«Балаларымыз адал, тәрбиелі болып өссе екен»

көп балалы Нұрғалиевтер отбасының өмірлік ұстанымы осындай

Аудан орталығында тұратын көп балалы отбасылардың бірі – Нұрғалиевтер отбасы. Биылдан бастап бұл отбасының балаларына да арнайы мемлекеттік жәрдемақы тағайындалып, атаулы әлеуметтік көмек көрсетілуде.

Отанасы Жаңагүл Баяхметтің айтуынша, отбасына тағайындалған мемлекеттік жәрдемақының мөлшері 53 мың теңге, ал, атаулы әлеуметтік көмек 26 мың теңге шамасында. «Бұл отбасы үшін көп көмек болды» дейді ол. Себебі, үлкен қызы университетте ақылы бөлімде оқиды. Одан кейінгі тағы бір қызы студент. Екі қызы мектепке, ұлы балабақшаға барады.
–Мемлекет тарапынан көрсетіліп отырған көмек-қолдауға дән ризамын. Атау-
лы әлеуметтік көмек беріледі деген бойда бірден қажетті құжаттарды жинап, тиісті мекемеге апарып тапсырдым. Үйімізге комиссия келіп, жағдайымызбен танысты. Мемлекеттік жәрдемақы өз алдына, атаулы әлеуметтік көмек тағайындауда да ешқандай бөгесін болған жоқ. Бұған дейін жолдасым қосымша жұмыстарда жүретін. Мен мезгілдік жұмыстарды атқардым. Екеуіміздің бар тапқан ақшамыз Көкшетауда университетте оқитын тұңғышымыздың оқу ақысын төлеуден, қаладағы пәтер ақысы мен жүріп-тұруынан артылмайтын. Әйтеуір, екінші қызымыздың колледжге грантқа оқуға түскені біраз жеңілдік болды. Қаладан аудан орталығына қатынау қымбат болғасын, қыздарымыз үйге көп келмейді. Ет, май-қаймағын өзіміз жіберіп тұрамыз, – деген бес баланың анасы Жаңагүл Баяхмет атаулы әлеуметтік көмек алу үшін жолдасы екеуінің аудандық жұмыспен қамту орталығының ұсынуымен аудандық әкімдікке қарапайым жұмысшы болып тұрақты жұмысқа орналасқанын айтты.
Жаңагүл әйелмін демейді, қыста қар күрейді, мұз жарады. Жолдасы Ержан Нұрғалиевтің де жұмысы осы. Ерлі-зайыптылар балаларын асырау үшін «екі қолға бір күрек» деп, қандай жұмысты болсын атқаруға да дайын, оған ешбір арланбайды. Өйткені, баланы бағып-қағу, – ең алдымен, ата-ананың міндеті деп біледі.
Отбасының мектепте оқитын балалары тегін ыстық тамақпен қамтылған. Жыл сайын жаңа оқу жылының басында аудандағы №3 орта мектептің әкімшілігі жазу-сызуға қажетті кейбір оқу құралдарымен қамтамасыз етіп отырады.
– Осы балалар үшін тырысып келеміз. Ешкімнен кем болмаса екен дейміз. Қолымыздан келгенше оқытып жатырмыз. Біздің солар үшін жанымызды аямай жүргенімізді олар да түсінеді. Студент қыздарым ақшаны бей-берекет жұмсамауға тырысады. Әрбір тиын ата-анасының адал еңбегімен, маңдай терімен келетінін жақсы біледі. Бірде ауыр жұмыстан белім шойырылып қалғанда, үй шаруасына көмектескен де осы балаларым. Материалдық қажеттіліктерін өтеумен бірге, оларға дұрыс бағытта тәрбие беріп жатырмын деп ойлаймын, – деген ананың бар арманы балаларының өмірден өз орындарын тауып, еліміздің бетке ұстар азаматтары мен азаматшалары болғанын көру.
Ана жүрегі қандай керемет! Біз де мынадай ұлағатты отбасынан еліміздің ертеңгі тәрбиелі де саналы азаматтары шығатынына ешқандай шүбә келтірмейміз.

Венера ТАЛҒАТҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.
Шортанды ауданы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар