Араб елдерінің бірінде жол жиегіндегі зираттарға: «Ей, жолаушы! Біз де сендей болғанбыз, сендер де біздей боларсың» деген жазуы бар тақта қойылады екен. Жұмыр басты пендеге тағылым берерлік осынау сөздерде қаншама мағына жатқанын білу қиынға соқпайды. Оның мәні дүниенің мәңгілік еместігін, сондықтан, аруақ риза болмай, ісің алға баспайтынын меңзейді. Күні кеше ғана еліміздің елеулі, халқымыздың қалаулысы болған, сыйласып жүрген адамдарымыздың көзі жұмылғанда «топырағы торқа болсын» дегенді халық бекерге айтпаған ғой.
Табиғаты бөлек, дара тұлға, Алланы жүрегіне, Құранды қолына алып, Мекке Мединаға сапар шегіп қажы атанған, рухы қайратты Алқатерек ауылының Жасқайрат Арғынғазыұлы сынды азаматы жайлы сөз қозғамау мүмкін емес. Кеше ғана арамызда жүрген Жакең қайтыс болды дегенді естігенде ел күйзеліп қалды. Оның жұдырықтай жүрегі Сарыарқаның даласы сыятындай кең еді. Арада қырық күн емес, жылдар өтсе де, Жаскеңнің биік бейнесін, тұғырлы тұлғасын жұрт көңілінен өшіре алмайды.
Алғаш Жаскеңді 2008 жылы көрдім. Бұрынғы Еңбекшілдер, қазіргі Біржан сал ауданының құрылғанына 80 жыл толған торқалы тойы болып, шақырумен елге бардым. Елге құр қол бармадым, «Көкшенің көлдеріндей тасып жүрем», «Атамекен» деген кітаптарымды ала бардым және сол тұста жергілікті газеттерде ел азаматтары жайлы мақалаларым шықты. Той аудан орталығы Степнякта өтті.
Казгородок 1928 жылдан бастап Еңбекшілдер ауданының орталығы болған, ауылда бірде-бір орыс болмағандықтан «Казгородок» деп атап кеткен. Кейіннен, 1941 жылдары немістер мен шешендер, 1954 жылы тың көтеруші орыстар келіп, Казгородогымыз көп ұлтты кеңшарға айналды. Бүгінде аудан орталығы байырғы алтын кен орны – Степняк қаласы.
Осы бір жылы мекеннен сонау 1936 жылы Калининнің қолынан «Құрмет Белгісі» орденін алған, мемлекет және қоғам қайраткері Роза Шамжанова, академик ғалым Есмағамбет Ысмайылов бастаған бес бірдей ғылым докторлары: Ахмет Алдашев, Еңлік Нұрғалиева, Кеңес Қасымов, Маржан Нұрпейісова, Әлия Боқанова, Қазақстанның халық әртісі Роза Әшірбекова, полковниктер: Сәтібек Байтеміров, Зейнолла Өміржанов, Қайыркен Нұрсейітов, Сайлау Шүленбаев, көптеген өнер қайраткерлері, ғылым кандидаттары, инженерлер, дәрігерлер, ақындар, ұстаздар мен қаламгерлер түледі.
Туған өлке ұрпақтарынан, алтындай азаматтарынан, толқын-толқын түлектерінен айналдық! Жүректері ояу, көңілдері сергек, ойлары асқақ, тілектері аппақ қардай азаматтар, сол күні ат басын ауылына, ауданына бұрған-ды. Иә, қасиетті туған жер – атамекен, өскен орта өз тумаларымен мерейлі де мәртебелі. Қалай десек те, туған ауылын, өскен мекенін, қанаттанған ұясын ойынан, жүрегінен, жадынан ешкім де шығармақ емес.
Әр ауыл бір-бірінен қалыспай, өз киіз үйлерін тіккен. Алматы мен Астана қалаларында еңбек етіп жүрген елеулі ел азаматтарына арналған киіз үйге емес, мен Ұйымшыл ауылының құдаларым Абдрахмановтар әулеті тіккен киіз үйіне баратын болдым. Өйткені, бұл әулетті 70 жылдан астам уақыт бойы білемін десем артық емес. Ұлы Сократ «Кім екеніңді айтайын, бір-екі ауыз сөйлеп көрші» деген екен. Сол айтқандай, Абдрахмановтармен кездескен, істес болған әрбір адам олардың сөзінен де, ісінен де кім екенін бірден біледі. Сонда Абдрахмановтар кімдер деген сауал туындайды?!
«Торқалы тойдың тамашасын бақпа, тағылымын бақ» дегеннің мәніне ден қоя бастаған шағымыз ғой. Алты қанат ақ үйдің дәл ортасына микрофонды тұғыр орнатылған. Асаба жігіттің сөзінен, бұл Көкшетау облысындағы түркі әлемінде тамырын терең жайып, кең тараған, өркендеп өскен, Ұлы жүздің ішіндегі қаңлы руының отырысы және олардың түпкі атасы Доштай қажыға арналған ас екендігін байқадым. Құдамыз Абдрахмановтардың қаңлы руынан екендігін тек сонда ғана білдім.
Мен бастауыш класта Сәуле деген ауылдың мектебінде оқыдым. Сол соғыстан кейінгі жылдары біздерге Айтқожа Абдірахманов ұстаздық етті. 1957 жылы ол кісі Еңбекшілдер ауданының Ұйымшыл ауылының мектебіне директорлық қызметке ауысты. Ұрпақ жалғастығы деген осы, Айтқожа мұғалімнің қызы Рыстыгүл менің Сағындық Нұрпейісов деген інімнің құдай қосқан жары.
Қан майданның қаһарманы Айтқожа Досмағамбетұлы Абдрахманов 1917 жылы дүниеге келген. Отан үшін отқа түскен Айтекең қатты жараланып, бір аяғын майдан даласында қалдырып, елге оралған. Соғыстан кейін мұғалім мамандығын алып, Еңбекшілдер ауданында ұстаздық қызмет атқарған азамат. Айтқожа атаның ұрпақтары әке дәстүріне берік азаматтар. Осы шаңырақтан түлеп ұшқан ұл-қыздар әр салада абыройлы еңбек етуде. Үлкен ұлы Төлеген Жолымбет кенішінде еңбек еткен. Жеңісі агроном болған, Марат Бурабай аудандық санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау бөлімінің бас дәрігері. Мұрат бүгінде әке шаңырағын ұстап отыр, Манат Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігі Көкшетау қалалық инспекциясының басшысы. Қыздары Рыстыгүл Көкшетау қаласында, ал, Гүлбаршын Астанада ұстаздық қызмет атқарады.
«Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілесің» дегендей, балалар жастайынан ананы, әкені қалай сыйлау керектігін көздері көрді, мектеп тәрбиесінен өтті. Гүлбағиса құдағи отағасы Айтекеңнің атын атамай «мұғалім» деп өмірден өтті. Қашанда қарттарды сыйлап, қастерлеу ғасырдан-ғасырға жалғасып келе жатқан дәстүр, ол ұрпақтан-ұрпаққа жалғасуда. Біздің ұлттық әдет-ғұрпымыздың бірден-бір артықшылығы мен ерекшелігі де осында.
Еліміз егемендік алса да, қиын-қыстау заманда өмір сүріп жатырмыз. Сондай сәтте халықты бірлікке, ынтымақтыққа шақырудан асқан ештеңе жоқ. Көкше жерінде орын тепкендер Қарауыл, Керей, Қойлы-Атығай, Қаңлы рулары бір-бірімен араласып, қыз алысып, қыз берісіп туыс болып кеткендер. Менің өзім Қойлы Атығайдың қызына үйленгем. Бұл жерде бөліп-жармай, ұлтымыздың, мемлекетіміздің бірлігін ойлағанымыз жөн, бауырым!
Жоңғар шапқыншылығының қанды қырғынында қорықпай қол бастаған, жауын қырғидай ілген Әбілмансұрды атақты Абылай атандырып, Орта жүздің сұлтаны еткен, Көкшетаудан қоныс беріп іргесін кеңейткен, басына орда тігіп, алдына мал салған осы қалың елдің рулары болған. Бұл істің басы-қасында жүріп бас болған адам, от ауызды, орақ тілді, шашасына шаң жұқпаған шешен Қарауылдың Қанай биі.
Иә, тәуелсіз мемлекет болдық, көш Ақмолаға бұрылды. Бір кезде Түркияның астанасы Стамбұлдан Анкараға көшкен, Ресей де астанасын көшірген. Бүгінгі Астанаға халық Қазақстанның барлық өңірінен, шет елден келіп қоныстанып жатыр. Қуанамыз, құптаймыз. Көшіп-қону мәселесін қаңлылардың құрылтайы емес, мемлекет шешеді, бауырым!».
Басқаны қайдам, сол жерде менің өзім бұл кісінің қазыналы адам екенін бірден ұқтым. Бұл өмірде тоқығаны мол жан деп қабылдадым. Қазір ойлап қарасам, Жаскең сол кезде жасы 60-тан асқан жан екен. Мен сол отырыстан олжалы оралдым. Ой арқалап қайттым.
Той соңында Жаскең қажымен танысып, тойға келе алмаған Алқатерек ауылындағы туыстарға беретін сәлемдемемді және кітаптарымды қолына бердім. Жұбайының Қойлы-Атығайдың ішіндегі кімнің қызы екендігін сұрасам, менің нағашым болып келетін Ибраев Рахымжанның қызы Сәуле екен. Сөйтіп, таныстығымыз туыстыққа айналды. Ол жарастығымыз 2014 жылы Алматыда жарық көрген «Үш орта» деген кітабымда жалғасын тапты.
Кейін Жаскеңнің сөзін талай отырыстарда тыңдап жүрдім. Қайсысында болсын, айтқан әңгімелері, мәнді де мағыналы сөздерімен өзінің игі бір парасатты адам екендігін байқататын. Жасқайрат қажы он шақты жыл бұрын қажылыққа барып келген, ертеден кешке дейін аузынан Алла, қолынан құраны түспейтін, сол ауылдың сыйлы азаматы екендігіне бірнеше рет көзім жетті. Адам баласы өз өмірінде небір рахат, қызық көрсе де, ұрпағы дұрыс болып өспесе, көргені түстей болып өте шығады.
Жакең құдай берген Мұстар, Серік, Айгүл, Бибігүл, Гүлмира, Айна сынды балаларын тәрбиелеп, олардан немере, шөберелерін көріп дүниеден озды. Қамшының қысқа сабындай мынау жалған дүниеде аз уақыт өмір сүрсе де, көп іс тындырып үлгерген жайсаң жандарды сүйген халқы саңлақ деп құрметтейді. Жаскеңдей нар тұлғалы, саңлақтар жөнінде қалай айтса да, қалай тебірене жазса да көптік етпейді.
Жақсыдан кейінгіге мұра қалар,
Жас ұрпақ өз керегін таңдап алар.
Артыңда өшпейтұғын ізің қалса,
Қуалап сол ізбенен бұлақ ағар,–
демекші, мұндай жандар әрқашанда жүрегімізде.
Маржан НҰРПЕЙІСОВА,
Қ.Сәтбаев университетінің профессоры,
академик, техника ғылымдарының докторы, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі.
Алматы.