Қазақ сахарасын ежелден сал-серілік дәстүрімен тәнті етіп келе жатқан киелі Көкшетау елі өзінің ақындық пен жыршылық, әншілік сияқты жаһұт өнерімен әлі де жарқылдап көрініп келеді. Арқаның әншілік дәстүрінің негізін қалаған Біржан сал, Ақан сері, Үкілі Ыбырай мен Балуан Шолақ сынды тума таланттардың ізбасарлары асыл өнердің кіндігін үзіп алмай келе жатқандығы қуантады. Айтыстың хас шебері атанған Көкен Шәкейұлы көзі тірісінде өзі ұйымдастырып кеткен Көкшетау қаласындағы ақындар мектебі өз жұмысын жандандырудың нәтижесінде соңғы уақытта өнер әлемінде, айтыс сахнасында жас буынның жарқ етіп көріне бастаулары ел мерейін тасыта түсті.
Көкшетаудағы осы ақындар мектебі жұмысының соңы сұйылып кетпей, жандана түсуіне Көкен Шәкеевтің төл шәкірті, ақын Құдайберлі Мырзабек, айтыскер ақын Арман Бердалин зор үлестерін қоса білді. Осы мектепке кезінде екеуі де жетекшілік жасап, қаншама жас дарындардың бағын ашты. Көкшетау қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі де әрдайым қолдау білдіріп келеді.
Соңғы жылдары, яғни, 2017 жылы мектеп жетекшілігін жас ақын Мұхаммед Қоңқаев қолға алып, қазіргі уақытта бұл мектеп тың ойлармен, жаңа мазмұнмен жұмыс істеп жатыр. Айтыс және жазба поэзиясы бойынша негізгі екі бағыттағы мектепте қазір 25 шәкірт тәлім алуда. Олардың қатарында мектептер мен колледж оқушылары, жоғары оқу орындарының студенттері бар. Мектеп жетекшісі, жоғары білімді әдебиетші Мұхаммед Қоңқаевтың жас ақындарға арнап жазған «Поэзияға қадам және айтысқа дайындық» атты оқу құралы жас таланттардың негізгі білім алу көзіне айналыпты. Бұл оқу құралының алғысөзін Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Нұр-Сұлтан қалалық филиалының директоры, ақын Дәулеткерей Кәпұлы жазып, поэзия мен айтыс өнерінің алғашқы баспалдағына аяқ артқандар үшін құнды еңбек екендігін атап көрсетіпті. Әрине, бұдан ақындар мектебінде тек Мұхамед Қоңқаевтың ғана оқу құралы пайдаланылады екен деген ұғым тумаса керек-ті. Осы мектептің жанындағы «Әдеби шәй-пәй» деген еркін пікір алысу клубының жұмысы да қызықты өтіп жүр. Бұл бір шыныаяқ шай үстіндегі пікір алысуға өнерді қадыр тұтқан бар жастағы ел ағалары да қатысып, өз ойлары мен пікірлерін ортаға салып тұрады. Жастардың жырлары мен салған әндерін тыңдайды, айтыстарына баға береді. Жастарға бағыт-бағдар сілтейді.
Көкен Шәкейұлы атындағы бұл ақындар мектебі шәкірттерінің облыстық, республикалық, халықаралық әдеби байқаулар мен айтыс пен жыр мүшәйраларының жүлдегерлері атанып жүргендігін сүйсіне атар едік. Мысалы, Бақытжан Дамир Мағжан Жұмабаевқа арналған Халықаралық әдеби байқауда бірінші орын, Думан Самат «Мен жастарға сенемін» атты аймақтық айтыста Гран-При, Абзал Жұмабек «Есіл-Көкше – ән мен жырдың мекені» атты аймақтық айтыста екінші орын, Ұғылан Қарашаш – «Елімнің бақытын тербеткен Тәуелсіздік» атты облыстық мүшәйрада бірінші орын, Жансая Жұмабек Халықаралық «Jaryq juldyz» атты байқауда «Көркем сөз» номинациясы бойынша Гран-При және кубок, Сая Тұрсынбек Абайдың 175 жылдығына арналған аймақтық айтыста Бас жүлдені иеленгендіктері, бір шоғыр жас таланттардың даралануы көңілге үміт ұялатады. Жуырда ғана Алматы облысында өткен «Жыр алыбы – Жамбыл» атты республикалық жас ақындар айтысында 8 сынып оқушысы Нұрбек Серік «Жазушы Есдәулет Қандеков» атындағы арнайы жүлдені жеңіп алып, Көкшенің атын аспандатып, мерейін өсірді.
Ақындар мектебі Көкшетау қаласындағы «Достар» мәдениет сарайында есеп беру кешін, №8 орта мектебінде және Назарбаев зияткерлік мектебінде ақын Көкен Шәкейұлының 95 жылдығына арналған «Менің дауысым – бұхараның өз үні» атты шығармашылық кештерін тартымды да әсерлі етіп өткізе білді. Өз ақындарын үкілеген Көкшетаудағы Көкен Шәкейұлы атындағы мектеп қазіргі таңда Қостанай облысының ақындар мектебімен, Алматы облысының ақындар сыныбымен, Петропавл қаласындағы Ерік Асқаров атындағы ақындар орталығымен тәжірибе алмасып, тығыз байланыс жасап келеді.
Тәуелсіз қазақ елінің әдебиеті мен мәдениетінің жас буын өкілдерінің елдік пен бірлікті, ұлттық құндылықтар мен адами асыл қасиеттерді жырлаған үндері анық естіле бастады. Біз соған қуанамыз! Қуана отырып, өз тілінде өз үнімен поэзия аспанына қанат қаққан жас дарындарға ел болып сәттілік тілейік!
Жабал ЕРҒАЛИЕВ,
жазушы-драматург, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Сенаторлар Кеңесінің мүшесі.
САМАТ ДУМАН
МЕН
Өрімтал өлең өрілді,
Еңсемді басты неге мұң?
Ақын боп келген өмірді,
Өлеңмен сүрсем деп едім.
Тәңірім, нұрға бөлеші,
Мейірге мұқтаж пақырмын.
Біреулер үшін өлеңші,
Біреулер үшін ақынмын.
Қазақы сөздің маржаны,
Қара өлеңіне мұрагер.
Эверест сынды арманы,
Қиялы жүйрік Құлагер.
Маңдайға Тәңір жазбаса,
Білінбес өрлік сөзімнен.
Жүректегі отым маздаса,
Жалынын байқа көзімнен!
Ақынмын тулап, тасып кеп,
Біреуге басын иетін.
Біреуге ғана ғашық боп,
Біреуді ғана сүйетін.
Балдан да, удан да бір жұтып,
Бірде шат, бірде мұң өмірі.
Сарғайған көктемін күтіп,
Жапырақтай жыртық көңілі.
Пенденің бірі ем пәрменсіз,
Кім мендік жанды түсінед?
Ақылдың күші дәрменсіз,
Ақынның сезім күшінен.
Жан қайтар, ал тән көмілген,
Өтеді өмір жалған боп.
Ақын боп сүрер өмірден,
Адам боп өтсем арман жоқ.
Жүгенсіз кезбе елеспін –
Ұйқассыз өмірім оңбаса.
Бәлкім, мен ақын емеспін,
Өлең жазғаным болмаса!
Самат Думан. 1999 жылы 29 сәуірде Ақмола облысы, Есіл ауданында дүниеге келген. Шоқан Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университетінің филология факультетінің 4-курс студенті. Облыстық, республикалық айтыс, жыр мүшәйраларының жүлдегері.
СЕКЕЛ ЖАНАРБЕК
ЕРІК АҒАМЕН СЫРЛАСУ
Жырыңды оқығанда осы халық,
Жатқандай қайың билеп, Есіл ағып.
Аяулы Қызылжарды кезіп келем,
Ағажан, сені тағы есіме алып.
Сезгенде Теріскейдің таңғы лебін,
Тербейді көңілімді мәңгі менің.
Ағажан, сенсіз аспан бұлыңғырлау,
Сыздайды неге сонша жан-жүрегім?!
Ініңнің толғанатын келді кезі,
Ескендей өлең болып желдің өзі.
Шіркін, ой жауһарыңмен сусындасам,
Болмаспын бұл жалғаннан енді мезі.
Қазақ деп жарқ еттің-ау жасын болып,
Мұраңды жүрмін, аға, асыл көріп.
Деп едің «жүз жасаған секілдімін»,
Әлі де сөйлеп тұрсың ғасыр болып.
Өмірдің алмағанмен жүлдесінде,
Сөйлеп ең ақиқаттың мінбесінде.
Тіріңде тағзым еттің өлеңменен,
Ал, қазір өр Мағжанмен біргесің бе?!
Дүниеде қалған жоқпын жаман атқа,
Қиянат жасамаспын аманатқа.
Бұл інің аман болса бірер жылда,
«Күмістен ер-тоқымын салады атқа».
Өзіңдей ақындардың мен құлыны,
Арналсын саған жырдың ең тұнығы.
Ағажан, сенсің бе деп ойлап қалам,
Құлаққа естілгенде жел күбірі.
Секел Жанарбек. 1999 жылы 21 маусымда Моңғолияның Баян Өлгей аймағында дүниеге келген. 2009 жылы Қазақстанға қоныс аударған. Ж.Мусин атындағы Көкшетау жоғары қазақ педагогикалық колледжінің филология бөлімінің 3 курс студенті. Облыстық, аймақтық жыр мүшәйраларының жүлдегері.
НӘДІРХАН ГҮЛЖАНАТ
КҮЗ
Күз ызғары сарқып бітті төзімді.
Ауыр мұңнан жеп барамын өзімді.
Жабырқайды мынау бақтар біз үшін,
Жеткізгендей менің мұңлы сөзімді.
Аңсаған да боларсың сен өткенді,
Айта көрме ол көктемге өкпеңді.
Күздің мынау тамшылары секілді,
Жанарыңның тамшыларын төкпе енді.
О табиғат, о махаббат қандай-ды?
Жаз жайнаған неге бақтар сарғайды?!
Бізді үнсіз күтіп тұрған сол бақтың,
Қабағына жиналыпты бар қайғы.
Жүректегі іздеріңді күз салды,
Жанарыңды іздеуменен көз талды.
Біз қоштасқан сол бір бақтың ішінде,
Мұңлы үнмен жабырқаулы сөз қалды.
Нәдірхан Гүлжанат. 2000 жылы Қызылорда облысы, Қазалы қаласында дүниеге келген. Ж.Мусин атындағы Көкшетау жоғары қазақ педагогикалық колледжінің филология бөлімінің 3 курс студенті. Облыстық, аймақтық жыр мүшәйраларының жүлдегері.
ҚАРАШАШ ҰҒЫЛАН
ӨЗ-ӨЗІҢЕ ЕСЕП БЕР
«Кәрі ішінде жалғыз жас – дана» деген сөз қалған,
Сусындасаң біліммен, талап сеңі қозғалған.
Ұлы Абайды Шәкәрім жас ұрпаққа үлге етсе,
«Мен жастарға сенемін» демеп пе еді өр Мағжан?!
Сері болар бүлдіршін атын ерте ерттеген,
Батыр болар жас өрен өмір сүрер сертпенен.
Қаршадайынан зерек боп, Шоқан өрге талпынып,
Он сегізге толмай-ақ Орта Азияны зерттеген.
Міржақыптай бұл күні неге бізде ұлан жоқ?
Жалын сөзі сақталған жүректерде тұмар боп.
Жиырма жасын елемей бас көтерді ұлт үшін,
«Оян, қазақ» деген елге жетті ұран боп.
Сұлтанмахмұт өлеңнің бағындырған асқарын,
Ұлттың бағын көкседі, ойламастан бас қамын.
Отызына жетпей-ақ жарық беріп Күн болды,
Қараңғылық басқанда қазағымның аспанын.
Бұл дүние біз үшін ойын, сауық-сайран ба?
Қиындыққа мойыма, көңіліңе қайғы алма!
Шүберекке жан түйіп елім деген Әлия,
Нақ он жеті жасында сұраныпты майданға.
Жасай білсе талпыныс, жастар өсіп үлгерер,
Шығармаса нәтиже, оң бағасын кім берер?!
Тіреу болып халыққа, біз қолдайық үлкенді,
«Жас ағашқа сүйеніп, қу ағаш та күн көрер».
Біреу мына өмірді шешілмейтін есеп дер,
Бәйгедегі тұлпарға қызығады есектер,
Жаңа заман ұрпағы, босқа өтті ме уақытың
Бұған дейін не істедің?
Өз-өзіңе есеп бер!
Қарашаш Ұғылан. Түркістан облысы, Ордабасы ауданы, Қызылжар ауылында дүниеге келген. Шоқан Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университеті филология және педагогика факультеті, қазақ тілі мен әдебиеті мамандығының 3 курс студенті. Облыстық мүшәйралардың жеңімпазы.
ЕРДЕН НҰРАХМЕТ
ЖАСТЫҚ ШАҒЫМ
Көкейімнен шарықтасын асқақ үн,
Қалай өтпек, кіммен өтпек жас шағым.
Сезім – ұлы, арман – асқақ, ой – дауыл,
Осы шақта өтер бір сәт қас қағым.
Рухым – бекем, ал, жігерім тым берік,
Керегем – кең, терезем – тең ірге нық.
Ерік бермей асау тағдыр еркіне,
Жастығымның жалыны оны тұр жеңіп.
Желік қуып, сауық құрып үлгеріп,
Әрбір күнім өзгешелеу түрленіп.
Жастық шақ ол – асау сезім, бір қызға,
Үнсіздікте кеткен сәтім гүл беріп.
Жастық шағым алаулаған оттай нақ,
Отырамыз көп уақытта жоқты ойлап.
Сонда-дағы жанып алып жігерді,
Жүрміз талай асауларды қақпайлап.
Жастық шағым зымыраған уақытым,
Жастық шағым жарқыраған жақұтым.
Жастық шағым кемел күннің қайнары,
Жастық шағым тәңір берген бақытым.
Баста мені жарқын жаққа аш құшақ,
Сөнбе мәңгі жалындаған отты шақ.
Қамал бұзар қайратым бар бойымда,
Солмашы тек, құлпыр әркез, жастық шақ!
Ерден Нұрахмет. Алматы облысы, Ақсу ауданы, Қарашілік ауылында дүниеге келген. Ш. Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университетінің 3-курс студенті. Облыстық мүшәйралар мен республикалық, халықаралық әдеби байқаулардың жүлдегері.
НҰРБЕК СЕРІК
«ӨЛЕҢ-СӨЗДІҢ ПАТШАСЫ…»
Абай атам үшін деп жыр өрілген,
Күй болып төгілгендей жүрегімнен.
Мыңмен жалғыз алысқан қайран баба,
Әділдікті іздеген бұл өмірден.
Ұлы Абай ұлт тағдырын жыр қылыпты,
Біздерге үйретеді құндылықты.
Әкесі өз жолымен тәрбиелеп,
Әжесі парасатты ұл қылыпты.
Ар жолында қалмайды елім бұғып,
Арасынан шықса да небір бүлік.
Еңбегің мен ақылға сенші деді,
Бойды билеп жігер пен сенімділік.
Жолына жарық шашып ұлы елінің,
Іске асуын көкседі тілегінің.
Біз Абаймен қазақты таниықшы,
Түбіне терең бойлап жүрегінің.
Өлеңін оқымаймын қалай ғана?
Оқысам күнім тұрар арайлана.
Барлық қазақ әрқашан мақтанатын,
Өлең сөздің патшасы – Абай баба.
Нұрбек Серік. 2005 жылы Ақмола облысы, Зеренді ауданы, Қазақстан ауылында дүниеге келген. Облыстық, республикалық оқушылар айтысының жүлдегері.
Мұхтар Әуезов: Әдебиеттің зор міндетінің бірі – елдің мінезін түзеу.
***
Қазақ әдебиетінің ішіне қазақ өмірін түгел суретімен алып кіру –әдебиеттің ендігі міндеті. Біз ескі әдебиетімізді сүйеміз, сүюіміз дәлелсіз емес. Құрметтейміз, құрметіміз орыныз емес. Себебі, әдебиетімізде өзге жұрттың әдебиетінде жоқ нәрселер табылып отыр.