«Біз үшін жемқорлықпен күрестің барлық тетіктері маңызды»

Мұрат ТӨЛЕУБАЕВ,
Ақмола облысы бойынша жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаментінің басшысы:

Мемлекет басшысының 2019 жылдың 13 маусымындағы Жарлығымен Қазақстан Республикасының сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі қайта құрылып, тікелей Президентке бағынышты болатын болды. Бұрын бір құрылымда болған мемлекеттік қызметтен бөлініп, өз алдына отау тіккен агенттіктің басты міндеті – сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясатты жүзеге асыру. Осы орайда, Ақмола облысы бойынша сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаментінің басшысы Мұрат Төлеубаевпен жаңа құрылымның атқарып жатқан жұмыстары туралы әңгімелескен едік.

–Құрылымдық қайта құруға байланысты қызмет бағыттарыңызда қандай өзгерістер болды? Қазіргі атқаратын негізгі жұмыс бағдарларыңыз туралы айтып берсеңіз.
–Қазіргі біздің басты міндетіміз – мемлекетіміздің жемқорлыққа қарсы саясатын жүзеге асыру. Дегенмен де, агенттіктің бұрыннан айналысып келе жатқан жұмыстары мен мақсаттары, атап айтқанда, жеке және заңды тұлғаларды мемлекеттік құрылымдарда істейтін жемқор элементтерден қорғау, жемқорлық заң бұзушылықтар мен қылмыстардың алдын алу, оны ашу сияқты міндеттеріміз бұрынғыша өзгеріссіз қала береді.
Қазіргі жұмысымыздағы жаңа нұсқаға сай, жемқорлыққа қарсы қызмет өз міндетін жүзеге асыруда ең алдымен әділдікке, сенім мен тәрбиелілікке иек артады. Бүгінгі қалыптасқан жағдайларды, қоғамдық қажеттіліктерді ескере отырып, ведомствода жаңа құрылым пайда болды, ол: алдын алу, әріптестік пен ізгілік, сенімділік департаменті. Бұл жаңа құрылым жемқорлыққа қарсы мониторинг, жемқорлық тәуекелдер мен оны жоюға талдау, жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру жөніндегі идеологиялық жұмыстарды жүргізеді.
Сонымен бірге, жедел іздестіру құрылымдарының қызмет ауқымы да біршама кеңейтілді. Олар ендігі уақытта жемқорлыққа қарсы заң бұзушылықтарға байланысты квазимемлекеттік секторда және сот, құқық қорғау органдарында да жедел іздестіру, заңсыздықтың алдын алу жұмыстарын жүргізетін болады.
Қазіргі күнгі агенттік бекіткен жемқорлыққа қарсы күрес стратегиясы бойынша бұл бағытта жүйелі және кешенді жұмыстар жүргізіледі. Атап айтқанда, мемлекеттік қызметшілер мен лауазымды тұлғалардың арасында жемқорлықтың алдын алу, ескерту, заң бұзушылықтарды ашу және жемқорлық тәуекелдерді барынша азайту мәселелеріне жете көңіл бөлінеді. Оған қоса, халық ішінде жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру, ақпараттық насихат жұмыстарын белсенді жүргізуге де ерекше назар аударылады.
– Өзіңіз басқарып отырған облыстық департаментте бұл бағытта қандай жұмыстар атқарылып жатыр?
– Агенттік алдымызға қойған міндеттерге орай, ең алдымен жемқорлық заң бұзушылықтар мен қылмыстардың алдын алу шараларына баса көңіл бөлеміз. Осы орайда, түрлі мақсатты топтар арасында жемқорлыққа жол бермеу бағытында үгіт-насихат жұмыстары тұрақты түрде жүргізіледі.
Мәселен, өткен жылы департамент жемқорлықтың алдын алу, оған жол бермеу бағытында 3088 түрлі ақпараттық түсіндіру шараларын ұйымдастырған екен. Ондай шараларды ұйымдастыруға мемлекеттік органдардың қызметкерлері, «Nur Otan» партиясының белсенділері, «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының, түрлі этно-мәдени орталықтар мен діни бірлестіктердің өкілдері қатысты. Сондай-ақ, бұл жұмыстарға жастар арасындағы «Адал ұрпақ», «Саналы ұрпақ», басқа да үкіметтік емес ұйымдар да тартылды. Өткізілген барлық іс-шараларды ақпарат құралдары арқылы халыққа кең көлемде насихаттап отырдық.
2019 жылы біздің департаменттің жүргізіп жатқан жұмыстары туралы республикалық және жергілікті ақпарат құралдарында 2307 материал, 248 телесюжет жарияланды. Оған қоса, интернет құралдарында 1536 ақпараттық материалдар жарық көрді.
–Соңғы жылдары департаменттің атсалысуы-мен жемқорлыққа қарсы бірқатар жобалар қолға алынғанын білеміз. Енді осы бағыттағы жұмыстарыңыз туралы айтып берсеңіз.
–Агенттіктің бастамасына орай, Ақмола облысының аумағында жемқорлықпен күрес бағытындағы үш тәуелсіз және еркін жоба қолға алынып, жүзеге асырыла бастады. Енді соларға жеке-жеке тоқтала кетейін. Азаматтардың билікке деген сенімін арттыруға жағдай жасайтын тұрмыстық жемқорлық деңгейін барынша төмендететін «Ақмола – адалдық алаңы» жобасы қазіргі күні табысты жұмыс жасап келеді.
«Бизнесті және инвесторларды қорғау» жобасы аты айтып тұрғандай, инвесторлар мен кәсіпкерлердің құқығы мен мүдделерін қорғауға қызмет көрсетеді. «Саналы ұрпақ» жобасы еліміздің білім беру жүйесі арқылы жас ұрпақтың бойында жемқорлыққа төзбеушілікті қалыптастыруға бағытталған.
«Ақмола – адалдық алаңы» жобасына арналған арнайы офис жабдықталып, онда департамент қызметкерлері қарапайым жұртшылық өкілдеріне жемқорлықпен күрес, заңсыздықтың алдын алу бағытында түсіндіру, кеңес беру жұмыстарын жүргізеді. Өткен бір жылдың ішінде осы жоба шеңберінде 2,5 мыңнан астам түсіндіру, үгіт-насихат шаралары ұйымдастырылыпты. Оған еңбек ұжымдары мен қоғамдық ұйымдардың өкілдері тартылды.
Жоба аясында департамент мамандарымен бірге мемлекеттік орган қызметкерлері, жұртшылық өкілдері арасындағы пікір алмасуға негізделген үш жақты кездесу шаралары өткізілді. Онда қарапайым жұртшылық өкілдері өздерін толғандыратын сауалдары мен арыз-шағымдарын ашық айтып, нақты жа-уап алды. Өткен жылы «Ақмола – адалдық алаңы» офисіне облысымыздың әртүрлі өңірлерінен келген 1120 адам өз арыз-шағымдарын айтты. Шағымданушылардың 1113-і өз сұрақтарына толыққанды жауап алды.
Сонымен бірге, осы жоба шеңберінде 306 адалдық дүкені құрылып, жұмыс істеуде. Бұндай дүкендер жоғары оқу орындарында, колледждерде, мемлекеттік органдарда, құқық қорғау және сот мекемелерінде жұмыс жасап жатыр. Сатушысыз дүкендердің қызметін пайдалану арқылы адамдардың өзіне деген жауапкершілігі артады. Департаменттің араласуымен облыстағы 724 мекеменің басшылары өз жұмыс кабинеттерін ғимараттың бірінші қабатына көшірді. Бұл мекеме басшыларының халыққа біршама жақындап, олармен кездесуге көбірек көңіл бөлулеріне жағдай жасайды деп ойлаймын.
–Жемқорлардан ең көп зардап шегетіндер бизнес өкілдері мен инвесторлар екендігі белгілі. Осы бағытта қандай шаруалар атқарылуда?
–Жоғарыда айтып кеткенімдей, біз қолға алған үш жобаның бірі – «Бизнесті және инвесторларды қорғау» деп аталады. Бұл жобаның мақсаты – өңірімізде инвестициялық жағымды орта қалыптастыру, инвесторлар мен бизнес өкілдерінің мемлекеттік органдарға деген сенімін арттыру. Жобаның шеңберінде бизнес өкілдерінің жемқорлыққа қарсы құқықтық сауаттылығын көтеру, қоғамдық бақылау, жемқорлықтың алдын алу тетіктері, бизнес үдерістерін оңтайландыру мәселелеріне арналған шараларды өткізу қарастырылған.
Кәсіпкерлермен және инвесторлармен жемқорлыққа қарсы ықпалдасуды жүзеге асыру бизнес өкілдері мен инвесторлардың жемқорлыққа қарсы келісім-шарттар жасауы арқылы жүзеге асырылады. Ол шартта бизнес өкілдері жемқорлыққа төзбеушілікке, бизнесті заңды түрде жүргізуге келісімдерін береді. Өткен жылы бизнес өкілдерімен және инвесторлармен осындай 49 шарт жасалды.
2019 жылы кәсіпкерлерден 41 арыз-шағым түсті және олардың бәрі департамент тарапынан жан-жақты тексеріліп, тиісті шаралар қолданылды.
–Департамент жұмысында жемқорлықтың алдын алуға, заң бұзушылыққа жол бермеуге баса назар аударылады дедіңіз әлгінде. Осы бағыттағы жұмыстарыңыз туралы не айтасыз?
–«Ауырып ем іздегенше, ауырмаудың жолын ізде» деген сөз бар ғой. Жемқорлық қылмыстармен күрескеннен гөрі, ондай заң бұзушылықтарға жол бермеудің, яғни, дерттің алдын алудың тиімді болатыны даусыз. Агенттік белгілеген міндеттердің қатарында бұл бағыттағы жұмыстар әрдайым басты орында тұрады. Осы орайда, біз түрлі салада қызмет көрсететін мемлекеттік органдардың жұмысындағы жемқорлық тәуекелдерге сырттай талдау жасап отырамыз. 2019 жылдың қорытындысы бойынша облысымыздағы 18 мемлекеттік мекеменің қызметіндегі жемқорлық тәуекелдерге сырттай талдау жасалды. Мониторинг қорытындысы бойынша, белгілі болған жемқорлық тәуекелдерге қатысты мемлекеттік мекемелердің атына 79 ұсыныс жолданды. Оның 28-і нормативтік-құқықтық актілерге байланысты болса, 51-і басқару-ұйымдастыру жұмыстарына қатысты.
Сырттай талдау жүргізудің мақсаты – түрлі салалардағы жемқорлық өлшемі негізінде қалыптасқан проблемаларды анықтау және соны жоюға назар аудару. Мониторинг жасауға азаматтардың әлеуметтік желілер арқылы түрлі мекемелер мен ұйымдардың қызметіне деген сын пікірлері түрткі болып жатады. Осыған орай, әлгі мәселені тереңдей зерттей отырып, қоғамдық пікірлерге жедел жауап беру арқылы мемлекеттік органдардың қызметін одан әрі жетілдіруге арналған ұсыныс-пікірлер жасалады.
Мәселен, жолаушы тасымалының ашықтығын қалыптастыру бойынша қоғамдық мониторинг жүргізу негізінде 93 жолаушылар пойызы тексеріліп, 77 билетсіз жолаушы анықталды, 54 техникалық ереже бұзушылық белгілі болды. Нәтижесінде олқылықтарды жою шаралары қамтылған 41 әкімшілік материал дайындалды.
Осындай қоғамдық мониторингтер басқа салаларда да жүргізіліп, олқылықтарды жою шаралары қарастырылуда. Бұның бәрі өз кезегінде жемқорлық заң бұзушылықтардың алдын алуға, сол арқылы жемқорлық қылмыстардың жолын кесуге игі ықпалын тигізетіні анық.

Сұхбатты жазып алған
Қалкөз ЖҮСІП.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар