Облыс орталығындағы бірқатар этномәдени бірлестіктердің ұйымдастыруымен көктемнің алғашқы күні Достық үйі алаңында Масленица мерекесі атап өтілді.
Қыспен қоштасып, көктемді қарсы алуға шақыратын славяндардың ежелгі мерекесін атап өтуге Достық үйі алаңына жиналған жұртшылықтың қарасы көп болды. Биыл мерекенің ақпанның соңғы жексенбісінде атап өтілуінің өз себебі бар. Ұйымдастырушылардың айтуынша, биыл көктем ерте келді, сондықтан, қысты шығарып салудың нағыз қолайлы сәті осы күн.
Мерекеден кейін ауыз бекіту үшін бұрын ренжіскен адамдар бір-бірінен кешірім сұрауы тиіс. Ертедегі дәстүр бойынша мейрам күні Масленицаның бейнесі жағылып, оның күлі егін бітік шықсын деген ниетпен алқаптарға шашылатын.
Шара ұйымдастырушылары, атап айтсақ, «Қазақстанның орыс, славян және казак ұйымдарының қауымдастығы» облыстық филиалының жетекшісі Геннадий Осиненко, Ақмола облысы орыс қауымдастығының төрағасы Александр Артеменко, чуваш этномәдени бірлестігінің төрайымы Елена Мащинская жиналған жұртшылықты мерекелерімен құттықтап, әр отбасында келісім мен ынтымақ, молшылық болуын тіледі. «Қоғамдық келісім» мекемесінің, этномәдени бірлестіктердің көркемөнерпаздары көпшілік қауымға ән мен биден шашу шашып, мерекелік көңіл-күй сыйлады. Сондай-ақ, шара қонақтары орыс драма театрының әртістері қойған театрландырылған көріністі тамашалап, спорттық жарыстарға қатысты. Қолөнершілердің көрмесін қызықтап, мерекелік дастарханнан дәм татты.
Венера ТАЛҒАТҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.