Неке және отбасы туралы заңнамадағы өзгерістер нені көздейді?

Қазақстан Республикасының Президенті 2019 жылдың 26 қарашасында Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаттарының бастамашылығымен дайындалған «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне мемлекеттік қызметтер көрсету мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасы Заңына қол қойған еді. Осыған орай, азаматтық хал актілерін тіркеу саласындағы мемлекеттік қызметтерді оңтайландыру мақсатында «Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы» Кодексінің 50-ден астам баптарына өзгерістер енгізілді. Бұл өзгерістердің мақсаты неде, ол адамдарға не береді деген мәселе төңірегінде Ақмола облыстық әділет департаменті тіркеу қызметі саласындағы әдістемелік қамтамасыз ету және бақылау бөлімінің маманы Бақыт Көшеновамен әңгімелескен едік.

– Ажырасушылық белең алып бара жатқан қазіргі уақытта неке жөніндегі заңнамаға өзгерістер енгізу осы келеңсіздікті ауыздықтауға игі ықпалын тигізеді деп ойлайсыз ба? Жалпы, бұндай өзгерістер не үшін енгізілген, мақсаты неде?
– Өзгерістердің басты мақсаты – азаматтық хал актілерін тіркеу тәртібін жеңілдету, артық құжаттарды талап етуді алып тастау, мемлекеттік қызметтер көрсету мерзімін айтарлықтай қысқарту, балалардың құқықтары мен мүдделерін қорғау.Атап айтсақ, бала асырап алуды және әке болуды анықтауды мемлекеттік тіркеуді, сондай-ақ сот шешімі негізінде неке бұзу секілді актінің жазба түрлерін тіркеу алынып тасталды.
Мысалы, қазіргі кезде ерлі-зайыптылар сот арқылы некесін бұзып, содан кейін АХАТ органдарына барып куәлік алуы қажет болса, өзгерістерге сәйкес, ендігі уақытта сот шешімі заңды күшіне енген сәттен, автоматты түрде неке қию туралы акт жазбасына некенің бұзылғаны туралы белгі қойылып, куәлік алудың қажеттілігі алынып тасталады. Сөйтіп, осының нәтижесінде азаматтар АХАТ органдарына бару қажеттілігінен босатылды.
Конституцияда және Кодексте кепілдік берілген отбасы құпиясын, бала асырап алудың, баланың шығу тегінің құпиясын сақтау мақсатында әке болуды анықтауды мемлекеттік тіркеу, бала асырап алуды мемлекеттік тіркеу тараулары да алынып тасталды. Бұл ретте, баланың жеке және ата-анасы туралы деректері туу туралы куәлікте ғана көрсетіледі.
Қазір баланы асырап алған немесе әкелік анықталған кезде балаға 2 куәлік беріледі, атап айтқанда: асырап алу немесе әке болуды анықтау және туу туралы куәліктер. Жаңа өзгерістерге сәйкес артық құжаттарды жою мақсатында азаматтар үшін де, тіркеуші орган үшін де тәртіпті жеңілдету арқылы балаға қажетті тек туу туралы куәлік қана беріледі.
– Мемлекеттік қызмет көрсетуді жеделдету және жеңілдету, сондай-ақ, жемқорлыққа жол бермеу мақсатында оны электронды форматқа көшіру туралы өткен жылғы Мемлекет басшысының Жолдауында да айтылды. Кодекстегі өзгерістердің осы мәселеге қаншалықты қатысы бар?
– Енді азаматтарға ыңғайлы болу үшін азаматтық хал актілерін тіркеудің барлық түрлерін тіркеу, оларға өзгерістер, түзетулер мен толықтырулар енгізу, акт жазбаларды қалпына келтіру және жою, қайталама куәліктер мен анықтамалар алу бойынша мемлекеттік қызметтер эксаумақтық қағидат бо-йынша көрсетіледі. Мысалы, құжаттарын жоғалтқан жағдайда, азамат қай аймақта тұратынына, туған жеріне қарамастан, кез-келген тіркеуші органға барып, қайталама туу туралы куәлігін ала алады.
Ақпараттық жүйелерден алуға болатын құжаттарды (сот шешімдері, медициналық анықтамалар, Қазақстан Республикасында тіркелген актілер туралы ақпарат және т.б.) азаматтармен мемлекеттік органдарға ұсыну қажеттілігі де жойылды. Ата-аналардың таңдауы бойынша SMS-хабарлама арқылы тууды проактивті жолмен тіркеу мүмкіндігі заңнамалық түрде реттелді. Сонымен қатар, бала перзентханада туылса, анасының жеке басын куәландыратын құжатының болмауына қарамастан, нәрестеге міндетті түрде туу туралы куәлік беріледі.
Шетелде туылған балалардың тууын тіркеуге негіз болатын құжаттардың тізімі біршама кеңейтілді. Бүгінгі таңда шетелде туылған баланың туу туралы мәліметі ақпараттық жүйелерде жоқ, себебі туу туралы куәлік шетелдің тіркеуші органдары арқылы беріліп келді. Осыған орай, егер баланың ата-анасы Қазақстанның туу туралы куәлігін рәсімдегісі келсе, олар қалауы бойынша тіркеуші органға барып, шетелде берілген туу туралы куәлікті (қажет болған жағдайда апостиль мөрі қойылған немесе заңдастырылған) ұсынса жеткілікті. Осыдан кейін баланың нақты туылған жері көрсетіліп, жаңа туу туралы куәлік беріледі.
Мысалы, бала Өзбекстанда туылса, ата-анасы туу туралы куәлігін тіркеуші органға ұсынып, баланың туған жері Өзбекстан деп көрсетілген Қазақстанның туу туралы куәлігін ала алады. ТМД елдерінде берілген құжаттарға апостиль қою немесе заңдастыру қажет емес. Бұл новелла шетелде туылған Қазақстан Республикасы азаматтарымен өз балаларына қатысты толыққанды мемлекеттік қызметтерді: мектепке дейінгі білім беру ұйымдарына кезекке тұру, денсаулық сақтау ұйымдарына тіркелу, жәрдемақы алу, қарыз жүктемесін алып тастау және т.б. алуға мүмкіндік береді.
Одан басқа, ақпараттық жүйелерде ата-анасымен туыстық қатынасты анықтауға, куәлігін жоғалтқан немесе ол бүлінген кезде, жаңасын туған жеріне сұраныс жібермей-ақ қалауы бойынша кез-келген тіркеуші органнан алуға болады.
– Құжат алғанда тегін, есімін жазуда біршама қиындықтар болып келген еді. Заңдағы өзгерістерде осы мәселе қарастырылған ба?
– Тәуелсіздік алғаннан кейінгі жылдарда әсіресе, қазақтардың арасында тегін қосарлап жазу, қосарланған есімдердің арасына дефис қойып, бас әріппен жазу сияқты үрдістер белең алған еді. Бұрынғы Кодекс бойынша бұл мәселе біршама қиындықтар туғызатын. Ендігі уақытта балаға ата-анасы қосарланған есім бергісі келсе, оның есімін дефис арқылы жазу және әкесінің аты қосарланған болса, баланың әкесінің атын дефис арқылы дұрыс жазу мүмкіндігі енгізілді.
Егер баланы анасы өзі тәрбиелеп өсірсе, бала он алты жасқа толған кезде өз қалауы бойынша тегін анасының тегіне өзгертуді қаласа (баланың әкесінің атын өзгертпестен) анасының тегіне өзгерту қарастырылды.
Қазіргі кезде қайтыс болған азаматтың тумалары қайтыс болу туралы куәлікті алу үшін тіркеуші органға жүгінуі қажет. Отбасында қайғылы жағдай орын алып, тума-туысы тіркеуші органға келуге мүмкіндігі болмайтын немесе қайтқан адамның мүлдем тумалары жоқ болатын жағдайлар да кездеседі. Осы мәселені оңтайлы шешу мақсатында егер қайтыс болу туралы акт жазбаны тіркеу туралы өтініш 3 күн ішінде түспесе, тіркеуші органның медициналық куәлік немесе сот шешімі негізінде тіркеуді жүргізу мүмкіндігі енгізілді. Қажет болған жағдайда, туыстары дайын құжаттарды электрондық үкімет порталы, Халыққа қызмет көрсету орталықтары арқылы немесе қалауы бо-йынша тіркеуші органға барып ала алады.
Сұхбатты жазып алған
Қалкөз ЖҮСІП.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар