Мейірім керек адамға!

Көкшетау қаласында «Мен өзім жүремін» оңалту қоғамдық қоры «Имани жүрек» қайырымдылық қорымен бірігіп, мүмкіндігі шектеулі балалар мен жасөспірімдерге жаңа жылдық ертеңгілік ұйымдастырды. Мерекелік іс-шараға «Феникс» еріктілер қозғалысы да қатысып, «Алтынтау-Көкшетау» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі мен «Болашақ біздің қолымызда» қоры демеушілік етті.

Мерекеге барлығы 30 бала келген. Ата-аналар мұндай іс-шаралар жиі өткізілсе екен дейді.
–Екінші ұлым туа бітті гипертония диагнозымен өмірге келді,–деген Нағима Узбекова оңалту орталығы Жаңа жыл мерекесін жылда жақсы атап өтетіндігін айтады.
–Екі ұлым бар. Нұрлыбектің туа бітті жүйке жүйесіне зақым келген. Міне, биыл он үшке толды. Осы мерекені ұйымдастырып, бізді шақырып отырғандарына өте қуаныштымыз. Жақсы әсер алып, балам өте риза болып, көңіл-күйі көтеріліп қалады. «Мен өзім жүремін» оңалту қоғамдық қорының директоры Гаухар Камелиноваға, ұйымдастырушылар мен демеушілерге алғысым шексіз. Осындай іс-шараларға мемлекет тарапынан да көңіл бөлініп, кең көлемде өткізілсе және өзге де мерекелерде назардан тыс қалмасақ жақсы болар еді, – дейді Нағима.
«Имани жүрек» қайырымдылық қорының басшысы Әлия Рахимова:
–Біз осындай мерекелерде мүмкіндігі шектеулі жандарға қолымыздан келгенше көмектесіп тұрамыз. Оңалту орталығымен бірге бірнеше рет өзге де іс-шаралар ұйымдастырғанбыз. Себебі, оңалту орталығынан бізде бірнеше отбасы бар. Балалардың ата-аналарын жұмысқа орналастыруға да көмектесеміз. Қор ішінен клинингтік қызмет көрсету түрін аштық. Біздің аналарымыз сонда ептеп жұмыс істейді. Біз көп балалы аналарға, қарттарға да барып тұрамыз. Осындай шағын іс-шараны ұйымдастыруға 40 мыңнан бастап одан жоғары көлемде қаражат кетеді. Өзіміздің арнайы бағдарламамыз бар, Аяз ата мен Ақшақарды бірге ала келеміз. Ресми түрде ашылып, жұмыс істеп келе жатқанымызға сегіз ай болды. Сонымен бірге, «Феникс», «Жаңа толқын» деген еріктілер ұйымымен жақсы жұмыс жасаймыз –деген Әлия өзі де көп балалы ана.
Сонымен қатар, ертеңгілікте дарынды балаларға арналған облыстық мамандандырылған №3 мектеп-интернатының 11-сынып оқушысы Риза Құсайыновамен тілдесіп көрдік. Он жеті жастағы Ризаның еріктілікпен айналыса бастағанына екі жыл болыпты.
– Мен өзім спорттық жарыстарға қатысқан болатынмын, сол жерде бізге еріктілер көмектесіп, сумен, басқа да қажеттіліктермен қамтамасыз етіп отырды. Бұл маған өте қатты ұнады. Сол себепті өзім де ерікті боламын деп шештім. Өйткені, менің адамдарға көмектесуге мүмкіндігім бар. Біз адамдарға қайтарымсыз көмек көрсетеміз. Олардың жүзіндегі қуанышты көріп, өзімізді бақытты сезінеміз. Осы екі жылда осындай іс-шараларға жиі қатысып, үлкен әсерлер алдым. Тәуліктің кез-келген уақытына қарамастан, хабарласқанда келуге тырысамыз, – дейді ол.
Мерекеде Жаңа жылдық қойылым көрсетіліп, Аяз ата мен Ақшақар балалардың көңілін көтерді. Ән мен биге толы ортада балалар өздерін еркін сезінгені көрініп тұрды. Әрқайсысы түрлі тәттілер мен сыйлықтарға ие болды.
«Арқа ажарының»
өз ақпараты.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар