Бүгінгі таңда заманымыздың ақиық ақыны Мұқағали Мақатаевтың есімі еліміздің қай өңірінде де құрметпен аталады. Жас баладан еңкейген кәріге дейін Мұқағалидың отты өлеңдеріне ынтық десек, артық емес.
Осыны жуырда Алматы қаласындағы республикалық балалар мен жасөспірімдер шығармашылық орталығы ұйымдастырған «Ғұмырдария-2020» байқауы да жақсы көрсетіп берді. Осымен жетінші рет өтіп отырған бұл халықаралық ән-жыр және көркемсөз байқауына республикамыздың түкпір-түкпірінен және көршілес шет елдерден 14-16 жас аралығындағы талапты оқушылар көптеп қатысты.
Солардың ішінен Ортақ орта мектебінің 9 сынып оқушысы Зарина Тоқтасина Мұқағали Мақатаевтың өлеңдерін мәнерлеп оқудан жүлделі екінші орынға ие болып, Ақмола облысының намысын ойдағыдай қорғап шықты. Жүзден жүйрік шыққан шәкіртін бұл байқауға сынып жетекшісі әрі қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Ғалиябану Тілегенқызы Қабдырахманова дайындады. Сөйтіп, өзін осы байқауға үкілеп қосқан алтын ұя – мектебінің сенімін ақтаған Зарина 8 наурыз – Халықаралық әйелдер күні мерекесі қарсаңында өзіне де, ұстаздарына да осындай жақсы тарту жасады.
Қ.КӘКЕНОВ.
Зеренді ауданы.
Суретте: байқау жүлдегері Зарина Тоқтасина.