Әйел қадірі

Қыз бала, әйел, ана, әже, міне, осы өмір жолдарынан әр әйел заты дүниеге қыз болып туғаннан бастап өтеді. Әрине, өмір қиын, кейбіреулері әртүрлі себептермен бәрінен өтпейді. Осы жолдардың бәрінен өткен қыз бала өзін бақытты деп есептеуіне болады.

Ол үшін анадан шыр етіп түскеннен ата-ана тәрбиесі өз дәрежесінде болуы қажет. Не нәрсенің болсын іргетасы дұрыс қаланса, ол адам ұзақ, баянды ғұмыр кешеді. Сәби кезінен дұрыс тәрбие алған бала өмірде кездескен кедергілер мен қиыншылықтарды жеңе отырып, өзінің жарқын өміріне жол ашады. Қыз бала қанша жерден мықты болса да, кейбір жерде әлсіздік танытып қалады, ол көбіне сыртқы әсердің салдарынан. Сонда да ата-бабамыздан келе жатқан «қызға қырық үйден тыю» деген сөз өз өзектілігін жоймайды. Қыз бала қоғамның, ата-ананың, тәрбие орындарының бақылауында бола отырып, дұрыс бағытта өсіп-жетілсе, келешегіне дұрыс жол ашады. Қазіргі заманда олардың тарапынан кейбір келеңсіз жағдайларды байқаймыз. Жап-жас қыздар шылым тартып, шарапқа үйір болады, түннің ортасына дейін мейрамханалар сияқты көңілдену орындарынан табылады. Осындайлардан қандай әйел, ананы күтуге болады?! Дұрыс тәрбие алған қыз бала білім алып, қызмет атқарып, ата-анасына қамқоршы болып жүрмей ме?!. Балаларымның бәрі де бізге көмек жасауға тырысады, соның ішінде қыз балаларым ата-анасына көбірек көңіл бөледі. Бір ғана мысал, біздің Динара деген баламыз бірде жаңа үйге көшкенімізде үйге қажет жабдықтарды сонау Қытайға барып, алып келіп, үйді толық безендіріп жіберді. Тіпті люстра сияқты маман істеуге тиіс нәрселерді өзі іліп, гардиндарды бекітті. Біздің байқауымызша, бәйбішелерінің артында қалған ақсақалдар, тіпті, елімізге белгілі азаматтар да қыз балаларының немесе немере-жиендерінің қолында болғанды қалайды. Осындай мысалдарды көптеп келтіруге болады.
Қыз бала кәмілеттік жастан асқан соң отбасын құруға бет бұрады. Бұл жерде жар таңдауда қателікке ұрынатындар жиілеп тұр. Қазіргі статистика бойынша әрбір үшінші жас жұбайлар айырылысып жатыр. Меніңше, осы мәселеге сараптама жасап, бұл бағытта жастар арасында тәрбие жұмысын күшейту қажет. Ата-бабамыздан келе жатқан құда түсіп, келін түсірудің де жақсы жақтары бар. Шешесіне қарап қызын ал деген қағида да дұрыс шығар.
Жақсы отбасын құрып, бала сүйіп, бақытты өмір сүріп жатқан отбасылардың біразында әйел көп шаруаны өз мойнына алады. Оны өмірде көріп жүрміз. Алысқа барып керегі жоқ. Өз отбасыма келетін болсам, зейнетке шыққанға дейін бес елді мекенде абыройлы қызмет атқарып шықтым. Ол өзімнің жұмысқа жауапкершілігім болса, соған жағдай жасап үй шаруасын, бала тәрбиесін толығымен мойнына алған зайыбым Хамила Құлбекқызының арқасы. Әрине, бұған мақтануға болмайды. Уақыт тауып біраз шаруаны мен де атқаруым керек еді. Мұндай жағдай менде ғана емес, көптеген қазақ отбасында бар. Таяуда тележүргізуші бір археологқа мынадай сұрақ қойды: Сөйтіп «сіз даладағы археологиямен айналысасыз, ал үйдегі «археологиямен» кім айналысады?» деген сұраққа «жеңгең» деген жауап алды. Әйел қызметкерлер таңертең қызметке сөмкесімен ғана бара жатса, жұмыстан қайтқанда екінші қолында азық-түлік салған салмақты пакеті болады. Қызметте ер адаммен бірдей жұмыс істесе, үйге келгенде барлық шаруаны атқара жүріп, балаларының оқуымен де, тәрбиесімен де айналысады. Осындай істерді мойнына алуының негізгі себебі, жолдасының абыройлы қызмет атқаруына мүмкіншілік жасау. Біз, еркек қауымы ол кісілердің еңбегін бағалай отырып, қадір тұтуымыз керек деп ойлаймын.
Көпшілік жағдайда денсаулығы болса, әйел, ана әжелік мәртебеге өтсе де, бұрынғы әдетімен үй шаруасын, немерелеріне қамқорлық жасауды жалғастыра береді.
Менің байқауымша, біраз жерде еркек атқаратын жұмысты әйелдер, әйелдер атқаратын жұмысты еркектер атқарып жүр. Қыстың қақаған аязында қыз-келіншектер күрекпен қар тазалап, ал, кейбір мейрамханаларда сойталдай жігіттер жылы жерде даяшы қызметтерін атқаруда. Әрине, мұны заңмен шешуге болмайды, бірақ, жастар арасында жүйелі түрде «еркек еркектің, әйел әйелдің жұмысын орындағаны жөн» деген айдармен жұмыс жүргізілсе, сонда оң өзгеріс болар деп ойлаймын.
Әйелді жылына бір рет 8 наурызда құттықтау жеткіліксіз. Әйелді қорғайтын қатаң заң болуы керек. Зайыбына қорлық жасап, кемсіткен, қол көтерген еркектер қатты жазаланғаны дұрыс болар еді. Онымен қоса, мектеп жасынан бастап жастар арасында отбасын құру туралы белгілі дәрежеде жүйелі жұмыстар жүргізу қажет сияқты. Тіпті мектеп бағдарламасына осындай пәнді кіргізсе, артық болмас еді.
Еркін ДӘУЕШҰЛЫ,
ардагер ұстаз.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар