Қазақ пен түрік бір туған

Тұңғыш Президентіміз бекіткен Алғыс айту күні қарсаңында бір топ өзге ұлт өкілдерін әңгімеге тартқан болатынбыз. Солардың бірі – Қазақстан халқы Ақмола ассамблеясы жанындағы «Қазақ-түрік мәдениеті мен достығын дамыту орталығы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Фатих Экиджи.

– Алғыс айту күні тек бір күнмен шектеліп қалмауы керек. Осыдан бірнеше жыл бұрын Қазақстандағы өзге ұлт өкілдері қазақ халқына ризашылықтары ретінде Алматы облысындағы Үштөбе елді мекенінде ескерткіш орнатты. Менің білуімше, мұндай ескерткіштер Оңтүстік Қазақстан, Жамбыл облыстарында да қойылды. Бұл түркі жұртының ғұрпында да бар. Қазіргі таңда Қазақстан халқы Ассамблеясы құрамында 1000-ға жуық этно-мәдени бірлестіктер жұмыс істеп жатыр. Олардың бәрінің де қазақ халқына алғысы шексіз деп ойлаймын, – дейді ол.
Бүгінде еліміздегі түрік диаспорасына Түркия үкіметі тарапынан қолдау көрсетіліп отырады. Бұл бір жағынан түрік ұлтының мәдени және рухани дәстүрлерінің дамуына өз септігін тигізіп келеді.
– Қазақстан менің де сүйікті Отаным. Мұндағы түріктер қазақ тілін меңгерген, орыс тілінде де сөйлейді. Қазақ, орыс мектептері мен түрік лицейлерінде білім алады. Менің осы жаққа алғаш студент болып келген кездерім, заманның өте бір қиындау кезеңі болатын. Шоқан Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университетінде информатика пәнінің мұғалімі мамандығын алдым. Бүгінде осы Көкшетау қаласында отбасыммен тұрып жатырмын. Түрік этномәдени орталығын құру идеясы бұрыннан көкейімде жүрген. Сөйтіп, 2012 жылдан құрылуына өзім атсалысқан қазақ-түрік достығы қоғамдық бірлестігін басқарып келемін, – деген Фатих Экиджи қашанда аймақтың әлеуметтік-мәдени өміріне, қайырымдылық акциялары мен тұрмысы төмен отбасыларға қамқорлық шараларына үзбей қатысып келеді. Бүгінде ол Көкшетау қаласындағы алғашқы алкогольсіз қоғамдық тамақтандыру орталығы «Атажұрт» мейрамханасына басшылық етеді. Ол өзінің алғаш алкогольсіз мейрамхана ашқанда өзіне оңай болмағанын да әңгімелеп берді. Көптеген қиындықтарға кездессе де бауырмал қазақ халқының ықылас-ниетінің арқасында бүгінде отбасымен бірге белгілі бір жетістіктерге жетіп отырғанын зор мақтаныш тұтады.
Міне, кең-байтақ Қазақстанда емін-еркін тірлігін істеп, бақытты өмір сүріп жатқан Фатих Экиджи екі елдің достық қарым-қатынасын нығайту бағытында студенттер алмасу бағдарламасы бойынша оқуға келген 21 студенттің ішінде өзі де болғанына өте қуанышты. «Бұл менің басыма қонған бақ» дейді осы жақта тұрғанына риза болған ол. Зайыбымен де осы университетте оқып жүріп, отбасын құрған екен.
– Бүгінгі тәуелсіз Қазақстан менің көз алдымда дамыды, – дейді ол. –Қиындықтармен қатар, қуанышты сәттеріміз де көбейді. Мұндағы адамдардың бәрі бізге туыстай болып кетті. Осылайша Қазақстан – біздің сүйікті Отанымызға айналды. Болашаққа арналған барлық жоспарларымыз тек осы жермен ғана байланысты.
Фатихтың өзі бастамашыл жан. Отбасына үлкен жетістіктер сыйлаған жаңа жобасы қазақ-түрік мәдениеті мен достық орталығына деген ризашылығын еселей түсті. Алдымен, Қазақстан халқы Ақмола ассамблеясының көмегімен Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университетінде түрік тілінің оқу кабинеті ашылды. Қазір балалар мен жастар Достық үйіне жиналып, оқу, дем алу, концерттер өткізу шараларын ұйымдастыруда. Сондай-ақ, қазақтың ұлттық мәдениеті мен әдет-ғұрыптарын насихаттау үшін Түркия қалаларының бірінде қазақ тілі мен мәдениеті орталығы да ашылған. Оған қоса, Көкшетауда қазақ-түрік ансамблі құрылған, ондағы екі тілде сөйлейтін жас өнерпаздардың бір-бірімен жақынырақ танысуына зор мүмкіндік бар.
– Тіл білген жақсы ғой. Өзім төрт тілде сөйлей аламын, зайыбым орыс қызы, ол ағылшын тілінің маманы. Қазақстан менің сүйікті Отаным болғандықтан, қазақ тілін де өте жақсы білемін. Балаларым да бірнеше пән олимпиадаларының жеңімпаздары. Оларды үйде ата-анамыз түрік тіліне де үйретеді. Қазақ елінің тәуелсіздігін ең алғаш мойындаған да Түркия елі болатын. Сондықтан, қазақ-түрік бір туған, бауырлас халық екені айдан анық, – дейді Фатих Экиджи.
Иә, бүгінде Қазақстандағы түрік жұртшылығы «Біз – қазақстандық түріктерміз», «Қазақстан – біздің ортақ үйіміз», деген тақырыптарда түрлі фестивальдар өткізіп, халықаралық шаралар мен мәдени шараларда белсенділік танытып келеді.
Асылай ҚАДЫРҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар