Дағдарысқа қарсы шаралар пысықталды

Өткен сейсенбі күні Ақмола облысының әкімі Ермек Маржықпаевтың төрағалығымен дағдарысқа қарсы өңірлік қоғамдық штабтың отырысы болып өтті.

Күн тәртібінде әлемде мұнай бағасының құлдырауына байланысты еліміздегі ақша айырбастау пункттерінде доллар бағасының бағамы, халықты әлеуметтік қорғау шаралары, коронавирустың алдын алу секілді бірқатар өзекті мәселелер қаралды.
Бірінші мәселе бойынша Қазақстан Ұлттық банкі Ақмола филиалының өкілі есеп беріп, облыс аумағында 50-ге жуық айырбастау пункттері жұмыс істейтінін, олардың барлығы да ұлттық және шетелдік валютамен жеткілікті деңгейде қамтамасыз етілгенін айтты.
Облыстағы эпидемиологиялық жағдай туралы Ақмола облыстық тауарлар мен көрсетілетін қызметтің сапасын және қауіпсіздігін бақылау департаментінің басшысы Айнагүл Мусина баяндады. Оның айтуынша, бүгінгі күнге дейін облыс аумағына шет мемлекеттерден 237 адам келген. Коронавирус дерті тіркелген елдерден келіп жатқан азаматтар жіті бақылауға алынуда.
Жиын барысында облыс әкімі Ермек Маржықпаев эпидемиологиялық жағдайды назарда ұстап, медициналық мекемелерді дәрілік препараттармен және дәріханаларды маскалармен уақытылы қамтамасыз етуді тапсырды. Және азық-түлік бағасын тұрақтандыруға байланысты тиісті мекемелерге нақты тапсырмалар берді.
Отырыста қоғамдық тәртіп мәселесі де айтылмай қалмады. Ермек Маржықпаев жуырда «Қарағай-Уголки» өткелінде пойыздың жылқыларды соғып кету оқиғасына қатысты пікірін білдіріп, бұл ретте ең алдымен, жылқышылардың жауапкершілігін арттыру қажет деді. Мал бағу да кәсіп түріне жатады, сол себепті жылқышылар әуелі жеке кәсіпкер ретінде тіркеуден өтуі керек. Болған жағдай тұрғындарға мал табынын облыстық, республикалық маңызы бар автомобиль жолдарына, темір жолдарға шығармауды кеңінен түсіндіру керек екенін анық көрсетіп отыр.
Сонымен қатар, облыс әкімі облыстық кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасына, «Есіл» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорация-сына интервенция жасауды, яғни, бірінші қажеттіліктегі азық-түлікті арзан бағамен сатып алу мен үйлестіруді тапсырды. «Бұл – коронавирус қаупі және доллар бағасының күрт өсуіне байланысты алдағы уақытта нарықта азық-түлік бағасының бұрмалануын болдырмау үшін қажет», – деді облыс әкімі қорытынды сөзінде.

Венера ТАЛҒАТҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар