Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Ұрпақтар сабақтастығы үзілмейді - АРҚА АЖАРЫ

Ұрпақтар сабақтастығы үзілмейді

«Ата көрген оқ жонар, шеше көрген тон пішер» қағидасы қазақ халқының санасына сіңген қасиет. Екі ғасыр тоғысында ғұмыр сүру бақытын тәңірі несіп етсе, осы қордаланған жолды шола кетсем деген ой да болуы заңды құбылыс. Өткен тоталитарлық жүйенің зұлматтары жайлы ата-әжелерімнің аузынан менің де естігенім бар еді. Соның бірі – біздің ескі альбомда жататын НКВД басшысының суреті әлі көз алдымда, аты-жөнін Асайынов Ерсайын деуші еді.

«Сол кісі сендердің жеті аталарыңды тексердім, жуас тұқым екенсіңдер» деп, ауылға ат басын бұрғанда, біздің үйге келіп түседі екен. Ата шежіресіне тоқтала кетсем, біз арғын руынанбыз, ал, әжем Қалиша құлан қыпшақ руынан. Арғы атамыз Арғын 1262 жылдары Хорасанда хан болса керек. Одан бергі аталарымыз Қодан-Дайырқожа (лақап аты Ақжолби – қара қыпшақ Қобыландының қолынан қаза тапқан)-Қарақожа-Мейрам сопы-Сүйіндік (бес момынның біреуі: Қуандық, Сүйіндік, Бегендік, Шегендік, Болатқожа)-Мәжік-Алдияр-Ақбай,Тоқбай (Тоқбай ұрпақтары XIX ғасырдың екінші жартысында Қаратауда қалса керек)-Ақбалық-Қарамерген-Тілеміс-Жоламан (соңғысының інісі Биқара-Тұрым-Жақсылық-Биғабыл (кейінгісінің балалары Базарбек пен Жақыпбек – соңғысының балалары Сүйіндік, Сыздық, Серік, Берік), Жанғабыл (баласы Назарбек, одан Кәртай мен Елтай туады)-Жайықбай-Бименбай (соңғысының інілері Иманбай, Есілбай)-Бекмахан (лақап аты Бекіш, соңғысынан біз фамилиямызды аламыз), аға-інілері Баймахан, Тайшық, Ахмет, Бекіштен кейін Омар, Сүлеймен (соңғысының балалары Оспан (Оспан балалары Өркен, Әркен), Жұмабала, Зина, Асайын, Мұсайын, Құттыбала), Біләл, Әләл, Омар. Кейінгісінен мен Қуандық, балаларым Азамат (балалары Сұлтан, Темірлан, Абдусамат, Жәсмин), Қанат (ұлы Біләл) деп жалғасады.
Зұлмат жылдары атам Бекіштің жоғарыда атын атаған Асайыновқа сөзі өтсе керек, біраз таныстарын ату жазасынан да алып қалған екен. Бірде баласы Біләл екеуі (аудандық партия комитетінің нұсқаушысы, кейін хатшысы, ал, соғыс алдында «Кеңес» колхозының басқармасы қызметін атқарған) келе жатып, Асайыновпен кездесіп қалады да, Біләл машинадан түсіп жаңағы кісімен сөйлесіп тұрғанда, атам терезеден оның машинасында клеткада отырған таныс кісіні көріп қалып, қасына барса, жаңағы адам жалынып құтқаруын өтінеді (оны «халық жауы» деп ұстаса керек). Артынша Асайыновқа оны босатуын сұрайды. Сол кезде әлгі адам пистолетін суырып, кезеніп тұрып, «мен сені де атамын, Бекіш, сен байсың» дегенде, атам ішіңді бәлен қылайын деп сыбап жіберсе керек. Баласы Біләл не дерін білмей, қалшиып тұрып қалғанда, жаңағы Асайынов «аға, ойнаймын, ат-шапан айыбың менен» деп, тұтқынды босатып, атамды үйіне алып барып, ат-шапан айыбын беріп, қонақ-кәде мен сый көрсетіп, өзі үйге әкеліп тастапты. Әрине, сол кездегі салт-дәстүріміздің мықты болғаны соншалық, қамшысынан қан тамып тұрған зұлмат дәуірде де оны аттап өту қиынға соқса керек.
Елбасымыздың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасы да соған меңзеп тұрғандай. Қазіргі таңда сол дәстүрлерімізден де айырылып қалдық қой. Жоғарыда атаған ағам Оспан Қорғалжында аудандық мәдениет бөлімін басқарып жүргенде, атам себепші болып, жазадан құтылған ақсақал кездесіп, рахметін айтса керек. Атам өз кезінде орта деңгейдегі шаруа қатарына жата тұрып, өз жылқыларын Оразақ (бұрынғы «Красный флаг») колхозына аталас інісі Назаров Әкімжан басқарма болып тұрғанда тапсырса керек. Санын 700 деп көрсеткен. Себебі, солтүстік көшпенділер мекендеген аймақтарда мың, ал отырықшыл диқандар өңірінде 450 бас ірі қарасы барлар кәмпескеге жатқызылғаны айқын. Нәтижесінде сол жылқылар Ұлы Отан соғысы жылдары сатылып, майданға колхоз атынан танк колоннасы жасақталып берілген екен. Әрине, жоғарыда есімі аталған Назаров Әкімжан ағамыз Социалистік Еңбек Ері атағын көзі тірісінде алды, мен ол кісімен талай дәмдес болдым. Немересімен де архивте кездестім.
Ал, Ұлы Отан соғысына менің де әке-ағаларым қатысты, соның бірі жоғарыда атаған ағам, Ақмоланың құрметті азаматтарының бірі Біләл Бекішұлы броні бола тұра, өз еркімен соғысқа сұранып, Сталинград қырғынында ерлікпен қаза тапты. Соғыс алдында ол кісі «Кеңес» колхозын басқарды дедім ғой. Міне, сол жерге өз кезінде Көкшетау өңіріне танымал, менің жездем Баймағанбетов Нұртай мен апайым Сақыш Мырзахметқызы да мұғалімдік қызметке жіберіліп, жұмыс істеген болатын. Соғысқа аттанар алдында Біләл үйге келіпті. Атам мен әжем бір жерге кетсе керек. Содан көрші-қолаңды қаз сойғызып шақырып, батасын алып аттанған да, Ақмолаға жеткесін мінген атын таныс біреуден беріп жіберген екен. Ал, вокзалдағы перронда Шәмшен деген ағайды кездестіріп, «сіз менің ағам Сүлейменге қамқор болыңыз, Сүлекем орысша білмеуші еді» деп тапсырғанын Шәмшен ағай маған өз аузынан жеткізді. «Қырық жыл қырғын болса да, ажалы жеткен өледі»,–деген нақыл сөз өз дәлелін тапқандай, Сүлекем соғыстан аман оралып, 96 жасқа дейін өмір сүріп, ұрпақ қалдырды. Міне, аталы сөздің жаны бар деген осы емес пе?!
Ата-бабаларымыздың жүрген жолы мені ғана емес, болашақ ұрпақтарымызды да қызықтыратыны айқын. Атам Бекмағанбет (лақап аты Бекіш) пен ағайындары XIX ғасырдың екінші жартысында Қаратаудан жылқыларын айдап, осы солтүстік өңірге қоныс аударып, жайылымдық жерді Жапақ ауылының жанындағы «Жолымбет» иелігінен алған екен (бұрынғы Целиноград ауданы). Жоғарыда айтқандай, Ақбай ұрпақтары Қаратаудан қоныс аударғанда Тоқбай ұрпақтары сол жерде қалған екен. Ал, XX ғасырдың 20 жылдарында ағайындарымыз Биғабыл балалары Базарбек пен Жақыпбек және Жанғабыл балалары Назарбек пен басқалары түйеге мініп, Қаратаудан атамды жағалап бізге келсе керек. Ол кезде аталарым «Қосқопа» ауыл кеңесі атанған (қазіргі «Жаңажол» ауылы) елді мекенінде өмір сүріп жатқан болатын. Алжирден 4 шақырым ғана жер, арасын Қопа көлі бөліп тұр. Осы жерде Карлагтың 26 нүктесі болған және «халық жауы» айдары тағылып, сотталған зиялылардың әйелдері отырған және мал баздарының төбесін жабу үшін осы Жалаңаштың қамысын шауып, ши тоқыған. Бұдан біз қазақтың тағы да бір салт-дәстүрінің үстемдік құрғанын байқаймыз. Қазақ жетімін жылатпаған, қарғаға көзін шұқытпаған, «жетім көрсең жебей жүр» дәстүрін берік ұстанған халық екенін іс жүзінде дәлелдеген. Бұны біз сол кезде әкесінен жастай айырылған Сапарбек Алпысбековтің, Биғабылов Базарбек пен Жақыпбектің, тағы басқаларының өмірі арқылы айғақтай аламыз. Сол кезде небары 6-7 жас аралығындағы балалар екен. Кейін ер жеткесін Бекіштің жеті баласы аталып, белді қызметтерді атқарған. Соның ішінде, әкелері көзі тірісінде «атамның баласы» аталғандар да бар. Олар қыпшақ Мәукен Бәйменов, қырғыз Жақан Әбдікәрімов, арғын Байжұман Жақсыбаев, Елемес Сағынаев, әкелері жоқ Базарбек пен Жақыпбек Биғабыловтар және Біләл ағам. Бәрі де өз кезінің танымал азаматтары болып, елге аянбай қызмет жасады.
Дегенмен, зұлмат соғыс көптеген азаматтардың арман-тілектерінің жүзеге асуын үзіп тастады. Соның бірі – менің Біләл ағамнан ұрпақ қалмауы. Әйелі Мүслима жеңгей бала көтермей, бертін қайтыс болды және кейінгі күйеуі Серік ағайдан да сәби сүйе алмады. Мен өз немереме сол ағам Біләлдің атын бердім. Қазір Қонаев атындағы академияның колледжін тәмамдап, университетінің 2 курсында оқиды, әскери кафедраны да қатар алып жүр. Болашақта заң қызметкері болмақ. Үлкен немерем Сұлтан да Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университетінің заң факультетін қызыл дипломмен тәмамдап, Ақмола облыстық әкімдігінің ішкі саясат басқармасында қызмет атқарып жүр. Осыдан біз тек ұрпақ сабақтастығының жалғасын ғана емес, рухани жаңғырудың да белгілерін байқаймыз.
Әрине, ол Елбасымыз Н.Ә.Назарбаевтың, Президентіміз Қ.К.Тоқаевтың, ел ағаларының салиқалы саясатының жемісі деп білемін. Бұдан біз, мейлі сталиндік тоталитаризм болсын, мейлі гитлерлік фашизм мен национал-социализм болсын, өткен зұлматтарды болдырмауға ат салысу керектігін байқаймыз. Ата-бабаларымыздың «қой үстіне бозторғай жұмыртқалайтын заман туады» деген арман-тілектерін жүзеге асыруға бар күшімізді салайық. Ал, ол өткенді қазіргі шынайылықпен сабақтастырғанда ғана мүмкін болмақ. Оның тетігі инновацияға бейім, белсенді де білімді және өз елінің патриоты бола алатын зайырлы жастардың тобына үміт арту деп есептеймін. «Асыл тастан, ақыл жастан» деп дана халқымыз тегін айтпаған. Абай атамыздың «талап, еңбек, терең-ой, қанағат, рақым біліп қой, бес нәрсеге асық бол, бес нәрседен қашық бол» деген нақыл сөздерін ұмытпайық, тәуелсіздігімізді баянды етейік. «Бірлік бар жерде тірлік бар» деп дана бабаларымыз тегін айтпаған шығар, осы принциптерді ұмытпай есте ұстайық, ағайын.
Қуандық БЕКІШЕВ,
Абай Мырзахметов атындағы
Көкшетау университетінің аға оқытушысы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар