Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Президент сыйлаған балғындар қуанышы - АРҚА АЖАРЫ

Президент сыйлаған балғындар қуанышы

Көкшетау қаласындағы «Меруерт» мейрамханасында Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың балаларға арналған жаңажылдық шырша мерекесі болып өтті. Ақмола облысының әкімі Ермек Маржықпаев Президенттік шыршаға қатысушыларды Мемлекет басшысы атынан Жаңа жыл мерекесімен құттықтап, оқуда озат, өмірде бақытты болуларына тілектестігін білдіріп, әр баланы 100 мың теңгенің сертификаты, құнды кітаптар, басқа да көптеген сыйлықтармен қуантты.

Салтанатты шараға облыстағы балалар үйінің, мектеп-интернаттарының тәрбиеленушілері, аз қамтылған және көп балалы отбасылардың жеткіншектері, үздік оқушылар – барлығы 200-ге жуық бала қатысты.
– Қымбатты балалар, мен сендерді келе жатқан жаңа жыл мерекесімен құттықтаймын! Бүгінгі шырша тойы есте қаларлық ерекше кеш болады деп сенемін. Осы жылы сендердің көп еңбек еткендеріңді білемін. Өйткені, бұл мерекелік шыршаға өңіріміздің ең талантты, оқуда озат, білгір балалар, шақырылды. Ұлы дала елінің ұлағатты ұландары, біз сендердің бұдан да ақылды да алғыр, зерделі де зерек, білімді болғандарыңды қалаймыз. Бұған елімізде барлық мүмкіндік бар. Жасампаз істердің барлығы сендердің жарқын болашақтарың үшін жасалған. Сендердің көпшілігің әртүрлі жарыстарда, олимпиадаларда және конкурстарда өңірдің намысын лайықты қорғап, жоғары нәтижелер мен марапаттарға қол жеткіздіңдер. Қымбатты балалар! Асқақ армандарың орындалып, тәуелсіз елімізбен бірге өсіп-өркендей беріңдер, – деген өңір басшысының ізгі лебізі әр баланың жадында ұзақ уақыт сақталып қалары анық.
Облыс орталығындағы Ақан сері атындағы мәдениет колледжінің ұжымы дайындаған театрландырылған көрініс балаларды бейжай қалдырмады. Жасыл шырша жанына жиналған мектеп оқушылары Аяз ата мен Ақшақардың алдында бар өнерлерін салды. Қиялға толы кеште балдырғандар сүйікті ертегілер әлеміне жұлдызды саяхат жасады. Танымдық шараны бүгінмен байланыстырып, әлеуеті асып, бірлігі жарасқан елдің басты құндылықтары ынтымақтастық, отансүйгіштік, күш-жігер,
еңбекқорлыққа жетелейтін жолдар көрсетілді.
Балалардың әрбірі көздің жауын алатын сан қилы мерекелік киім үлгілерін әзірлеп әкелген екен. Солардың арасында Жақсы ауданындағы Островская орта мектебінің 7 сынып оқушысы Көркем Сәбит «Кітап ханшайымы» кейпін таңдапты. «Кітап ханшайымы» болып киінген Көркем бұл идеяны алдағы жылы болатын Ұлы Абайдың 175 жылдығымен байланыстырса керек. Жалпы, атап өтуіміз керек, жыл сайын Жақсы ауданынан жаңа жылдық шырша мерекесіне қатысатын балалардың басым көпшілігі тың идеямен, өзгеде жоқ өзгеше жаңашыл костюмдерімен таңқалдырып жүр.
Жаңа жылдық шара соңы мерекелік дастарханға ұласты.

Ұлмекен ТЫНЫШТЫҚҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.
Суреттерді түсірген Берік ЕСКЕНОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар