Қорғалжын емес, «Қорғанжер» болуы керек

Бұдан екі-үш жыл бұрын қорғалжындықтардың бір үлкен асында: –«Осы сендер маңдайларыңа әдейі жазып қойғандай, «жын» елі атанып, қашанғы «а» десе, «а» деп, «да» десе «да» деп жүре бермексіңдер, ойлансаңдаршы»,–деп құлаққағыс қылғаным бар еді. Содан бергі уақытқа дейін ағайындар сүлесоқ, енжарлық танытуда.

Қазақтың ұлылығы, намысшылдығы, ұлттық идеологиясы, мәңгілігі (автохтондығы) көне халық екендігі – шежіресінде, халықтың ауызша тарихында жатса керек. Шежіре – қазағымның сүйегімен өңделіп, қанымен суарылған киелі, еш елде жоқ феномені. Содан барып, мына егемендік ел болғанда, жалтақтамай, ес жиып, етек жинап, жоғалтқандарымызды тауып, зерделеп, тектілігімізді тірілтіп алу заңды болмақ.
Бірер жыл бұрын Темеш руының шежіресін Абай Төлегенұлы бас-
тап, қалғандары қостап, қолға ала бастағанда, жиналған деректерден Қорғалжын өңірінде мекен ететін Темеш, Тінәлі, Алтай, Бөрші және тағы басқа рулармен қазақ хандарының байланыста болғандығы аңғарылды. Ол жөнінде әр атаның өкілдері өз ойларымен бөлісе жатар деген ойдамын.
Айтпағым, хандарымыздың жүрген іздері (Абылай хан, Уәли хан өз алдына) Ақмола облысында, кең байтақ Бетпақдалада, әріде, сонау ғұн заманынан бергі хандарымыздың түпқазығы болған Ұлытау өңірі атойлап тұрғандай аңғарылады. Астананың іргесіндегі Темештер мекендейтін Тайтөбе өңірі қазақ хандарының мекені болған жер деген де деректер кездесіп қалады (Ж.Артықбаев).
Шыңғыс ханның (Темужиннің) кенже інісінің аты – Темуге, қарындасы – Темулун, мыңбегі – Сунит Темудер және Құбылай қағанның ұлы – Темеші (Қазақ – Арғын – Қуандық ішіндегі бір тармақ рудың тағы да аты Темеш аталуы тегін бе?). Түбір негізі айқын көрініп тұр: «Тему» немесе «Тем» көне түркі тілінде «бекіткіш», «тіреуіш» мағынасын береді (Махмұд Қашқари). Түркі этимологиясын айғақтау – үшінші кезекті мәселе. «Біз тек қана Темужин – «Темірден» алыс, ежелгі мұраларда нақты, дәлме-дәл таңбаланған есім екенін айғақтау үшін ежеледік»,–дейді Мұхтар Мағауин («Шыңғыс хан», ІІ том). Кездейсоқ емес шығар, тіпті жас кезінде Шыңғыс ханға (Темужинге) Темештің ағасы Бөршінің не қорған бола білген жері бар (Қ.Закарьянов).
Осынау оқымыстылардың пайымдауы басқа қазақтың руларымен қатар, түбінде осы өңірде бір көмбе шындықтың жатқанынан елес береді және де құлақ күйін келтірсең, Темеш бабамыздан тараған он үш атаның аттарының өзі (Ханкелді, Жангелді, Базаргелді…) біраз дүниеден сыр шертетіндей.
Жәнібек Шалқары көлінің маңында (көлдің атының өзі айтып тұрғандай) ХІV-ХV ғасырлардағы бір ұлы тұлғаға салынған кесененің қираған орнының табылуы кездейсоқтық па? Қайрат Қожамжаров бауырым: «…под этим майоликим великолепным мазаром покоится прах не менее выдающегося человека. Невольно возникает гипотеза, что не зря озеро называется Жанибек-Шалқар…», – дейді («Теңіз-Қорғалжын ойпатының ғибадат ету ескерткіштері», Астана, 2011 ж). Және осынау өңірде Атбасарға қарай «Керей» деген өзен де бар. Осыдан барып, Қазақ мемлекетінің іргетасын қалаған Керей, Жәнібек хандарымыздың жүрген іздері, мекені аңғарылмай ма?..
«Жайбарақаттықты қашан қояр екенбіз? «По нашему мнению, – дейді Марал Хабдулина – археология ғылыми институтының директоры – Мавзолей этот возведен в честь одного из основателей Казахского ханство – Джанибека султана. Своим местоположением мавзолей указывает на территорию кочевий, родину и место ставки султанов – Керея и Джанибека, создавших в 15 веке Казахское ханство… астана находится в центре исконно казахских земель, в месте, где формировалась этническая территория казахов, зарождались истоки казахской государственности».
Осыдан артық не айтуға болар екен?! Шіркін, барды жоқ қылып жатқан заман. Абайша: «Бас-басына би болған өңкей қиқым». Қорған жерден Қорғалжыннан әрі қарай, Жер Тәңірісі – Ұлытауда «Алаша ханның кесенесі атанып кеткен – Шыңғысхан (О.Нақыпұлы), Жошыхан, тағы басқалары жатыр. Сонда, аздап саңлағы бар адамға, Қазақ хандығының түп тамыры, осынау маңай екендігі аңғарылмай ма? Және де «Ақмола» – көне түрік тілінде «қорған, қамал» деген мағынаны білдірсе керек.
Тарих – ұлт байлығы, еріккеннің емес, ердің ісі. Тарихқа үстіртін, немқұрайлы қарауға болмайды ғой. Баяғыда ұр да жық Петр бірінші бүгінгі нацизм мен фашизмнің негізін қалап, сол заманның өзінде, біздерді «Дикие кочевники», «Поганные татары», – деп кемсітіп, Бекзат хандарымыздың кесенелерін қасақана, қарашекпенділерге қираттырып, көрін қаздырып, тонаттырып (онысын өздері) қарақшы Ермактың құрметіне «ермачить» – дейді), көрден алынған асыл заттарды сақтайтын Кунсткамера ұйымдастырды, біздің жалтақ тарихшыларымыз, әлі де болса, орыстардан қаймығып, кібіржіктеп жүр. Ф.И.Тютчевтің (1803-1873 ж.ж.): – «… после Петра Великого, одно уголовное дело», деуінің мағынасы, әлі күнге дейін жалғасуда.
Жатқан жері жайлы болғыр, академик Анна Михайловна Панкратова (1897-1957 ж.ж.) сол Совет заманының өзінде, ышқына: «Среди рядаисториков существует непременное стремление ухудшить историю Казахского народа, вопреки исторической правде…» дегенінен мына заманда не өзгерді? Сол баяғы жалтақтық, әйтпесе намысы бар ел басқарып жүрген азаматтарға Жәнібек ханның Қорған Жердегі (Қорғалжындағы) қираған кесенесін қалпына келтіруге болады ғой. Содан барып қазақтың 550 жылдық мемлекеттілігі формалды түрде тойланды. Рухымызды асқақтата алмадық. Есесіне бұл өңірде жерленбеген Қабанбай батырға (Қ.Жұмаділов) кесене тұрғыздық.
Ғалым Бүркітбай Аяғанның пайымдауынша, Әбілқайыр ханның еліміздің солтүстік өңірінде әлсін-әлі болуы, әрі бұл өңірдің көнеден бері халқымыздың стратегиялық орталық болғандығы жөнінде ой толғауы тегін бе?
Қорғанжердің «Құланөтпес» өзенінің маңында Жошы хан аң аулай жүріп, мерт болды деген әңгімелер де естіліп қалады. Тіпті, кейбір деректерде Ақмола (Астана) қаласының маңында Тәуке ханның (?-1718 ж.ж.) өмір сүріп, жерленгені жөнінде айтылады.
Ақмоладан сонау Бетпақдаланы уақытында Шуға дейін, мына жағы Ұлытау, алып жатқан өңір «қазақ халқына қорған, пана болған жер, киелі «Қорған жер» атанып, бертін келе қарашекпенділер: – «Кургальджино» деп Қорғалжын деген мағынада, адам түсініп болмастай қылып, ұлы қасиетіне көлеңке түсіріп жібергендей. Мысалға: –Шағалалы өзенін – «Чаглинка», Қатаркөлді – «Котурколь» деп басын жарып, көзін шығарып жібергендері, әлі бәріміздің есімізде.
Кеңес үкіметі құлағанша Қорғалжын елін (қазаққа қорған болған жерді), былай қойғанда тіпті ел азаматтарының өзіне, басқа ұлт өкілдері, келеке қылып, олардың адал асын жеп, суын ішіп отырып, «бешбармачники», адалдықты іздегендерді «жалобщики» деп жек көріп, мазақ қылып жүрді. Қорғалжын атауын, өзінің бір еңбегінде Ә.Марғұлан, қалмақтың «қорғасын» деген сөзінен шығарғысы келгені де үстірт пайым сияқты, қисынға келіңкіремейтіндей, әрі намысыңа тиеді. Әлекеңнің өз басына қауіп төніп жүргенде, тереңге уақыты келеді деп әдейі болмауы да мүмкін.
Топоним – ұлтымыздың түйсік-танымы, рухани байлығы, тіпті геномы десе де болғандай. Туған елінің географиялық топонимін – жеріміздің тек өзіне ғана тән қасиетіне қарай дәлме-дәл атап, біліп, аялай білу, біздің көнеден келе жатқан ел екендігіміздің айғағы болса керек.
Осынау пікірді академик В.Бартольд та (1869-1930 ж.ж.) уақытында таңдай қағып қостап, түркі халықтарының жер атауларының дәлдігіне таңданысын білдірген.
Еліміздің солтүстік аймағында, көнеден бергі хандарымыздың батпандай іздері жатқандығының объективті себептерінің әлі де анықтала қоймағандығы жөніндегі ойды ғалым Бүркітбай Аяғанның «Әбілқайыр Шайбан» деген 2018 жылы шыққан еңбегінен де аңғаруға болатындай.
…Өшіп бара жатқан қоламтаның ішіндегі шашырай жылт-жылт етіп сығырая көрінген шоқты мен де үрлеп, жан бітіртіп, неге тірілтіп алмасқа деген ой мазалайды.
Мың өліп, мың тіріліп келгеніміз де тарихи шындық. Ол жөнінде академик Владимир Владимирович Вельяминов-Зернов (1830-1904 ж.ж.) былай деді. «Сведения сообщаемых о казахах Мухамед Хайдаром, кончаются 1537 годом, когда Тогумхан с 37 султанами пал в бою с коалицией из Чагатаидов и Шейбанидов, при этом историк замечает, что «казахов совсем не осталось на свете». Вельяминов-Зернов, это заявление Мухамед Хайдара (1499-1561 ж.ж.) преувеличенным, так как «по прошествии каких-либо 20 лет, казахи опять стали, если не грозными, то все же опасными для соседей» деуі, қазақ халқының біржолата жойылып кетпей, осынау еліне қорған бола білген стратегиялық жағынан киелі жерінде («Қорған жерде») – бүгінгі Қорғалжын өңірінде күш-қуат жиып, өсіп-өнгендігі, есі түзу қазаққа атой салып, менмұндалап тұрғандай көрінеді. Және де тарихшы-ғалым М.Тынышпаев (1879-1938 ж.ж.): – «Мұхамед Хайдар айтқандай, Жәнібек хан қазақтары құрып кетті» – деуі, еш тарихи қисынға келмейтінін еңбегінде, дәлелді түрде айшықтап, әр қазақтың қанына жылылық ұялататындай, әсерлі жазған.
…Сол соғыстан кейін, Шу бойынан қазақтар көрінбесе, оларды құрыды, жойылды деуге бола ма? Біле-білгенге ХХ ғасырдың 30-шы жылдарына дейін (жағрафиялық картада) ақмолалықтардың жаз жайлауы терістікте болса, қыс қыстауы Шу өзені бойына дейін Бетпақдала арқылы созылып жатқандығын, Моголистан билеушілерінің қатарында, Индиясында жүрген Мұхамед Хайдари қайдан білсін… Көшімхан да Ермактан опық жеп, «Қорған жерге» (Қорғалжынға) шамамен 1584 жылы келіп, паналап (Г.Миллер), жарасын жазып, күш жинап, қайта аттанып, Ермактың көзін жоюы тегін бе? Осыдан кейін бүгінгі Қорғалжын өңірі, қазаққа қорған болған жер емес деп кім айта алар екен?!
Тіпті 2019 жылғы 30 қаңтардағы «Егемен Қазақстан» газетінде: –Ботағай кесенесі – Ақмола облысы Қорғалжын ауданының орталығынан шығысқа қарай Нұра өзенінің сол қапталында екі шақырым қашықта орналасқан. Нысан алғаш рет қазақ даласын көктей шолған ресейлік елді-барлаушылар Ф.Скибин және М.Трошиннің белгілеуімен, 1694 жылы империялық картаға сызбасы алынған. 20 парақтан тұратын осы құжатта Ботағай кесенесі (Бытығай, Татағай) «Қазақ ордасы» дейтін атаумен таңбаланып, оған «ХІ-ХІІ ғасырларға тән сәулет ескерткіші» деген жобалау анықтамасы берілген.
Шынтуайтында еліміздің ордасы, қорған болған жерді, қарашекпенділердің біздерді келекелеп, «Кургальджин» деп бөркімізді теріс кигізіп, мазақ қылуы, қорлау емес пе? және де жікке бөлініп, өзімізден өзімізді қызғанып, өзімізді-өзіміз тықырта беруді қоятын кез жетпен жоқ па? Өзге жұрт, тіпті орыстардың өзі жоқтан бар жасап жатқанда, тайға таңба басқандай, аңғарылатын дүниелерді неге жасырып, бұға береміз?
«Құлақ түрген адамға құла түздегі жалғыз жусан да сыр шертеді», дегендей, көне заманнан бері аруақтар жатқан киелі жер, елдің қорғаны болғанын еске алсақ, Кенесары ханның да ізі – Қорғалжын ауданындағы Абай ауылының іргесіндегі Беспақыр мазары біраз дүниеден хабар беріп тұрғандай. Кейінгіге жеткен аңызға қарағанда, Алаштың соңғы ханы Кенесары Қасымұлының туының астында 1837-1847 жылдары ұлт-азаттық қиян-кескі майдан кезінде қаза тапқан бес жауынгерге топырақ осы жерден бұйырғанға саяды. «Беспақыр» атануы да содан дейді – 2019 жылғы 8 ақпанда «Егемен Қазақстан» газетінде шыққан, «Жеріңнің аты – еліңнің хаты» деп айдар тағылған мақалада.
Осынау мазар, қобыз сарынындай күңірене, «біз жерімізге қорған болуға жанымызды қиып едік, ендігі ұрпақ сендер, елдігімізді сақтай білсеңдерші,–деп киелі қоңыр түсімен мұңдана біздерге, анадайдан үн қатып қабағы түсіп, бұрынғы киелі «Қорғанжер» атын елге қайтармасаңдар елдігімізге сын деп тұрғандай…

Әрине, мына қыңырайған заманда ұлылығымызды ұлықтау қажеттің қажеті болмақ. Астананы Ақмолаға көшірудің өзі де көнеден келе жатқан стратегиялық ұшқынның жалғасы екендігін де естен шығармаған жөн. Сарыарқа, соңғы екі мұз дәуірінде де, жүз мың жыл, есен-аман сақталып (жалғыз түрік халқы емес), бүкіл дүниежүзі халықтарының қара шаңырағы болғандығына тағзым еткізіп, басқалардың бастарын игізуімізге толық негіз бар.
Тәңірім, соған жеткізсін!

Қасым ТӘУКЕНОВ,
мемлекет және қоғам қайраткері

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар