. Ширшов, Р.Л.Ганичева, Б.Х.Букаева, М.Е.Мақанов, Р. Ж.Шудабаева және басқаларына да осындай жылы лебіздер білдірсек артық емес.
Өскелең ұрпақты оқыту және тәрбиелеу ісінде ерекше еңбегі үшін М.К.Ехласов, К.Е.Уразғожина, Е.М.Васина, О.А.Трещева, Т.В.Зубова, Т.М.Стасевич, К.Д.Ахметова, Д.К.Балғожина, Ж.Шариповалар мемлекеттік наградалармен марапатталды.
Ұжым өзінің бірінші директоры – Қазақстан Республикасының Құрметті білім беру қызметкері, «Үздік басшы» дипломының иегері Валерий Николаевичті де ризашылықпен еске алады.
Бүгінгі Щучинск жоғары политехникалық колледжі – бұл заманауи дәрісханалары, жаңа технологиялық жабдықтары, білікті оқытушылар құрамы бар, шетелдік серіктестерімен ынтымақтастықты берік орнатқан әлеуеті жоғары білім ордасы. Сөзіміз дәйексіз болмасын, білім сапасын қамтамасыз ету тәуелсіз агенттігінің бағалауы бойынша Щучинск қаласындағы жоғары техникалық колледжі, Қазақстан Республикасының техникалық колледждері арасында 2017-2018 жылдар аралығында құрылған республикалық рейтингте екінші орын алды.
Колледж түлектері Қазақстан Республикасының, сондай-ақ, таяу және алыс шетелдің жетекші кәсіпорындарында қызмет атқарады. Колледжіміздің түлектері таңдаған мамандықтары бойынша жұмысқа орналасып, еліміздің өркендеуі жолында аянбай еңбек етіп келеді.
Биылғы жаңа оқу жылында колледж 18 мамандық бойынша 1178 студентті қабылдады. Біздің колледжді «білікті кадрлар ұстаханасы» деседе артық емес. Себебі, тек біздің оқу орнымызда үш оқытушы «Үздік педагог» атағына ие болды. Мәселен, «Үздік педагог-2018» байқауында колледж оқытушысы К.Бекенева бас жүлдемен марапатталса, Ақмола облысының техникалық және кәсіптік білім ұйымдары арасында «Үздік өндірістік оқыту шебері – 2017» байқауының қорытындысы бойынша 2015 жылдан бас-
тап колледждің үздік студенттері «WorldSkills» ұлттық кәсіби шеберлік байқауына қатысып жүр. Олар Ақмола облысында өткен «WorldSkills» аймақтық кезеңінде бірінші орын алып, облыс намысын республикалық деңгейде қорғаған болатын. Владислав Ефимович, Никита Назарьев, Антон Мельхиор, Павел Алферьев, Павел Быков, Алишер Камешев, Наталья Баталина, Альбина Шайнурова, Александр Пушкарев – осы балалардың есімдері «WorldSkills» қозғалысының тарихына жазылды. 2019 жыл – «WorldSkills» аймақтық кезеңіне қатысқан студенттер үшін өте табысты жыл болды. Мәселен, «Графикалық дизайн» аталымында Валентина Пономаренко жүлделі 1 орынмен марапатталса, «Желілік және жүйелік әкімшілендіру» бағытында Михаил Агапов та 1 орынды иеленді. «Web-дизайн» аталымында Ростислав Смирнов 1 орынмен марапатталса, «Мейрамханалық сервис» бағытында Данил Мозолин – 1 орын, «Наубайхана ісі» бойынша Ксения Запольник жүлделі 3 орынға ие болды. «Электромонтаждық жұмыстар» аталымында Гамов Виталий – 3 орын және «Аспаздық іс» бағытында Скачков Владислав – 4 орыннан көрінді. Бұл балалардың жеңістерінде Т.В.Сонина, В.А.Мамасалиева, Р.Л.Ганичева, О.В.Коломиец, А.М.Кириленко, С.С.Искакова, Р.М.Шудабаева, К.Н.Посметухова, Б.Н.Имаканова сияқты тәлімгерлерінің үлкен жұмысы тұр. Сонымен қатар, «Гурман» облыстық конкурсында да жалпы командалық есепте Щучинск қаласының жоғары техникалық колледжі командасы жеңіске жетті.
Жалпы, Ақмола облысында 33 техникалық және орта кәсіптік білім беретін оқу орны бар. Олардың 26-сы мемлекеттік болса, 7-еуі жекеменшік саналады. Қазіргі таңда облыста 22 мыңға жуық оқушы орта кәсіптік мамандықты меңгеруде. Жұмысшы мамандықтары бойынша кадрлар даярлау 2016 жылы 20 пайызды құраса, 2019 жылы 60 пайызға дейін ұлғайтылды. Жұмысқа орналастыру 72 пайызды құрап отыр. Студенттер тегін тамақтанумен, шәкіртақымен, жалақымен қамтамасыз етілген.
Әр оқу жылы облыстың ғылым және білім қызметкерлерінің кәсіби одағы және облыстың білім беру басқармасы өткізетін «Ұстаз» ірі облыстық спорттық іс-шарасымен аяқталады. Жыл сайын Щучинск қаласының командасы осы спорт мерекесіне қатысады және тек қана қатысып қоймай, жалпы командалық есепте де, жеке спорттық түрлерінде де жеңіс тұғырынан көрініп жүр. Міне, 2019 жылы да біздің команда алты спорт түрінің бесеуінде жүлделі орындарға ие болды. Осы орайда команда капитаны Д.В.Бобенконың еңбегі орасан.
Оқытушылардың, студенттердің аудандық, облыстық және республикалық деңгейдегі байқаулардағы барлық жеңістерін атап өту мүмкін емес. Әрбір жетістіктің артында колледждің әрбір қызметкерінің қажырлы еңбегі, жетістіктердің жалпы қоржынына өз үлесін қосуға деген ықыласы тұр.
Тәжірибелі педагогтардың зияткерлік, шығармашылық әлеуетін біріктіре отырып және біздің өткенімізге бай іргелі құндылықтарға, тарихи-мәдени дәстүрлерге сүйене отырып, өз жолымызды жалғастырып келеміз. Ең бастысы алдағы уақытта да жастарды тәрбиелеуде сабақтастықты сақтай отырып, мәдени, оқу, ғылыми, кәсіби орталық болып қалу. Осы орайда, облыстық колледждер кеңесінің төрағасы ретінде, мұғалімдер күні қарсаңында барша әріптестерімізді төл мерекелерімен шын жүректен құттықтаймын! Біз кемел де терең біліммен қаруланған, ғылым мен техниканың сан қырлы тетігін меңгерген, бүкіл әлемдік құндылықтарды бойына сіңіре алған ұрпақ тәрбиелеуіміз керек. Сонда бізді өзге елдер тани түсер еді, біз өзімізді таныта түсер едік. Өйткені, болашақ – жастардікі. Ал, білімді ұрпақ – ертеңгі елдің тірегі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар