Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Денсаулық сақтау саласынан кәсіпкерлікке келген - АРҚА АЖАРЫ

Денсаулық сақтау саласынан кәсіпкерлікке келген

Сәуле Ақсейітова бұл күнде іргелі шаруа қожалығының жетекшісі

Түгін тартсаң, майы шығатын қасиетті жерде өмір сүру де – бір бақыт емес пе. Атбасарлық кәсіпкер Сәуле Ақсейітованың диқаншылықпен айналасқанына жиырма жылға жуық уақыт болды.  

Ол осы уақыт аралығында ауыл шаруашылығы саласында әйелдердің ерлерден кем түспейтінін дәлелдеп келеді. Астраханка елді мекенінде дүние есігін ашқан Сәуле Көпбайқызы 1982 жылы қазіргі Нұр-Сұлтан қаласындағы сол кездегі Целиноград мемлекеттік медицина институтының педиатрия факультетіне оқуға түсіп, 1988 жылы балалар дәрігері мамандығы бойынша тәмамдайды. Еңбек өтілін Атбасар аудандық ауруханасында балалар дәрігері болып бастады. Бұл нарықтық дағдарыс кең етек алып, көптеген кәсіпорындар тұралап қалып, ел экономикасы тоқырауға ұшыраған сәтімен тұспа-тұс келген жылдар еді. Жалақыны да уақытылы ала алмай, өз еңбекақыңа зарыға жеткен күндер болатын. Әрине, жүрек қалаған мамандықтан қол үзу оңайға соқпады. Ең жақсы жоспар уақыт талабына бейімделе алатын жоспар екені рас. Кәсіпкерлік саласының өркендеуі халықтың әлеуметтік әлеуетінің артуына ықпал ететіні бар. Сәуле Көпбайқызының басты ұстанымы да осы еді.
Содан 2001 жылдан бастап кәсіпкерлік қызметке ден қоя бастады. «Диқанның қазынасы – жер» демекші, ол егіншілікпен айналысуды ұйғарып, алдымен «Мирас» шаруа қожалығын ашты. «Ынтымақ бар жерге ырыс келеді» дегендей, бұл істе жанжары Қуаныш Жанхадамов зор қолдау білдіріп, көмек көрсетті. Алғашқы кезде бизнес жүргізуде көп қиыншылыққа  кезіккені де рас. Алайда, бастаған ісін тастамайтын қайсар мінезді кәсіпкер ол қиындықтарға мойымай, алға ұмтылды. «Диқан болсаң қос өзегің тең болсын, шаруа болсаң қос етегің кең болсын» демекші, кәсіпкерліктің нәтижелері де жемісін бере бастады. Қазіргі таңда «Мирас» шаруа қожалығы аудандағы іргелі еңбек ұжымының бірінен саналады.
Сәуле Ақсейітова бұл табыстарымен тоқмейілсімей, бизнесін одан әрі кеңейтуді жөн деп білді. Өңір диқандарының аялы алақаны, маңдай терімен өсірілген сапалы бидай, диірменнен шығысымен наубайханаға жөнелетіндей кәсіп ашуды ұйғарды. Ол қала орталығынан 5 түрлі нан өнімін пісіретін наубайхана да ашты. Қазіргі таңда жергілікті тұрғындардың ас мәзіріне сапалы, қолжетімді бөлке нандар мен әр түрлі тоқаштар ұсынылуда. Наубайханашылар күніне 4000 бөлкеге дейін нан пісіреді.
Сонымен қатар, Сәуле Көпбайқызы мал шаруашылығын өрістетуді де жөн деп тапты. Қазіргі таңда меншігіндегі барлық кәсіп түрлері бір жауапкершілігі шектеулі серіктес аясына біріктіріліп, «Арман-Атбасар-Агро» деп аталады. Аталмыш серіктестік аясында 50 адам жұмыспен қамтылған.
2010 жылы мектепке дейінгі тәрбие және оқыту саласында білім беру қызметімен айналысуға мемлекеттік лицензия алып, 2 жастан 5 жасқа дейінгі балаларға арналған «Ақбота» мектепке дейінгі жеке шағын орталығын да ашты.
Қазақта «кең болсаң, кем болмайсың» деген қанатты сөз бар. Кең жүректі Сәуле Көпбайқызы қолынан келіп жатса, қайырымдылық іс-шаралардан қалыс қалмауды өзінің азаматтық парызы санайды. Мәселен, Атбасар ауданаралық көпсалалы ауруханасына 400 мың теңгенің қайырымдылық көмегін көрсетті, сондай-ақ, аудандық мәдениет үйіндегі хореографиялық залға қажетті жиһаз сатып алуға қаражат бөлді. Атбасар ауданындағы №2 орта мектептің орыс тілі мен әдебиеті кабинеті үшін жиһаз сатып алуға және күрделі жөндеуге материалдық көмек берді. Біз жоғарыда санамалап өткен қайырымдылық шаралары Сәуле Көпбайқызының ел халқына көрсеткен көмегінің бір парасы ғана.
Сәуле Ақсейітова 2015 жылдан бастап «Нұр Отан» партиясының мүшесі. 2016 жылдан қазіргі уақытқа дейін Атбасар аудандық мәслихатының депутаты. Сонымен қатар, «Атамекен» кәсіпкерлік палатасының аудандық филиалының төрайымы, Атбасар ауданының іскер әйелдер қауымдастығының төрайымы, партияның Ақмола облыстық филиалының Саяси кеңесінің мүшесі.
«Елеулі еңбек еш болмайды» деген бар емес пе?! Ол ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына зор үлес қосқаны үшін «Қазақстан Тәуелсіздігіне 25 жыл», «Қазақстан мәслихаттарына 20 жыл» мерейтойлық медальдарымен, сондай-ақ, «Қайырымдылық керуені» республикалық акциясына белсене қатысқаны үшін Қазақстан халқы Ассамблеясының хрусталь белгісімен марапатталды.
Қарапайым еңбекті қадір тұтқан іскер әйел отбасында ардақты ана, бір шаңырақтың ұйытқысы. Бұл күнде жолдасы Қуаныш екеуі алтын асықтай үш ұл тәрбиелеп өсіріп, олардан өрбіген немерелерінің ыстық ықыласына бөленіп отыр. Иә, қандай қоғам болсын, оның әміршісі – еңбек. Адал тер төгіп, еңбек еткеннің жүзі жарқын, мерейі үстем, жолы ашық болары анық. Міне, осы тұрғыда Сәуле Көпбайқызының тынымсыз еңбек жолы көпке үлгі болатыны хақ.
Ұлмекен ТЫНЫШТЫҚҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.
Атбасар ауданы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар