Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Ғалым ағаның абыройлы жолы - АРҚА АЖАРЫ

Ғалым ағаның абыройлы жолы

Педагог-ғалым, білікті басшы Орманбет Құлмақұлы Дүйсебаевтың есімі өңіріміздің бірқатар тұрғындарына аса таныс болмауы мүмкін. Дегенмен, ол кісінің өмір өткелдері, еңбек және ғылымдағы жолы өзінің әріптестері мен шәкірттеріне үлгі-өнеге болады деген ойдамыз. Ұлағатты ұстаз Орманбет Құлмақұлының қарапайымдылығы, еңбекқорлығы, ізденімпаздығы, кәсіби біліктілігі, адамгершілігі, рухани мәдениеттілігі, жұмысқа адалдығы мен жауапкершілігі, ұлтжандылық қасиетін бойына сіңірген тұлғалық бейнесі айтуға тұрарлық.

Мақаламыздың кейіпкері, әрдайым сергек көңілде, ширақ жүретін ұстаз, ғалым, әрі қоғам қайраткері ағымдағы жылдың 28 шілдесінде мерейлі 75 жасқа толды.
Педагог-ғалым ұзақ жылдар басшылық қызметпен қатар ұстаздық жолды бірге атқарып, бүгінде техника ғылымдарының докторы, Халықаралық ғылым академиясының академигі, Л.Гумилев атындағы Еуразиялық ұлттық университетінің және Ш. Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университетінде профессор болып, ұстаздық қызмет атқаруда.
Орманбет Дүйсебаев 1944 жылдың 28 шілдесінде Омбы облысы, Одесса ауданы, Қаржас ауылында дүниеге келген.
Кейіпкеріміз 1961 жылы Павлодар индустриалды институтының күндізгі бөліміне оқуға түседі. Оқудан қолы бос уақытында темір бұйымдары комбинатында 2-3 санаттағы бетоншы, кейіннен ауысым шебері болып жұмыс істеген.
1966-1972 жылдар аралығында инженер-технолог, аға инженер, бас маман, аспирант, жобалау және аталған оқу орнын ойдағыдай аяқтап Алматы қаласындағы «Казоргтехстрой», «Казмеханобр», «Казгипротехноместпром», «НИИСтромпроект» ғылыми-зерттеу институтында ғылыми қызметкер болды.
1968 жылы «НИИСтормпроект» ғылыми-зерттеу институтының аспирантурасына оқуға түседі. Оны 1972 жылы аяқтағаннан кейін Целиноград қаласындағы қабырғалық материалдар шығаратын комбинатқа бас технолог қызметіне жіберіледі. Комбинатта жүріп негізгі жұмысымен қатар Целиноград инженерлік-құрылыс институтында сабақ берді.
1972-1982 жылдар аралығында Целиноград инженерлік-құрылыс институтында оқытушы, құрылыс материалдары кафедрасының доценті қызметтерін атқарды.
1980 жылы Киев политехникалық институтының Докторлық кеңесінде жоғары білім деңгейін көрсетіп, техника ғылымдары кандидатының ғылыми диссертациясын сәтті қорғап шықты.
1982 жылдың наурыз айынан 1994 жылдың қараша айына дейін Целиноград қаласындағы инженерлік-құрылыс институтында және Павлодар индустриалды институтында кафедра меңгерушісі болып жұмыс істеді.
1994-1997 жылдары Ақмола құрылыс және менджмент техникумының директоры болды.
1996 жылы ғылыми диссертациясын сәтті қорғаған Орманбет Құлмақұлына техника ғылымдарының докторы және Халықаралық ғылыми академиясының профессоры атағы берілді. 1997-2000 жылдары ҚР Қорғаныс министрлігі әскери объектілерді дамыту басқармасының техникалық қадағалау инспекторы қызметін атқарды.
2000-2002 жылдары Астана қаласындағы «Горкоммунхоз» ҚКК жол-құрылыс сынау зертханасының басшысы, күрделі құрылыс басқармасы басшысының орынбасары болып жұмыс істеді. Осы кезде Елордамыздағы «Бәйтерек» монументін, сондай-ақ, Министрлік ғимараттарын жасауға айтарлықтай өз үлесін қосқан білікті басшы.
2002 жылы Павлодар мемлекеттік университетінің білім және өнеркәсіп қызметкерлерінің біліктілігін арттыру институтының директоры болды. Сондай-ақ, осы жылы сарапшы-аудит дайындау бойынша біліктілігін арттыру курсын бітірген.
Ақмола жұртшылығы оны қоғам қайраткері ретінде де жақсы таниды. Осы орайда, Орманбет Дүйсебаев 2003 жылы Астана қалалық №6 сайлау округі бойынша мәслихат депутаттығына үміткер болған азамат.
2005 жылы Астана, Қарағанды қалаларындағы ОКО және ЖОДО-ның директоры, Қазақ инженерлік-техникалық академиясының профессоры.
2008 жылы «Оценка индустриально-инновационные технологии» кафедрасының меңгерушісі, ал 2010-2012 жылдары Ш. Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университетіндегі «Құрылыс және машина жасау» кафедрасының меңгерушісі болып қызмет атқарды.
2012 жылы Туран-Астана университетінде «Экономикалық пәндер» кафедрасында, 2013 жылы Астана қаласындағы «Қаржы академиясында», ал, 2014 жылы Астана қаласындағы Аграрлық-техникалық университетінің профессоры болып Елорданың бірқатар жоғары оқу орындарында дәріс берді.
Қазіргі таңда Орманбет ағамыз Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университетінің «Тау-кен ісі, құрылыс және тіршілік әрекетінің қауіпсіздігі және қоршаған ортаны қорғау» кафедрасының профессоры болып жұмыс атқаруда.
Өзіндік ғылыми орта қалыптастырған, отандық ғылымда айшықты қолтаңбасы бар ғалым ағамыз 60-тан астам ғылыми еңбектің авторы және «Өнертапқыш» дәрежесін иеленген.
Орманбет Дүйсебаев ҚР жоғары мектебінің қалыптасуына айтарлықтай еңбек сіңіріп, осы салада 47 жылдан аса қызмет етіп келеді.
Бүгінде педагогикалық қызметін одан әрі жалғастырып, студент-жастарға теориялық лекциялар оқиды, курстық, дипломдық және түрлі жобалық жұмыстарға басшылық жасап жүр. Ғалымның дәрістері жоғары психологиялық-педагогикалық тұрғыдан, студенттердің қабылдануына қолжетімдігімен ерекшеленуде. Сондай-ақ, Орманбет Құлмақұлы студенттік жұмыстарға басшылық жасайды, ғалымның жетекшілігімен ондаған студент-жастарымыз республикалық олимпиадаларға және халықаралық конференцияларға белсенді түрде қатысып, бірталай жүлделі орындарды иеленді. Сонымен қатар, білім ордасындағы магистранттар мен жас ғалымдарға өз саласы бойынша нақты бағыт-бағдарлар беріп, біліктілік деңгейін аттыру жолдарын үйретуде.
Педагог-ұстаз Орманбет Дүйсебаевтың алдынан тәлім-тәрбие алып, дәрістер тыңдаған шәкірттері бүгінде еліміздегі мемлекеттік мекемелерде, әкімшілік-басқару органдарында, ауыл шаруашылығы және құрылыс салаларында абыройлы қызмет атқаруда. Сонымен қатар, ғалым ағамыз жоғары білім беру бағытында жұмыс істей жүріп, университеттегі, қалалық және республика көлеміндегі қоғамдық және мәдени іс-шараларға да белсенді түрде атсалысады.
Бүгінде ғалымның 60-тан астам ғылыми және оқу-әдістемелік еңбектері жарық көріп, жоғары сұранысқа ие болып отыр. Орманбет Құлмақұлының ғылыми туындыларын бүгінде колледж және жоғары оқу орындарының студенттері тиімді пайдаланып жүргенінің куәсіміз.
Ғалым ағамыз Орманбет Дүйсебаевтың кәсіби біліктілігін жүйелі түрде дамытып жүргенін де байқадық. Осы мақсатта ғалым-ұстаз Ресей Федерациясының және Украинаның жоғары оқу орындарында арнайы курстардан да өтіп отырады.
Жастайынан еңбекқор, әрі ізденімпаз ғалымның осындай адами қасиеттері, сондай-ақ, білім және ғылым салаларына, ел мүддесіне бағытталған игі істерге қосқан елеулі еңбектері ерекше еленіп мемлекеттік марапаттар мен үлкен құрметке де ие болды.
Ойымызды қорыта айтар болсақ, өз ісінің маманы, білікті ғалым-ұстаз Орманбет Құлмақұлы Дүйсебаев өзінің мағыналы өмір жолында таудай талабымен, тұла бойындағы күш-жігерімен, әрі адал еңбегімен ел құрметіне бөленіп отырған абзал жандардың бірегейі деп толық айта аламыз.
Халқына адал қызмет етіп жүрген біртуар тұлға, педагог-ғалым, ардақты әріптесіміз Орманбет Құлмақұлын мерейтойымен құттықтай отырып, мықты денсаулық, таусылмас күш-қуат, ұстаздық жолына шығармашылық табыс тілейміз!

Айдар Қожабаев,
Ш.Уәлиханов атындағы КМУ-нің баспасөз хатшысы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар