Теңдесі жоқ тарихи тұлға

Тәуелсіздік мерекесі қарсаңында талай-талай тар жол, тайғақ кешуден өтіп, дәл бүгінгідей азат, бостан күйге жеткен Алаш баласының өткендегі өксікке толы тарихы ойға оралады. Рас, біз күлдір-күлдір кісінетіп, күреңді мінген кезіміз де, етегіміз жасқа толып, жабырқаған сәтіміз де болған халықпыз. Теперішті көп көргендіктен бе екен, жаратқан иенің мейірі түсіп, тәуелсіздік тәжін кигізді. Бүгінде ақыл таразысына салып безбендейтін болсам, қасиетті тәуелсіздік пен қастерлі Нұрсұлтан Назарбаев есімі бір ұғым беретіндей.

Алмағайып заманда соңынан жұмырдықтай жұмылып, берік тірлік, іргелі ынтымақтастықпен ерген барлық қазақстандықтарды қаншама сынақтан аман-есен алып өтті. Бүгінгі таңда Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев әлемдегі көрнекті кемеңгер тұлға. Бұл биікке жеткен еңбегін, абыройын асқақтатқан сәтін санап шығудың өзі мүмкін еместей. Ең алдымен Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті әлемдегі бейбітшілік пен ядролық қарусыз саясатын паш етіп, осы ұстанымды өзгеге мойындатып, Қазақстанды халықаралық деңгейге шығарды.
Өз басым Көкшетауда шығатын тәуелсіз «Бұқпа!» газетіне бірер жыл жетекшілік жасадым. Туған еліміздің тұғырлы азаматы ретінде тәуелсіздігіміздің тұғырын бекемдеуге қал-қадірімше еңбек еттім деп білемін. Олай дейтінім, бағалы баспасөз арқылы Көкшетаудан Қараөткелге дейін сайын даланы мекен еткен қалың оқырмандарға еліміздегі жақсылықты жеткізіп, іргелі істерге бағыттауға, соның үгітшісі, насихатшысы болуға тырыстым. Тәуелсіздік жолында біз не істеуіміз керек, өз үлесімізді қалай қосуымыз керек деген төңіректе ой толғап, газеттегі жарияланымдардың жалпы бағытын осы идея төңірегінде топтап басып отырдық. Міне осы кезде біздің алдымызда Елбасының ішкі, сыртқы саясаттағы бағыт-бағдары адастырмас темірқазық тәрізді жол сілтеп отырды. Ақ жарылып, ақиқатын айтқан дұрыс. Ұлт Көшбасшысының бағалы бастамаларының арқасында тәуелсіздік жылдарында іргелі экономикалық, терең саяси, ел қамын ойлаған әлеуметтік-тұрмыстық реформалар жүзеге асырылды. Көрегендігімен танылған Нұрсұлтан Назарбаевтың сыры терең стратегиялық бастамалары біздің көпұлтты мемлекетімізді дамудың даңғыл жолына түсіргендігін бүгінгі күні біз ғана емес, бар әлем мойындап отыр.
Елбасының әріден ойлайтын, тереңнен толғайтын саясатының арқасында бір кезде жүз ұлттың планетасы атанған Қазақстан бірлік пен қоғамдық келісімнің ақ бесігіне айналды. Ел ішінде сүттей ұйыған татулық болмаса дәл бүгінгідей биікке шыға алар ма едік, жоқ па, ол жағын кесіп айту қиын. Қаншама ұлт бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығарып, тіршілік құрып жатқан Қазақстандағы татулық пен ынтымақтастықтың ғажайып үлгісін төрткүл дүниенің төрт бұрышы түгел зерделеп, «қазақстандық жол» және «Назарбаев моделі» деп атап жоғары баға берді. Шындығында қатпары қалың саясат әлемінің жілігін шағып, майын ішкен шетелдік саясаткерлер мен ғалымдар біздің Елбасы салған сара жолды тереңнен зерттеуге қызығушылығын туғызып отыр.
Тәуелсіз «Бұқпа!» газетінде әлемдік саясатты әріден қозғауға әлеуетіміз жетпесе де, жергілікті жердегі жетістікті жар салып айттық. Өз әлімізше, кең-байтақ Отанымыздың бір пұшпағы Көкшетау мен Қараөткелдің төңірегінде татулық тінін бекемдеуге ат салыстық. Біздің өлкеде бұл өте маңызды. Өйткені, солтүстік өңірде өзге ұлт өкілдері өте көп қоныстанған. Татулық пен бірлік дәл осы жерде керек. Сондықтан, барынша көреген, алты қырдың астындағыны жаза баспай танып, туған елін бас-
тай білген Елбасының бар айтқанын бағамдап, астарындағы ойды жаза баспай танып, он сан оқырманға жеткізуге тырыстық. Біз бүгін мақтансақ, осындай Елбасымыздың бар екендігімен мақтана аламыз. Біз ғана емес, әлемдегі айтулы саясаткерлер де ақиқат бағасын беріп жатыр. Мәселен Ресей Федерациясының Президенті Владимир Путин Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев туралы былай дейді: «Нұрсұлтан Әбішұлы – саясатта көптен, Кеңес дәуірінен келе жатқан тұлға. Мені қатты таңғалдыратыны – оның заман тынысын тап басып танитыны. Бұл қасиет – бүгінгі әлемді дөп басып сезіне алатын қасиет оған қайдан дарыған?.. Ол адал да әділ. Бір мәселелерді талқылағанда, әрдайым қатардағы адамдарға бұл қалай тиеді деп ойлап тұрады. Бұл жеке адамға, қарапайым отбасылар өміріне қалай әсер етеді?» ол аз десеңіз, Америка Құрама Штаттарының Президенті Дональд Трамп өз ойын былайша түйіндеген. «Мен Президент мырзаға ЭКСПО-2017 арқылы энергетикалық қауіпсіздік мәселелері бойынша жаһандық үнқатысуды ілгерілетудегі көрегендігі мен көшбасшылығы үшін ризашылығымды білдіремін. Өзара құрмет пен ортақ мүдделерге негізделген АҚШ пен Қазақстан арасындағы стратегиялық әріптестіктің әрі қарай нығая түсетініне үміттенемін». Түбі бір түркі әлемінің қолдауына ие болды. Түрік Республикасының Президенті Реджеп Тайып Эрдоған біздің Елбасымыз туралы өз пікірін былайша білдіреді. «Қазақстан Президенті Нұрсұлтан
Назарбаев – өз заманының аса көрнекті тұлғасы және түркі жұртының ақсақалы. Біз Нұрсұлтан Назарбаевтың халықаралық бастамаларына әрқашанда ашықпыз әрі зор құрметпен қабылдаймыз. Қазақстан Президентінің түркі әлеміндегі беделі биік, Нұрсұлтан Назарбаевтың барша түркі халықтарының басын біріктіріп, бауырлас түрік елімен қарым-қатынасты нығайтуға сіңірген ерен еңбегін атап өтпеуге болмайды».
Осылайша әлем мойындаған Қазақстан басшылығы ең алдымен әлемдегі қауіпсіздікті нығайтуды көздеді. Өз еліміздің өркендеуіне де айрықша зор үлес қосты. Сол еңбегінің арқасында экономикасы қарыштап өсіп, әлеуеті артқан мемлекетке айналдық. Өз ішімізде ғана емес, аймақтық мәселелерді шешуде де еліміздің рөлі мен маңызы арта түсті. Қазақстан қазір ТМД мемлекеттерінің ішінде ынтымақты ауыз бірлігімен, жарасты татулығымен ерекшеленетіндігі сөзсіз. Осының барлығы Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаевтың сарабдал саясатының арқасы!

Қайыргелді ӘКІМБЕКОВ,
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар