Ауылға жұмысқа барған жастар қолдаусыз қалмайды

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына арнаған Жолдауында «Дипломмен – ауылға!» бағдарламасының аясын кеңейту, осы жұмысты жаңа деңгейде жалғастыру қажеттігін айтып, Үкіметке биылдан бастап осы бағдарламаны қаржыландыруды 20 миллиард теңгеге жеткізуді тапсырған болатын.

Облыстық білім басқармасының мәліметтеріне сүйенсек, 2019 жылы «Дипломмен – ауылға!» бағдарламасы бойынша 250 жас, атап айтсақ, дәрігерлер, мұғалімдер, ветеринария, агроөнеркәсіптік кешен, мәдениет саласының мамандары ауылдық жерге жұмысқа орналасып, көтерме жәрдемақы алды. Ал, Ақмола облысының экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының ресми сайтында 2018 жылы осы бағдарламамен елдi мекендерге жұмыс істеу үшiн келген 410 әлеуметтiк сала және агроөнеркәсiп саласы мамандарына 69,0 миллион теңге көлемінде көтермеақы төленгені туралы мәліметтер бар. 2017 жылы 381 дипломды жас ауылдық жерге жолдамамен жұмысқа тұрған.
Қарап отырсақ, бағдарлама бойынша жылдағы көрсеткіш әртүрлі, белгілі бір өсім жоқ. Жыл сайын облысымыздағы университеттер мен колледждерді мыңдаған түлек бітіретінін ескерсек, облысымыздағы ауылдық жерлерге былтырғыдай 250 жас маманның барғаны жеткілікті деп айта алмаймыз. Ауылдық жерлерде, әсіресе, медицина мамандары тапшы. Білім, мәдениет салаларына да жаңа технологияларды меңгерген, заман талабына сай білікті мамандар қажет.
Жуырда іссапармен Шортанды ауданында болғанымызда, «Дипломмен – ауылға!» бағдарламасының қалай жүзеге асырылып жатқанының жай жапсарына қаныққан едік. Аудандық жастар ресурстық орталығының жетекшісі Іңкәрім Қабылханның айтуынша, былтыр бағдарламамен білім саласының 23 қызметкеріне, денсаулық саласының 7, мәдениет саласының 2 және 1 ветеринария саласының мамандарына баспана алуға несие беріліпті.
Ал, осы аудандағы «Ойын-сауық орталығы» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің директоры Ербол Қабылбеков 2018 жылы аудан әкімінің қаулысымен ескі мәдениет үйі «Ойын-сауық орталығы» болып жаңадан құрылған кезде мекемеге біраз жас маман жұмысқа келгенін айтты.
– «Дипломмен – ауылға!» бағдарламасы аясында біраз жас маманды жұмысқа қабылдадық. Барлығын да баспанамен қамтамасыз еттік. Бүгінде орталықта 20-ға жуық домбырашымыз, 3 қобызшымыз бар. Соның өзінде қобызшылар жеткіліксіз. Биыл университет, колледж түлектерін ауданға жұмысқа шақырамыз деп отырмыз. Тоғыз жолдың торабында, астананың іргесінде орналасқан ауданымыздың келешегі зор. Алдына мақсат қоя білген жастарға бізде барлық мүмкіндіктер қарастырылған. Жас мамандарды баспанамен қамту жағынан аудандық әкімдік барынша қолдау көрсетуде. Оның үстіне биылдан бастап мәдениет қызметкерлерінің еңбекақылары 35 пайызға өсті, – деген мекеме директоры Ербол Қабылбеков орталықта «Дипломмен – ауылға!» бағдарламасымен еңбек етіп жатқан Аманжол Аят, Рахат Сабыров, Өнербек Келгенбай, Серікгүл Хатпа, Қайсар Мұхтар, Асқар Мұқият секілді жастарды ерекше атап өтті.
Осы орайда, біз бағдарлама қатысушысы, Шортанды аудандық ойын-сауық орталығының дыбыс режиссері Аят Аманжолды әңгімеге тартқан едік. Ол 2012 жылы Көкшетау қаласындағы Ақан сері атындағы жоғары мәдениет колледжін тәмамдаған. Ауылға жұмысқа келмей тұрып, Көкшетаудағы Шахмет Құсайынов атындағы қазақ музыкалық-драма театрында дыбыс меңгерушісі болып қызмет еткен. Алайда, қалада азын-аулақ жалақыға пәтер жалдап тұру қиын болғасын, 2017 жылы Шортандыдағы мәдени мекемеге жұмысқа орналасыпты.
–Осында жұмысқа келгенде бірден үй берді. Бір айлық жалақы мөлшерінде көтермеақыны да алдым. Осы жаққа келіп болашақ жарымды кездестіріп, отбасын құрдым, – дейді жас маман әңгімесін одан әрі жалғап.–Жасыратыны жоқ, басыңда баспанаң болмаса, қалада күн көру қиын. Өз басымнан өткергесін айтып отырмын. Мұндайда дана халқымыз «көрпеңе қарай көсіл» дейді. Дипломды жастарды «Дипломмен – ауылға!» бағдарламасы беріп отырған мүмкіндікті пайдаланып, ауылдарды дамытуға үлес қосуға шақырамын.
Ойын-сауық орталығындағы негізгі қызметімен қатар, Аманжол аудандық жастар ресурстық орталығында қосымша жұмыс істейді және агротехникалық колледжде өзі ашқан «Шабыт» деп аталатын үйірмеде колледждің білім алушыларын әнге, актерлік шеберлікке баулиды. Ол дайындаған шәкірттер агротехникалық колледждер арасында ұйымдастырылған «Агрофорум» облыстық байқауында осымен үшінші жыл қатарынан жүлделі орындарды иеленіп жүр. Ал, биыл шортандылық жастар бас жүлдені жеңіп алған. Тағы бір атап өтерлік жайт, Аманжол Аят дайындаған №3 қазақ орта мектебінің ұстазы Жадыра Озатқызы облыстық келіндер бәйгесінде бас жүлдені иеленген. Бұл аудан үшін үлкен жетістік. Кейіпкеріміз ауданның қоғамдық-мәдени дамуына үлес қосуға қашанда әзір екенін жеткізді.
«Дипломмен – ауылға!» бағдарламасының қатысушысымен әңгімелесе келе, көкейге түйгеніміз, шынымен де алдына мақсат қоя білетін жас мамандарға бұл бағдарлама таптырмас мүмкіндік. Оның үстіне, Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауында «Дипломмен – ауылға!» бағдарламасымен ауылдық жерлерге жас мамандарды көптеп тарту қажеттігін айтып, бағдарламаны қаржыландыру мөлшерін бұрынғыдан да көбейтуді тапсырды. Әрине, жұмыс орнын таңдау жастардың өз еркінде. Алайда, ауылдық жерлерде білікті мамандар тапшы екенін, сол себепті, мемлекетіміз ауылдық жас мамандарды қолдауға басымдық беріп отырғанын баса ескерген жөн.

Венера ТАЛҒАТҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.
Шортанды ауданы.

Суретте: «Дипломмен – ауылға!» бағдарламасының қатысушысы, Шортанды аудандық «Ойын-сауық орталығының» дыбыс режиссері Аманжол Аят.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар