Қоғамдық келісім – тәуелсіздікті нығайтудың кепілі

Көкшетау қаласындағы «Достар» мәдениет сарайында «Қоғамдық диалог – Қазақстан өркендеуінің басты кепілі» атты тақырыпта

облыс жұртшылығымен кездесу өтті. Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің орынбасары Бердібек Сапарбаев, сонымен қатар жұмыс тобының құрамында бірге келген Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов, бірқатар вице-министрлер мен Ақмола облысының әкімі Ермек Маржықпаев, сондай-ақ, білім, мәдениет, денсаулық, спорт салаларының қызметкерлері, үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері, қоғамдық кеңестердің мүшелері қатысқан жиында Мемлекет басшысының «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстан тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты халыққа арнаған биылғы Жолдауын орындау мақсатында Үкіметпен қандай шаралар қолға алынып жатқаны жөнінде айтылды.

Бұл туралы вице-премьер Бердібек Сапарбаев кеңінен баяндап берді. Облысқа жұмыс сапарымен келгендегі басты мақсаты Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жолдауда Үкіметке берілген тапсырмаларының қазіргі таңда қалай орындалып жатқанын, келешекте осы бағыттарда қандай жұмыстар атқарылатынын түсіндіру екенін айтқан Премьер-министрдің орынбасары әр бағыт бойынша қолға алынған шараларға жіті тоқталып өтті.
– Қазіргі таңда мемлекет халық алдындағы әлеуметтік міндеттемелерін толығымен орындап отыр деп нақты айта аламыз. Еңбекақы, жәрдемақы мен зейнетақы уақытында төленуде. Ал, мемлекеттік емес кәсіпорында еңбекақыны кешіктіруге байланысты мәселелер бар. Еліміз бойынша бизнес құрылымдардың жұмысшылар алдындағы қарызы 1,5 миллиард теңгені құрап отыр. Оның 1 миллиард теңгесі қазіргі таңда банкроттың аз-ақ алдында тұрған кәсіпорындардың мойнында. Ақмола облысы бойынша бұл көрсеткіш 40 миллион теңге, – деді вице-премьер. –Қалған міндеттер толығымен орындалуда. Биылғы Парламентке ұсынылған бюджеттің 47 пайызы әлеуметтік салаға бағытталған. Соңғы кезде Үкіметтің берілген тапсырмаларды орындау мақсатында істеп жатқан шараларының бірі – атаулы әлеуметтік көмек. Қазіргі таңда 2 миллион 200 мың қазақстандық осы әлеуметтік көмекті алып отыр. Оған мемлекет бюджетінен 206 миллиард теңге жұмсалды. Ол сома былтырғы жылмен салыстырғанда 9 есеге көп. Ал, оның мөлшері былтырғы жылмен салыстырғанда 2,5 есеге өсті. Несиелердің пайызын, айыппұлды төлеу үшін Үкімет қосымша 137 миллиард теңге қаржы бөлді.
Өз сөзінде вице-премьер Жолдауда қоғамдық келісім мәселесіне баса назар аударылып отырғанын, Үкімет халықтың мұңын тыңдайтын мемлекет қалыптастыру жөнінде тиісті тұжырымдаларды да-йындап жатқанын жеткізді. Басты мақсат тұрғындардан келген арыз-шағымдарды дер кезінде қарап, заңға сәйкес тиісті шаралар қолдану, яғни, кері байланыстың болуы.
Білім сапасын жақсарту, мұғалімдердің мәртебесін арттыру үшін жасалған заң жобасы қазіргі таңда Парламенттің қарауында. Қалалар мен ауылдардағы мектептердің арасындағы алшақтықты жою мақсатында ауыл мектептерінің материалдық-техникалық базасы нығайтылады. Ол үшін Үкімет үш жылдың ішінде Қазақстандағы барлық үш ауысымдағы, апатты жағдайдағы мектептердің проблемасын шешіп, сол мектептердегі химия, биология, физика кабинеттерін тиісті құрал-жабдықтармен, педагог мамандармен қамтамасыз етуі керек.
Сонымен қатар, дарынды және талантты балаларға жан-жақты қолдау көрсетіледі. Осы мақсатта Тұңғыш Президент – Елбасы қоры «Ел үміті» жобасын іске асыруда. Мұндағы басты мақсат – Қазақстан бойынша 1000 дарынды балаларды іріктеп алу, олардың білім алуына және талантын дамытуға қолдау көрсету. Мүмкіндігі шектеулі балалардың ата-аналарына да жақын арада елеулі қолдау көрсетіледі. Келесі жылдан бас-тап еліміздің үш өңірінде, соның ішінде Көкшетау қаласында оңалту орталығының құрылысы басталады.
Жұртшылықпен кездесуде жалақыны көтеру, міндетті медициналық сақтандыруды енгізу, медициналық қызмет сапасын арттыру, материалдық-техникалық базаны жақсарту және тағы басқа мәселелер талқыланды.
– Ақмола облысының бірқатар медициналық мекемесінде болдық. Басым көпшілігінің әбден тозығы жеткен, материалдық-техникалық жабдықталуы нашар. Оның барлығы бағдарлама аясында қалпына келтіріледі, – деген вице-премьер дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етуге және дәрі-дәрмектердің бағасын белгілеуге назар аударылатынын айтты. Бүгінгі таңда Қазақстанда 7,8 мыңға жуық дәрі-дәрмек түрлері сатылады және олардың жартысының құнын мемлекет реттейді.
Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру енгізілгеннен кейін денсаулық сақтау жүйесін қаржыландыру едәуір артады. Үш жыл ішінде денсаулық сақтау жүйесіне жұмсалатын шығындар кем дегенде 60 пайызға артуы керек. Қазіргі таңда шамамен 210 миллиард теңге жиналған. Келер жылы бұл сома 1 триллион теңгеге жетуі керек. Бұл ретте, ел азаматтарының қатысуы, олар жұмыс берушілердің міндетті медициналық әлеуметтік сақтандыру қорына төлемді уақытында жіберуін қадағалауы маңызды екені айтылды. 10 миллион қазақстандыққа төлемді мемлекет аударады, қалған 8 миллион тұрғынға жұмыс берушілер төлеуі керек.
Келер жылдан бастап педагогтардың, денсаулық сақтау, мәдениет, спорт, әлеуметтік сала мамандарының жалақысын 30 пайызға арттыру жоспарланғаны атап өтілді. Бұл мақсатқа шамамен 200 миллиард теңге бөлінді. Мәдениет қызметкерлерінің жалақысы өте төмен болғандықтан, олардың еңбекақыларын 30 бен 60 пайызға дейін жоғарылату көзделіп отыр.
– Жастар арасында құқық бұзушылықтың алдын алу үшін оларды спортқа, мәдениетке, өнерге көптеп баулу керек. Ол үшін, әрине тиісті жағдай жасалуы қажет. Келер жылы Абайдың 175, Әл-Фарабидің 1150, Алтын Орданың 750 жылдығы және Ұлы Отан соғысының 75 жылдығы атап өтіледі. Біз соған тиісті шаралардың барлығын дайындадық. Енді жергілікті билікпен, сіздердің белсенділіктеріңізбен солардың барлығын тиісті деңгейде өткіземіз деген ойдамын, – деген Бердібек Сапарбаев көп балалы аналарды, мүмкіндігі шектеулі азаматтарды әлеуметтік қолдау туралы да айта келе, өкінішке орай атаулы әлеуметтік көмекті бәзбіреулердің оңай олжа қылып алғанын, табыстарын жасырған көптеген отбасылар мемлекет алдында миллиондап қарызға қалғанын ашып айтты.
Келер жылдан бастап мұндай олқылықтарға жол берілмейді. Тұрғындар атаулы әлеуметтік көмек ай сайын төленетін еңбекақы емес екенін түсінулері керек. Мұндай жәрдемақы жағдайы өте төмен жандарға тұрмыстарын түзеу үшін тағайындалады. Үкіметпен көп балалы аналарды әлеуметтік қолдаудың жаңа тетігі жасалуда. Мемлекеттік жәрдемақы төрт және одан көп баласы бар отбасыларына табысына қарамай төленеді. Егер сол отбасының табысы күнкөріс деңгейінің 70 пайызынан төмен болса, онда оларға атаулы әлеуметтік көмек тағайындалады.Сонымен қатар, мүмкіндігі шектеулі тұлғаларға арналған әлеуметтік қызметтер порталы іске қосылады.
– Қазіргі таңда зейнетақы жинағын уақытынан бұрын пайдалану туралы қоғамда көп айтылып жүргенін жақсы білеміз. Осы арада айтатын жайт, зейнетақы жинағын пайдалану жинақ мөлшеріне байланысты болады. Жыл соңына қарай біз осы мәселеге байланысты және бірыңғай әлеуметтік қор құру, бірыңғай әлеуметтік төлем енгізуге байланысты өз ұсынысымызды білдіретін боламыз. Қазақстандықтарды жұмыспен қамту үшін жылына кем дегенде 330-350 мың жаңа жұмыс орындарын ашуымыз керек. Бұл бізге берілген ең негізгі тапсырма, – деді Премьер-министрдің орынбасары.
Үкіметтік жұмыс тобының облыс жұртшылығымен кездесуі одан әрі сұрақ-жауап форматына ұласып, тұрғындар толғандырған сауалдарына тұшымды жауаптар алды.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар